• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Еңбек 07 Наурыз, 2023

Алғысқа бөленген етікші келіншек

1273 рет
көрсетілді

Маңдай терімен табыс табатын қарапайым мамандық иелерінің қатарында етікші де бар. Бірақ етікшінің еңбегін кім елеп жатыр? Жұрт күнделікті киіп жүрген аяқкиімінің сырмасы бұзылып, ұлтаны тозса ғана етікшінің көмегіне жүгінеді.

Әдетте түрлі аяқкиімді жөндеу­шілердің дені ер адам болып келеді. Ал олардың арасында сүйріктей саусағымен етік жөндейтін әйелдер де кездеседі екен. Әйел затына тән емес кәсіпті серік еткендер қата­рында Гүлдана Хауашева да бар. Оның кіндік қаны мұнайлы түбек атанған Маңғыстау өңірінде тамған екен. Алайда балалық шағы Ақтөбе облысындағы Ресеймен шекаралас Мәртөк ауданында өткен. Оң-солын танып, бойжеткен соң 2002 жылы тұрмысқа шыққан. Содан бері Мақат ауданымен аттас кентте тұрады.

– Бала кезімде көк көзді қуыр­шақты құшақтап, сары шашын та­рау­ға ықыласым ауған жоқ. Аулада­ғы гаражда темір-терсекті аударып-төң­керу, аяқкиімді жөндеу секілді істерді ұнаттым. Сол кезде сіңлім­нің спорттық аяқкиімін жөндеп бере­тін едім. Етікшілік – арғы аталары­мыз­дан келе жатқан кәсіп, – дейді Гүлдана Хауашева.

Оның аңсары өзге кәсіпке емес, етікшілікке ауды. Сөйтіп, 2006 жылы бала кезінен қызыққан ісіне ден қойып, тапсырыс берушілердің аяқ киімін өз үйінде жөндеуді бастады. Алғашқыда оның бұл ісіне таңданыс білдірген аз болмады. Алғашында күдікпен қарағандардың бәрі кейін оның аяқ киімін жөндетушілердің қатарын көбейтті. Ал 2010 жылы жеке кәсібін ашу үшін Мақат кентіндегі базар аумағынан дүңгіршекті жалға алуға бекінді. Қытай өндірісінен шыққан «Версаль» маркалы тігін мәшинкесі бар. Жеке кәсібінен табар нәсібін молайту үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие алған.

– Жүрек қалауымен бастаған істің жемісі боларына көзім жетті. Кейде шаршайтын, денсаулыққа көңіл бөлетін сәт болады ғой. Сондайда күйеуім де, балаларым да көмектеседі. Тіпті қайын ағаларымның балалары етікшілікті менен үйренуге ниет білдірді. Тапсырыс берушілердің тізімі жазылған 10-ға жуық қалың дәптерім бар. Етігін жөндеткен жандардың ешқайсысы ренішін білдірген емес. Өйткені тапсырыс берушілердің етігін сапалы жөндеуге мән беремін, – дейді өз ісінің шебері.

Етікшінің айтуынша, қай кәсіптің де қиындығы бар. Күніне 30-ға жуық тапсырыс түседі. Тұтынушылар­дың бәрінің талғамы бірдей емес. Бәрі де жөндеуге тапсырған етігінің жаңа­дан кем болмағанын қалайды. Бірі тағасын, енді бірі сырмасын жаңартып беруді сұрайды. Кейбір етіктің жыртығын жамап, ұлтанын ауыстыру, бояу секілді жұмыстарды атқаруға төзімділік қажет.

Қазір етікші Гүлдана Хауаше­ваның шағын шеберханасы бар. Тапсырыс берушілердің бірі кіріп, екіншісі шығып жатады. Өйткені етікші келіншек аяқ киімді жөндеумен шектелмей, тұтынушының қалаған түсіне бояп береді. Тіпті түрлі кілттің көшірмесін айнытпай жасайды.

Енді оның аяқ киім тігуді қолға алмақ ниеті бар. Алғашқысын күйе­уіне арнап тіккен. Күзгі маусымға арналған бәтеңкенің өлшемі – 43. Бірақ аяқ киімге қажетті былғары, ұлтан, тіпті капрон жіпті өзге елден алдыруға мәжбүр болып отыр.

– Елімізде былғары өңдеу қолға алынса, отандық өнімді қуана алар едік. Өйткені етікшілерге сапалы былғары өте қажет, – дейді етікші келіншек.

 

Атырау облысы