Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт ұсынды.
«Анаға сәлем» кешінің бағдарламасында аналар және махаббат туралы таңдамалы әндер, оның ішінде Александр Зацепиннің «Көктем вальсі», Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені», Арно Бабаджанянның «Королева красоты», Шәмші Қалдаяқов әндерінен попурри, Астор Пьяцолланың «Libertango» және басқалары бар. Бұл шығармалар – өз заманының жауһарлары ретінде танылған ұмытылмас әуендер.
Концертте Арайлым Рахымқызы, Алтынай Жорабаева, Светлана Айтбаева, Естай Мұқашев, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Нұрбол Балапанов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Зарина Омарова, Айдын Жұмабаев, Фарида Жолдасова, Алуа Қалымбекова, Алтыншаш Мұқатаева, Парасат Отан, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Фируза Рахметова, Дәурен Төлеубаев өнер көрсетті. Эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі – Арайлым Рахымқызы, классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі – Роза Шотқалиева, халық әні бөлімінің көркемдік жетекшісі – Телман Нұркенов. Жеке орындаушылар үрлемелі оркестрмен (көркемдік жетекшісі – Никита Почиталин) және «ALEM» заманауи хореография балетімен (көркемдік жетекшісі – Бақыт Тажинов) бірге сахнаға шықты.