Мемлекеттік тұрғыдағы іргелі зерттеулердің біршама бөлігі Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталықтарында жүргізілетіні белгілі. Оның үстіне Үкіметтің қаулысымен университетке былтыр зерттеу университеті мәртебесі берілді. Мұның бәрі жетекші жоғары оқу орнына үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Бұл ретте университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығының атқарып отырған жұмысы ауқымды. Біз аталған орталықтың директоры Жанар ЖЕҢІСҚЫЗЫМЕН әңгімелескен едік.
елімізде өсетін осындай микробқа, қабынуға, тұмау вирусына қарсы, өкпені қуаттайтын, иммунитетті нығайтатын дәрілік және азықтық өсімдіктерден коронавирустың алдын алу және емдеуге қолданылатын табиғи белсенді қоспа жасау туралы ғылыми жоба дайындадық
– Жанар Жеңісқызы, қазір орталықта ен даламыздың ерен байлығы болған қандай дәрілік шөптер зерттеліп жатыр?
– Біздің бағыт – елімізде өсетін дәрілік және азықтық өсімдіктерді зерттеу. Орталық ғалымдары бұл жұмыстармен 20 жылдан бері айналысып келеді. Зерттеулер нәтижесінде тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін биологиялық белсенді қоспалар және қандағы қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті нығайтатын фито-шайлар әзірленді. Қазіргі уақытта осы өнімдер орталықтың шағын өндірісінде өндіріліп жатыр.
Қазір орталықта жусанды зерттеп жатырмыз. Осы зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми мақалалар да жарияладық. Елімізде жусанның 81-ден астам түрі өседі. Оның 19 түрі – эндемик. Бір өсімдіктің өзін толық зерттеу үшін кем дегенде 2-3 жыл уақыт қажет. Қазіргі таңда орталықтың ғылыми қызметкерлері зерттеп жатқан өсімдіктер – Алматы облысы мен Шығыс Қазақстанның төңірегіндегі жусан түрлері.
Біз зерттейтін өсімдіктердің ішінде жемістер де бар. Алматы алманың отаны болғандықтан, бес-алты түрін, мысалы, «Голден делишес», «Қызыл крепсон», «Апорт», «Американка», одан бөлек өзбек алмасының бір түрін зерттедік. Талғар мен Қаскелең аймағындағы алма бақтарының әрқайсысынан алып, бір-бірімен салыстырдық. Олардың құрамындағы биологиялық белсенді қосылыстарды зерттеп, қатерлі ісікке қарсы белсенділігі бар екенін анықтадық. Зерттеулер әрі қарай жалғасын табуы керек.
– Шипалы өсімдіктердің емдік қасиетін сақтау үшін оны жинаудың мезгілі, маусымы, шарттары бар емес пе? Дәрілік өсімдіктерді қай өңірлерден, қалай жинап аласыздар?
– Дәрілік өсімдіктерді жинау оның бөліктеріндегі бізге қажет биологиялық белсенді қосылыстардың мөлшері ең жоғары кезеңде жиналады. Мысалы, кейбір өсімдіктер ерте көктемде, ал кейбірі жаз айларында, енді бір емдік өсімдіктердің тамыры мен жемістері күз айларында жиналады. Дәрілік өсімдіктер бойынша экспедиция жасалатын өңірлер – Түркістан облысы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы.
– Өсімдіктер зертханаға түскен соң зерттеу үдерісі қалай жалғасады?
– Біз ең алдымен дәрілік өсімдіктердің жалпы сығындысын алып, кейін әртүрлі еріткіштермен бөлу арқылы полярлы, полярсыз қосылыстарын толық зерттеп және биологиялық белсенділіктерін анықтаймыз. Әртүрлі дәрілік өсімдіктердің бөліктері (жапырағы, сабағы, гүлдері, тамыры мен жемістері) косметикалық өнімдер, тамақ және фармацевтика өндірісі, биологиялық белсенді қоспалар дайындауда кеңінен пайдаланылады. Зерттеу барысында біздің орталықтың мамандары осындай әртүрлі бағытты толығымен қарастырады.
Университетте өсімдіктерді зерттеуге бакалавр, магистр және докторанттар атсалысады. Орталықта жусанды фундаменталды зерттеу бойынша қамтитын ғылыми жобалар бар. Одан бөлек, тері ауруларына ем болатын дәрілік өсімдіктер бағытында зерттеу жасап жатырмыз. Осы жоба аясында Аустралияның Гриффис университетімен бірге жұмыс істейміз. Өйткені өзімізде өсімдіктің тері ауруларына байланысты белсенділігін анықтау мүмкіндігі жоқ, шетелде ғана анықталады.
– Сіздің жетекшілігіңізбен елімізде өсетін дәрілік өсімдіктерден алғаш рет табиғи тұнба әзірленгенін естідік. Бұл жоба қалай жүзеге асты?
– Бұрын зерттеу үшін өсімдіктерді жинап, кептіріп, ұсақтап, 10-20 килодан шетелге алып кететінбіз. Өйткені өсімдік экстрактін алуға мүмкіндік болмады. Ал қазір гранттар мен университет қолдауының нәтижесінде роторлы буландырғыш және шөптерден экстракт алатын арнаулы ыдыстар бар. Сонымен бірге зертханамызда әртүрлі хромотографиялық әдістер арқылы өсімдіктегі биологиялық белсенді қосылыстарды оқшаулаймыз.
Орталықта өсімдіктерді өңдеп, оның құрамын анықтау жұмыстары үнемі жалғасады. Мысалы, жоғары эффективті сұйықтық хромотографиясы (HPLC) арқылы биологиялық белсенді қосылыстарды сараптау және препаративті бөлуге болады. Біздегі осындай екі құрылғының бірі Оңтүстік Кореяда, бірі Жапонияда жасалған.
Біз әзірлеген табиғи тұнба бойынша жоба дайындалып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылып, жоба қабылданды. Жоба аясында әзірленген тұнба зерттеліп жатыр.
– Коронавирусқа қарсы тұнба қалай әзірленді?
– 2003 жылдан бастап SARS-CoV деген вирус Қытайда Гонконгте тарағаны белгілі. Содан бері әлемдік ғалымдар емдік өсімдіктердің коронавирусқа қарсы қасиеттерін зерттей бастады. Нәтижесінде, көптеген дәрілік өсімдіктің вирусқа қарсы қасиеті бар екені, әсер ету механизмдері әртүрлі болатыны анықталған. Елімізде өсетін осындай микробқа, қабынуға, тұмау вирусына қарсы, өкпені қуаттайтын, иммунитетті нығайтатын дәрілік және азықтық өсімдіктерден коронавирустың алдын алу және емдеуге қолданылатын табиғи белсенді қоспа жасау туралы ғылыми жоба дайындадық. Сол жобамыз 2020 жылы Ғылым қоры жариялаған «Стоп Коронавирус» байқауында финалға шықты.
– Осы тұнбаның құрамы мен қасиетіне тоқталсаңыз...
«Бірінші дайындаған рецепте тек азықтық өсімдіктерді қолдандық. Сондықтан улылығына да алаңдамаймын. Барлығының дәлелденген ғылыми негізі бар, дозасы стандартты. Балалар қабылдаса да болады. Кейін жөтел мен демікпеге деп арнайы сұраныс арта бастаған соң, екінші рецепті дайындадық. Мұнда дәрілік өсімдіктер де қолданылды. Өкпені қуаттайтын, қақырық түсіретін, қанды сұйылтатын, қандағы майларды азайтатын, қан айналымын жақсартатын, күш-қуат беріп, ұйқыны теңшейтін қасиеті бар өсімдіктерді қостық. Осы қоспаның улылығы Nazarbayev University ғалымдарымен бірге зерттеліп, нәтижесінде, тұнбаның стандартты дозада улылық көрсетпейтіндігі дәлелденді. Сонымен қатар Nazarbayev University-де жүргізілген сынақ нәтижесі бұл дәрілік тұнба бауыр жасушаларының жаңаруына әсер ететінін көрсетті. Тұнбаның қосымша оң қасиетіне тоқталсақ, көктем-жаз мезгілдерінде болатын маусымдық аллергиясы бар адамдарға көмектесіп, ауру белгілерін айқын түрде жеңілдетеді.
Дәрілік қоспаның құрамында жалбыз, қызылмия өсімдіктері, қалампыр және түймедақ шөптері мен пайдалы өсімдіктер бар. Бұл дәріні ауру деңгейіне қарай қолданады. Жастар немесе иммунитеті жоғары жандарға қысқа уақытта (3-5 күн) жақсы көмектеседі, ал жасы үлкен немесе созылмалы ауруы бар адам біршама уақыт (5-10 күн) қабылдауы қажет.
– Қай кезде де дүниеге ғылыми жаңалық әкелу оңай болмаған. Алайда ескіні ығыстырып, жаңасын қолданысқа енгізу одан да қиын. Жобаны коммерцияландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жуырда университет жанындағы орталық базада өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс ашылды. Сонымен қатар осы табиғи қоспаның ковидке белсенділігін терең зерттеу мақсатында Миссисипи университетіне арнайы бардым. Нәтижесінде, Қазақ ұлттық университеті базасында дайындалған биологиялық өніміміз АҚШ университетінің заманауи зертханаларында жан-жақты талданып, өзге сырқаттарға да емдік әсері бары анықталады. Сонымен бірге біз дайындаған табиғи тұнбаларды нарыққа шығару үшін биыл QazInnovations және Ғылым қоры жариялайтын коммерцияландыру конкурсына қатысуды жоспарлап отырмыз.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ