• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2010

РЗАБЕК КЕЛІП, РИЗА ЕТТІ

819 рет
көрсетілді

ЖЫЛЫОЙЛЫҚТАР ОСЫЛАЙ ДЕЙДІ Әдетте басшы адамдар туралы сөз бол­ғанда, кей адамдар наразылығын білдіріп қалушы еді. “Е-е, ол не бітіріпті сонша?” дегендей. Көп көңілінен шығу қиынның қиыны ғой. Бірақ Рзабек Артығалиев тура­лы ондай кері әсерлі сөзді естімедік. Қарапайым адамның пікіріне сүйенсек, қателеспеспіз сірә. Жазу-сызуда тәжірибесі молырақ әріптесімнің өзі: “Рзабек Артыға­лиев жақсы адам, адамгершілігі мол”, – деп қалды. Әлдебір әкімшілік жиналы­сын­да ауданымыздағы белді кәсіпкер де: “Артығалиев кезінде осы мәселені ың-шыңсыз шешті ғой”, – дегені де есімде. Иә, жеке қасиеті болсын, іскерлігі болсын, қай жағынан да жақсы пікір қалыптас­тырған азаматтар бар ғой. “Бастауы бар бұлақ ұзақ ағады” деген­дей, Рзабек Дәуітұлы текті жердің ұлы. Данагөй ақсақалымыз Жанаш Нұрмахан әкесі Дәуіт Ыбырайұлына: “Сен өміріміз­дің ұлы да бұралаң жолында ел бірлігін, тұтастығын сақтауға бар жанымен күрескен асыл жандардың ұрпағысың. “Бір сөзі – қойлық атанған Тұманшы бидің шөпше­гісің, екі рулы елді тең ұстап татуластырған Бимырза бидің шөбересісің, ел ақсақалы Артығалының немересісің. Оның бер жағында он жеті жасында билік айтқан Шүйіншәлінің ізбасарысың, әділетсіздіктің құрбаны болған Ыбырай ағаның ұлысың...”, – десе, Рзабек сол асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы. Кешегі соғыс ардагері, қоғам қайраткері, ел азаматы болған Дәуіт ақсақалдың баласы. Дәуіт Ыбырайұлы – партия мектебін тәмамдап, оған қоса КазПИ-дің тарих факультетін бітірген көшелі кісі. Аудандық газеттің редакторы боп еңбек етті. Партия, кеңес жұмыстарында басшылық қызмет­тер­ді атқарды. Соғыс жылдарында Украи­наның Черкасск деген жерінде майдан даласында Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Сол қатыгез қантөгісте өкпесінен тиген оқ арқасынан бір-ақ шыққан. Тағы бірде қарына оқ ұшқыны тиіп, күл-талқан болған. Құдайдың құдіретімен осындай екі ауыр жарақаттан соң дін аман қалып, елге оралды. Ол кісі балаларына мал-мүлік, мол байлық қалдырмаса да, таразы табағына дүниенің байлығын тартса да, салмағы батпандай болар ұлағатты үлгі-өнегесін мұра етіп қалдырды. Ылғи да балаларына: “Сөздеріңе ешқашан өтірік араластырмаң­дар. Бір ауыз өтірік сөз ертең абыройла­рыңды айрандай төгуі әбден мүмкін... Адалдықтың ақ жібін аттамаңдар, бала­ларым”, – дейтін. “Еңбек етсең емерсің”, “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның ті­ленбей” деген мақал-мәтелдермен сөздерін өрнектеп отыратын. “Қанағат қарын тойғызады” деген сөз оның ұраны болса, үнемі “Қызмет, байлық – қолдың кірі, ал халқымыз, сіз мен біз – нағыз байлық” , – деуші еді. Бүгінде Дәуіт Артығалиев есімімен Құлсарының бір көшесі аталады. Рзабек Артығалиевтің туып-өскен үйі де осы көшеде. Балалық шағы да осы жерде өтті. Міне, сол көшемен келе жатырмын. Үйдің нөмірін білгеніммен, дәл қай үй екенін білмеймін. Зәу де болса, зәулім үй болар. Есімі елге белгілі адамдардың үйі солайша елестеді. Бірақ қателесіппін, алдымыздан мен ойлағандай қос қабатты сарай емес, бір қабатты, сырты әктелген, бұрынырақ салынған қарапайым үй шықты. Артыға­лиевтердің қарашаңырағы. Міне, осы үй Дәуіт ақсақал мен Ақзер ананың жарасым­ды жұбайлық өміріне куә. Олардан өрбіген жеті ұл-қыздың шыр етіп дүние есігін ашқанын, ержетіп-бойжеткенін, алғашқы еңбектерінің жемісін теріп жеген сәттерін, шаңырақ көтеріп, сәбилі болған шат күндерін жадында жаттап тұрған киелі отау. Балалар кейін әрқайсысы өз алдына отау құрып, жан-жаққа кетті. Бәрі де білімді, абыройлы қызмет етуде. Үйге кіріп келем. Алдын ала телефон шалғанымызда Ақзер апай Астанадан, сол біз айтып отырған Рзабектің үйінен келіп жатқанын білген едім. Төр жақта Ақзер апай намаз оқып отыр екен. Сәлден соң амандасып, танысып-білістік. “Көптен намаз оқисыз ба?” – деп сұрадым. Ол кісі: “Отағасы өмірден өткен күннен бастап сәждеге бас қойдым”, – деді. Апайдың өзі де, сөзі де салмақты екені байқалды. Сөй­ле­ген сөзі жүйелі.  “Астанаға барып келіпсіз”, – дейміз ғой сөз сыралғысы ретінде. “Әй, мен қай жер жақсы болса, сол жерде көп жүріп қалатын әдетім бар, – деп әзілдеп алып, – иә, осы Рзабек балам шалғайлау тұрғасын, сосын өзі де жұмысбасты кісі, бір себімді тигізейін деп көбіне сонда болам”, – деді. Отанасы қажылыққа да барып, тәу етіп келген екен. Бұл кісі әуелі сол кездегі аудан орта­лығы Қосшағылдағы М.Лермонтов атын­дағы мектепте жұмыс жасады. Кейін аудан орталығының Құлсарыға көшуіне байланысты А.Макаренко мектебіне келіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы. “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегері. Кісі­ліктің де, кішіліктің де үлгісін көрсете біл­ген ақ жүректі ұстаз-ана елу жылға жуық жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берді. Азаматын ардақтап, ұрпағына ұлағат боларлық кітап та жазды. Онысы сөрелерде мұқият сақтаулы. Кез келген жолшыбай адамға бермейді. Қадірін түсінбес дейтін болар. Мен тілшімін деген соң берді сол кітаптың бірін. Оқыдым, ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы, үлкен мен кіші арасындағы қимас сезім, жарқын жарастықты танып, бұл кісілерге деген құрметім іштей арта түсті. Осындай ата-анадан тәлім алған Рзабек те өзі тұрғылас балалардай Жылыойдың топырағында ержетті. А.Макаренко атын­дағы мектепте орта білім алды. Жасынан зе­рек болған ол мектеп қабырғасында Мәс­кеуге, Жеңіс туының астында суретке түсуге шақырылды. Анасы айтпақшы, олар барымен, баһадар халімен балаларын оқытып-тоқытуға көңіл бөлген. Рзабек те өз бауырлары тәрізді жоғары білім алды. Алматы энергетика институтын тәмамдады. Кеңес Армиясы қатарында әскери боры­шын өтеді. Еңбекке араласып, шыңдала түсті. Алғашқы еңбек жолын электр монтер­ліктен бастады. Майкөмген, Теңіз, Құлса­рыдағы подстанцияларды іске қосуға атсалысты. Осы жерде, яғни Ембі электр жүйелері кәсіпорнында жұмыс істеп жүрген кезінде жас маманның іскерлігі, оның ұйымдастыру қабілеті, адамдармен қарым-қатынасы көзге түсіп, аудандық партия комитетіне қызметке шақырылады. Теңізге әлем назарын аударған кезі. Жас маманға аудандық партия комитетінің ұйым­дастыру бөліміне, өндірістік меке­мелерге басшылық жасау міндеті жүктеледі. Теңізге үй сыпырушы мен шофердің өзі сырт­тан келіп жатқан кезі. Мұны көзі көріп, құлағы естіп отырған жергілікті халық­тың наразылығы ұшан-теңіз еді. Осы тұста ол бұл мәселені аудандық партия комитетінің бюросына шығарып, Теңізге келіп жұмыс істеп жүрген үй сыпырушы, шо­фер сияқты мамандардың сырттан келуі­не тосқауыл қойды. Сол тұстағы аудан­дық партия комитетінің хатшылары Сағат Түгелбаев, Болат Еламанов жас кадр­дың саяси танымының жоғарылығына, ел мүддесіне деген сергек көзқарасына риза­лық танытып, оның Ленинград жоғары пар­­тия мектебіне оқуға баруына жол аша­ды. Қайта құру кезі. Компартияның әл­сіреп, елге жаңа лептің келе бастаған ке­зінде ол Ленинградта атақты Собчактың, Га­врилов­тың, Поповтың, басқа да саяси ли­дерлер­дің лекциясын тыңдап, өзінің саяси көз­қарасын қалыптастыруға мүм­кіндік алды. Бір жылдан соң Жылыой аудандық партия комитетінің партиялық ұйымдас­тыру бөліміне меңгерушілікке жұмысқа шақырылды. Туған жері Кең Жылыойдың еңсесін көтеруге бағытталған жұмысы осы тұста айқын көрінді. “Теңізмұнайгаз” өндірістік бірлестігіне жұмысқа шақыры­лып, Теңіздің өткір мәселелерімен, электр­мен қамту, халыққа еңбекақы тауып беру сияқты мәселелермен тікелей айналысуына тура келді. Бірлестіктің коммерциялық білімін басқара жүріп, АтМӨЗ-ге тікелей шығып, зауытпен тікелей байланысты қол­ға алады. Өндірілген өнімді қалай өңдеудің жолын тауып, бірлестік жұмысшыларын жалақымен қамту проблемасын шешеді. 1996 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытына зауыт директоры Садуақас Ме­ралиев директордың орынбасары қызме­тіне шақырды. Бір жылдан соң “Қазақойл” атты мұнай компаниясына департамент менеджері, “Қазақойл – Коммерция” ЖШС Павлодар өкілдігінің директоры болып тағайындалады. Ал 1998 жылдың қараша айында облыс әкімі Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев іскерлігімен танылып үлгерген жас жігітті Жылыой ауданына әкім болуға шақырды. Рзабек Дәуітұлы аудан басқару жауапкер­шілігінің жоғары екенін түсінді. Көп ойланды, көп толғанды. Ақыры өмірдегі бас ақылшысы әкесінен: “Ауданға шақы­рып жатыр, папа. Не істеймін?” – деп сұрады. Әкесі партия, кеңес қызметкері ғой, бұл істе тәжірибесі мол: “Шырағым, мен үшін сенің қасымда болғаның жақсы. Мен үшін келгенің жақсы еді. Бірақ саған қиын болады. Біз жұмыс жасап жүргенде осы ауданға келген хатшы үшін қызмет ететін едік. Ал қазір олай емес. Сыртыңнан әңгіме де, сөз де, табалаушы да көп болады. Бірақ жассың ғой, соның барлығына шыдаймын десең, кел”, – деді. Бұл қайта құру жылдарындағы қиын­дықтардың кезі еді. Жағдай қазіргідей емес. Елдің тұрмысы жүдеулеу. Айлап жалақы алмау, зейнетақы, балалар жәрдемақысы дегендердің айлап кешігуі халықтың зықы­сын шығарды. Жарық, су, жылу мәселе­сінің қиындығы бар. Күні бүгінге дейін қиюы келіспей келе жатқан коммуналдық жағдай ол кезде тіпті сын көтермейтін. Жылдар бойы мұнайдың үстінде отырған елдің газ қызығын көрмеуі де жас әкімді қатты ойландырды. Өзінің алдындағы аудан әкімі Төкен Жұмақұлов бастаған газ мәселесін шешіп, Ақкиізтоғай мен Май­көм­генге көгілдір отын жеткізіп, халықтың алғысына бөленеді. Қаратонды көшіру мәселесін шешіп, Сарықамысты көшіруді де бастап кетеді. Теңіз сынды алып кеніштің орталығы болып отырған аудан орталығы Құлсарыға қала статусын беру мәселесін күн тәртібіне қойып, оның да оң шешімін табуына басшы болды. Аудан әкіміне ТШО-мен жұмысты дұрыс жолға қою ең басты міндет болды. Ол кәсіпорын директоры Том Уинтертонға: “Өзің ауданды аралап көрдің бе?” – дейді де, кәсіпорын басшысын мәшинеге салып алып, ауданның ой-шұқырын түгел арала­тып көрсетеді. Бәрін көзбен көрген кәсіп­орын басшысы: “Ауданның жағдайын көзбен көріп, бәрін де түсіндім. “Игілік” бағ­дарламасына қаралатын қаржыны Жы­лы­ой ауданының әлеуметтік инфрақұры­лымын жақсартуға беремін”, – дейді. Кәсіпорын басшысы сөзінде тұрып, “Игі­ліктің” төрт миллион долларын Жылыой ауданына аудартады. Алғашқы қаржы ауданға көпір салуға, су тасқынына қарсы шараларды нығайтуға жұмсалды. Аудан әкімі болған жылдары ол сол кездегі күллі елімізге тән қиыншылықтардың шешімін табуына, халықты жалақымен, сумен, электр қуатымен, азық-түлікпен қамту сияқты проблемалардың шешілуіне күш салып бақты. Ол аудан әкімі болған тұста, яғни 1998-2001 жылдар бүкіл Қазақстан үшін ауыр жылдар болған-ды. Шетел инвесторымен қоян-қолтық жұмыс істеудің тәжірибесі қалыптаса қоймаған кез. Аудан жұртшылы­ғының “Теңізшевройлға” деген көзқарасы да жақсы емес. Міне, осы тұста, жасы қы­рыққа да толмаған жас әкім ТШО бас­шылығы мен аудан жұртшылығы арасын­дағы өзара түсіністіктің қалыптасуына ықпал етіп, көптеген іс-шаралардың жүзеге асуына, “Игілік” бағдарламасының Жылыой жұртшылығының игілігіне қызмет етуіне күш салып, аз уақытта аудан жұрт­шылығы алдында да, ТШО басшылығы алдында да өзін мойындатып үлгерді. Аудан халқының ТШО-ға, оның мердігер ұйымдарына жұмысқа қабылдануын өзі қадағалап, әр отбасына табыс әкелер азаматтың болуын қадағалап отырды. Аудан ақсақалдарының ақыл-кеңесін тыңдап отыру да жас әкімнің көргенді әулеттен екендігін дәлелдей түсті. Мұны сол кезде ауданда онымен бір­лесе жұмыс жасаған азаматтар құптайды. Мәселен, КСРО және ҚР денсаулық сақ­тау ісінің үздігі, бүгінде мәслихат депутаты Жұбандық Жетібаев сол кездегі ахуалға былай деп тоқталды: “Рзабек Дәуітұлы әкім болғанда мен ауданның орталық ауруханасының бас дәрігері боп қызмет еттім. Ол кезде денсаулық сақтау бөлімі аудан әкімдігіне қарайды. Рзабек Дәуіт­ұлы аурухананың материалдық базасын жақсартуға, бюджетін көбейтуге, басқа медициналық құрал-жабдықтармен қамта­м­а­сыз етуге үлкен үлесін қосты. Көп аппа­рат­тарды сатып алып берді. Соның нәтижесінде рейтингі бойынша біздің аудандық аурухана алдыңғы қатарда болды. Қазіргі аудандық аурухана ТШО қаража­тына сол кісінің басқаруымен салынды. Мамандарды оқытып, білімін жетілдіруге көп атсалысты. Бюджеттен ақша бөлді. Жұмысына өте риза болдық. Рзабек мінезге бай, сауатты, алғыр болды. Кішіні де, үлкенді де жақсы сыйлайтын. Жас та болса Рзабектен көп нәрсені үйренуге болатын”. Аудандық әкімдіктің аппарат же­текшісі Қанабек Далбаев та Рзабек Арты­ғалиевті 1986 жылы аудандық партия ко­митетіне нұсқаушы боп жұмысқа келген­нен бастап оның іскерлік қабілеттерін де, жекелік қасиеттерін де жете тани бастаға­нын айтады. Әсіресе ортаның адамы екенін, жолдастыққа берік екенін баса көрсетті. Артында бүкпесі жоқ, айтарын сол бойда айтып тастайтын, ақжарқын мінезін қолдайтыны көрініп тұрды. “Өнерге де кедей емес. Гитарада ойнай­тын, ән де салатын, – дейді бұрынғы әріптесін еске алған ол. Ауданға әкім боп тұрған кезде де сол ақжарқын күйі. Әкіммін деп кеуде керген жоқ, бөлім меңгерушілерімен,  қатардағы қызмет­керлермен қуаныш-қайғыда бірге болды”. Ал Рзабек Дәуітұлының ауданның әкімі боп тұрған кезіндегі қиыннан жол тапқан ісі туралы былай дейді: – Ол әкім болып жүргенде тапшылық кезеңі, бюджеттің бүйірі тесік. Сонда да болса қаймықпай ауданның экономикасын көтеруге жұмыс жасады. Біраз жылдардан бері осы жерде жұмыс жасап келем ғой. Бірнеше әкіммен жұмыстас болдық. Әр­қай­сысының жұмыс жасау стилі әр басқа. Біреуі мекемелермен жұмыс жасаса, біреуі тек бюджет қаражатына ғана жұмыс жасай­ды. Рзабек мекемелердің бәрімен тіл тауып, жұмыс жасады. Бюджетте ақша болмағасын мекеме басшыларымен жұмыс жасау керек қой. Бұл тарапта қазір өзі еңбек етіп жатқан “Теңізшевройлдың” басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Ауданға көп көмек әкелді. Мәселен, бізде оңбайтын нәрсе – коммуналдық қызмет көрсету ғой. Ана жерде жарылып жатады, мына жерде тұрба жетпейді. Сол мезгіл­дерде ғой деймін, контейнер-контейнер тұрбаларды, орайтын жабдықтар, бұранда­ларды, жылу қазандықтарының жетпейтін басқа да дүниелерін алдырып жатты. Құрылып, қайтадан банкрот боп жататын коммуналдық мекемелердің тұралап жатқан жерінен аяғынан тұруына көп ықпал жасады. Аудан әкімдігінен кеткеннен кейін де лауазымды қызметте. Қазір де ауданмен байланысын үзген жоқ. Көмегін тигізіп жатыр. Ауданның бүкіл тарихын білетін­діктен оған ненің қажет, ненің қажет емес екенін түсіндіріп жатудың да керегі жоқ. Себебі, оған туған жердің әр тасы, әр адамы етене таныс. “Жылыойгаз” ЖШС директоры Тел­жан Балжігітов те оның жылу мәселесін шешудегі батыл шешімдерін ризашылық­пен еске түсіреді. Сол кезде демеуші мекемелерді тартып, жылу қазандықтарына жан бітіргенін айтады. Әкімшілік органдармен арадағы сеңді бұзуға ықпал еткен Рзабек Дәуітұлының алымдылығы мен алғырлығы, оның небір істі шешудегі дипломатиялық шеберлігі ТШО басшыларын қызықтыра түсті. Ақыры шетелдік компанияның жергілікті жердегі проблемаларын шешуге Артыға­лиевтай азаматтың керектігі шешілгендей болды. ТШО-ның сол кездегі бас дирек­торы Том Уинтертон мен оның орынба­сары Борис Шырдабаевтың бұл таңдауы бірлескен кәсіпорын үшін үлкен олжа болды. Рзабек Дәуітұлы кәсіпорындағы шешімін таппай келе жатқан жер пай­далану мәселесін шешіп, жер қатынаста­рын аз мезгілде ретке келтірді. Кейін осындай оңды істер жалғасын таба берді. Қоршаған ортаны қорғау бөлімі бас менеджерінің орынбасары ретінде күкіртті үйлестіру кеңесін құруды ұйымдастыру­шылардың бірі болды. Бұл жерде күкірт жөніндегі көптің үрейін сейілтудегі оның еңбегі айтарлықтай. Күкірттің химия өнеркәсібінің наны екендігін дәлелдеуде халықаралық тәуелсіз медицина ұйымын, жергілікті әкімшілік органдарын тарта отырып, көптеген мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды. Рзабек Дәуітұлының отбасы бүгінде Астанада тұрып жатыр. Әйелі Бақтығыз Таубаева екеуі 4 бала тәрбиелеп, өсіріп отырған ата-ана. Жарының мамандығы – қаржыгер. Мұнай саласында жиырма жеті жылдан бері жемісті еңбек етуде. Балала­рының үлкені Фариза КИМЭП-ті бітіріп, жұмыс істеп жүр. Нұртас Францияда білім алуда. Алтынай халықаралық түрік мекте­бінде оқиды. Ал кенжесі Дінмұхамед 2 сыныпта. Рзабек Дәуітұлы болса, сол бұрынғысынша еңбектен бақытын табуда. Іскерлігінің өрлеу шыңына жетті. Міне, осындай іскерлігі оған өткен жылы Үкімет­пен және жұртшылықпен байланыс бөліміне бас менеджер болуына жол ашты. Бұл жерде де ол өзінің басшыға тән білікті­лігін көрсетіп үлгерді. Қазақстан мұнайы­ның 110 және Теңіз кенішінің 30 жылды­ғына орай журналистер конкурсын ұйым­дастыруға мұрындық болып, кәсіпорын туралы көптеген оңды материалдардың жариялануына ұйытқы болды. Тумысынан ақынжандылығы оның мәдениетке, өнерге деген көзқарасын осы қызметте аша түсті. Жергілікті халықтың бағалауынша, Аты­рау­да бұрын-соңды болмаған айтыс өтіп, Рзабектің ұлттық өнерге деген көзқарасын айшықтай түсті. Иә, ер жасы елуді еңсеріп қалған азаматтың тындырған ісі де аз емес, мақсат-мұраттары да әлі алда. Сөзі мен ісі қабысатын келісті азаматты өмірдің жаңа белестері күтіп тұр... Салтанат ЖАҚЫПОВА. Атырау облысы.