Жаны нәзік демесеңіз, әйел баласы қоғам дамуына қозғау салатын қай істің де бел ортасынан табылып, ел өркендеуі жолында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп келеді. Біздің айналамызда мұндай қайсар ханымдар аз емес. Солардың бірі – бар қажыр-қайратын әскери журналистикаға арнаған әріптесіміз Тамара Дәулетбаева.
Әскери тақырыпқа қалам тербейтін тілшілер қауымы Тамара Қуанышбекқызын «беске» біледі. Шекара шебіндегі шымыр жігіттердің тіршілік тынысын арқау еткен ойлы очерктерін оқып отырып, мойнынан фотоаппараты түспейтін, қашан көрсең шапқылап жүретін таныс бейне көзімізге оттай басылады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Отан сақшысы» газетінде ширек ғасыр бойы табан аудармай қызмет етіп келе жатқан ақмылтық журналистің алғашқы еңбек жолы ІІМ Ішкі әскерінің «Қалқан» басылымынан бастау алған. 1997 жылы Ұлттық ұлан сапында әскери шен алған ол, бүгінде запастағы подполковник.
Өз ісіне жанымен берілген Тамара ханыммен қызмет бабында жиі кездесеміз. Тілшілерді қиырдағы шекара заставаларына бастап барып, ел шетін кірпік қақпай күзететін жауынгерлердің еңбегімен таныстыруда алдына жан салмайды. Ең алғаш оны бақылау бекеттерінің біріндегі мұнарадан көріп, бас айналар биіктіктен саты бойымен заулап бара жатқан жанкештілігіне қайран қалғанбыз. Бәзбір саптағы сарбаздай қимылы ширақ, сөйлеу мәнері де әскери өмірге бейімделген. Телефон шалсаң, тұтқаны көтере сала: «Тамара ханым тыңдап тұр» деп әскерилерше тіл қатады. Оның аузынан шыққан шекара туралы аңызға бергісіз әңгімелерді әріптестермен бірге автобус ішінде Алматыға жеткенше таңғала тыңдағанымыз жеке мақалаға жүк боларлық дүние. Кейіннен бұл материалдардың желісін автордың «Арда туғандар» және «Шекара соқпақтары» атты кітаптарынан танып білдік.
– Осы наурызда менің шекарашы атанғаныма тура 25 жыл толды. Ойлап отырсам, ел шебіндегі жылдарым босқа өткен жоқ. Қызықты оқиғаларға толы болды. Қазақтың бағына туған нағыз патриоттарымен жүздесіп, сұхбаттас болып келемін. Біздің арамызда былайғы жұрт байқай бермейтін тағдырлары ерекше адамдар өте көп. Олар маған шабыт береді. Осы жылдар ішінде республиканың барлық шекара аймақтарын аралап, шекарашылардың өмірімен, қиын да қызықты қызметтерімен таныстым. Олармен бірге жауынгерлік кезекшілікке тұрған кезім де болды. Бұл маған жазып жүрген саламның табиғатын толық тануым үшін керек еді. Бірде атты шекара нарядының құрамында қызмет атқару кезінде астымдағы атым үркіп, мені ала қашқаны бар... Шекара бұзушының рөлін сомдадым. Түнде тау ішімен нарядтан оралып келе жатып, қасқырлардың отша жанған көздерін көрдім. Бірақ біздің қаруымыздың иісін сезіп, түз тағылары қасымызға жақындап келе алмады. Шекарашылардың ел шебінде бастарынан кешірген оқиғаларын жазып алу – менің хоббиім, – деп тебіренеді Тамара Қуанышбекқызы.
Кейіпкеріміз тарихы әріден басталатын басылымның қабырғасында еңбек ете жүріп, қатардағы тілшіден бөлім бастығына дейінгі баспалдақтан өтті. Қызметтік жолда жеңісті һәм жемісті сәттері жетерлік. 2017 жылы ҰҚК-нің құрылғанына 25 жыл толуына орай, БАҚ өкілдері арасында өткен республикалық байқаудың жүлдегері атанса, 2021 жылы аталған құрылым Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырған «Абай» шығармашылық байқауының «Үздік прозалық шығарма» және «Үздік журналистикалық туынды» номинацияларының жеңімпазы болды. Ал 2019 жылы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай салтанат құрған шығармашылық байқаудың «Әбіш Кекілбаев – патриот өлкетанушы» аталымында жүзден жүйрік шыққанын шекарашылар мақтанышпен айтады.
Мықты маман – қай ұжымның да мақтанышы. Әріптесіміздің қаламына ілінген қаншама шекарашы жұрт құрметіне бөленіп, еңбегі еленгені өз алдына бөлек әңгіме. Қуатты құрылымның тыныс-тіршілігін терең сезінетін ол тілшілік-тіршілікте талай шекарашының тағдырына араша болды. Тағы бірде өз сүйікті тақырыбына қатысты: «Шекараны күзету міндеті – диірменнің тоқтаусыз айналған дөңгелегі секілді, күн-түн дегенді білмейді. Бір шекарашы қызметтен оралып келе жатса, қару асынып, ит жетектеген екіншісі қақпадан шығып бара жатады», деп әңгіме бастап еді ол. Біз де өз кезегінде қаламын қару еткен әріптесімізді көктем мерекесімен құттықтап, ел игілігі жолында диірменнің тоқтаусыз айналған дөңгелегіндей тыным таппай еңбек ете беріңіз деп тілек білдіреміз.
АЛМАТЫ