Биыл Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдық тойы қазақ жерінде дүркіреп өтпек. Халық тағдыры таразыға түскен қиын-қыстау жылдарда уәжді сөзімен, ерлікті дәріптеген отты жырларымен елді ұйытып, халқымызды топтасуға, атамекенімізді жатжерлік басқыншылардан қорғауға үндеген тарихи тұлғаны ұлықтау ісі Керекуде басталып кетті.
Аймақтардағы музейлердің миссиясы азаматтарды тәрбиелеу мен ағартудың кең қоғамдық ортасын құру және дамыту екені анық. Бұл бағытта Ертіс-Баян өңірінің әдебиеті мен өнерінің ұлы қайраткерлері – атақты «Көмекей әулие» Бұқар жырау Қалқаманұлы, көрнекті ойшыл, әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеев, белгілі ағартушы Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы, суырып салма ақын Иманжүсіп Құтпанұлы, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, композитор, әнші Естай Беркімбаев, ақиық ақын Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылық мұралары зор маңызға ие. Музейлерде бұл тұлғалардың шығармашылығы бойынша елеулі материалдар жинақталған.
Павлодарда өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер, сондай-ақ Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейлерінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті.
Тарихи тұлғалар мен Алаш арыстарының өлшеусіз еңбегін ардақтап, ұлықтауға арналған жиында елімізге белгілі әдебиеттанушылар, ғалымдар, өлкетанушылар мен мәдениеттанушылар, музей, архив және кітапхана ісінің мамандары бас қосты.
– Ертіс-Баян өңірі – тарихқа да, мәдениетке де бай өлке. Шежірелі жерімізде қазақ руханиятының кемелденуіне кең жол ашып, рухани көсем атанған, халықтың тағдырында елеулі орны бар, ағартушылық, қайраткерлік күрестерінің нәтижесінде, Қазақ елін жаңа белеске көтерген, есімдері тарих қойнауында алтын әріптермен жазылып қалған тұғыры биік тұлғаларымыздың есім-сойлары жаңа заманмен үндесіп жаңғырып жатқаны бүгінгі ұрпақтың бақыты деп танимыз. Бұл жиын әйгілі жерлестеріміздің биылғы мерейтойларына арналған мәдени іс-шараларымыздың басы деп ұғыңыздар, – деп атап өтті өңірлік мәдениет басқармасының басшысы Медет Тауасқан.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Бұқар жырау толғауларының танымдық-эстетикалық мәні, сұлулық әлемі жайында баяндады.
– Бұқар жырау дүниеден өткенде Үмбетей жырау басында жоқтау айтады. Бұл туралы Саққұлақ бидің баласы Ералының қолжазбасында сақталған. Ералы би 1846-1932 жылдар аралығында өмір сүрген. Кезінде ер Бөгенбайдың батырлығын жырлауда Бұқарекең өз жыр-өлеңін аяған жоқ. Бөгенбайдан Тұраналы, Тұраналыдан Бапан тарайды. Ал Бапаннан Саққұлақ туады. Бапан би бала кезінде қаз дауысты Қазыбек биге сыбаға апарады. Би сонда 97 жаста екен. Мұны айтып отырғаным Бапан сол заманда көптеген ұлының көзін көрген. Ұрпағына содан сөз жетті.
Үмбетей жыраудың:
«Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,
Шештің талай түйінді болжауменен», – дейтін толғауы бар ғой. Тоғыз хан дегені – Тәуке хан. Тарихта Тәуке хан 1635-1718 жылдары өмір сүрді делінеді. Ол хандардың ішіндегі ең ақылдысы, ең әулиесі, ең көсемі, даңқты қолбасшы болған. Баһадүр деген мәртебелі атаққа ие болған. Заманында Ресей елінің патшасы Петр І Тәуке ханмен хат жазысып тұрған. Бұқар жырау да, Қазыбек би де хан дүниеден өткенше қасында жүрген», дейді ғалым.
Қазақтың жыраулық дәстүрі көбіне Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап тарқатылатыны мәлім. Бұған себеп Бұқар жыраудың қазақ мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатына етене араласуы. Әйтпесе оның алдында атағы асқан Шалкиіз жырау, Қазтуған жырау, Доспамбет жыраулар өмір сүрді. Бұқар жыраудың халық арасында «Көмекей әулие» атануы қазақтың басына төніп келе жатқан нәубетті бірнеше ғасыр бұрын болжап айтуынан туындады. Бүгінгі аласапыран заманда Қазақ елі бетпе-бет келіп отырған қиындықтар мен кесапатты әйгілі жырларыңда тұспалдап, кейде тура келтірді.
– Затсыз, тексіз бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір,
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды.
Есен алар пұлыңмен,
Солдат алар ұлыңнан,
– деп жырлайды.
Серік Негимовтың айтуынша, Бұқардың жырлары жазылған парақтарды қазақ балалары бешпетінің астарына тіктіріп, тұмар қылып сақтаған. Бір қызығы, Бұқар жыраудың сарыны ақын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінде үндеседі. Мәселен, «Орал» дейтін өлеңінде:
Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы,Бір жағы – күн, бір жағы – түн баласы.
Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,
Бергі жағы – Түріктің cap даласы,
– делінеді. «Көзі көк» деген тіркес жыраудың өлеңдерінде де жүр. Осыны жап-жас Мағжан іліп әкеткен. Бұқар сөзінің ұшқырлығы, халықтың жүрегінен жол тапқыштығын осыдан-ақ аңғаруға болар.
Биыл сондай-ақ ХХ ғасырдың басында өмір сүрген суырып салма ақын, сал-сері, жауырыны жер иіскемеген балуан, ақ патшаның, кейін кеңес өкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы күрескен дала көкжалы Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына 160 жыл. Иманжүсіптің есімін Арқа даласы айрықша қастерлейді. Дала батырының ұлағаты жайында Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, филология ғылымдарының докторы Раушан Иманжүсіп қатпарлы тарихтан сыр тарқатты. «Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да, бәрібір бола алмайды Иманжүсіп» деп арқаланатын ақын Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлап, күрескен тұлға. Оның әндері Арқа даласы мен Жетісуда кең тараған. Атақты «Сарымойын», «Бұғылы мен Тағылы», «Ішім өлген дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Ерейментау», «Сарыбел» әндері әншінің азаматтығын танытады. Оның бірнеше әні кезінде А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енген.
Әнші әрі композитор Естай Беркімбаевтың шығармашылығы жайында ой толғаған Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбай: «Қазақтың соңғы әуені, айнымас әуені – Естай. «Құсни-Қорландағы» «Іздесең Қорлан табылмас» деген шарықтау шегі арқылы бір ғана қазақтың аруына деген ақынның сүйіспеншілік сезімі бүгінде махаббат символына айналды. Бұл ән – біздің баға жетпес қазынамыз» деп бағалады.
Бұдан басқа, конференцияда филология ғылымдарының докторлары Айтмұхамбет Тұрышев пен Айжан Картаева, Сейфитдин Сүтжанов, филология ғылымдарының кандидаты Амантай Тойшыбайұлы Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғабдул-Уахит Тіленшіұлы, Мұзафар Әлімбаевтың парасатты өмірлері мен шығармашылықтарына қатысты өз зерттеулерімен бөлісті.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері, ғалым Әділбек Әміренов соңғы жылдар дерегінде мекеме басшысы Ербол Қайыровтың басшылығымен өңірде Алаш ардақтыларына қатысты құнды жәдігерлер табылғанын әңгімелей келіп, олардың әрқайсысы қазақ қазынасына қосылған рухани олжа екенін айтты. Былтырдан бері аймақтың Ресеймен шекаралас ауылдарына дүркін-дүркін экспедиция жасаған музей ұжымы Абай Құнанбайұлының 1909 жылы тұңғыш шыққан жинағын, Ахмет Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысал» кітаптарын, Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» еңбегін, «Темірқазық», «Жас қазақ» журналдарының нөмірлерін іздеп тапты. Бұл жәдігерлер алдағы уақытта толыға түспек.
ПАВЛОДАР