Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында ITF World Tennis Tour BeeTV 40 Women's сериясы турнирінің жұптық разрядта ойыны аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Финалда жарыстың кіл мықты бірінші және екінші дуэті бас қосты. Қазақстандық Анна Данилина мен Ирина Шиманович (Беларусь) үш сетте тамаша матч көрсете алды. Олар Оңтүстік Кореядан келген На Лэ Хан/Су Джон Чанды 6:4, 6:7 (8:10), 10:7 жеңді.
«Драма элементтерімен қиюласқан қиын матч болды. Бірақ егер финалда драма шым-шытырық болмағанда, оны көру қызықты болмас еді. Мен бұған дейін осы жұпқа қарсы ойнаған едім, онда да финалда шешуші тай-брейкте жеңіске жеткенбіз. Мен олардың жақсы деңгейде ойнайтынын және қиын матч болатынын білдім, соңына дейін күресу керек екенін ұғындым. Әрине, мен сабырлы түрде жеңгім келді, супер тай-брейкке жеткізгім келмеді. Сондықтан соңғы нәтиже біздің пайдамызға шешілгеніне өте қуаныштымын. Үйде ойнау әрқашан жағымды, әсіресе Астанада екінші рет жеңіске жеткенім тіпті керемет», деді А. Данилина.