Медицинада жүрек ауруларының түрі көп. Көп болған соң, жылдан-жылға емшараның әдіс-тәсілін жетілдіріп, озық үлгідегі құралдарға иек арту қажет. Себебі ересектермен қатар құрсақтағы нәрестелердің де жүрегі сыр беруі мүмкін. Бұл ретте жүрек ауруларын емдейтін Ұлттық ғылыми орталық ашып, көп ұзамай білікті мамандарды тартып, санаулы жылда жұмысты үйлестіру оңай шаруа емес.
Жүрек орталығының әлеуеті қандай?
Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы 2011 жылы ашылып, қазір Орта Азиядағы жетекші орталықтардың біріне айналды. Кез келген мекемеде әуелі жұмысты ұйымдастыру мәселесі пысықталып, қызметкерлер бірте-бірте соған бейімделетіні қалыпты жағдай ғой. Орталықтағы мамандар да осындай күрделі кезеңді еңсерді.
– Ақтөбедегі медициналық институтты тәмамдап, кейін кардиологияда оқыдым. Қысқасы, терапиядан кардиологияға ауыстым. Орталық ашылғанда көкейде үйренсек, білсек, көбірек түйсек екен деген арман болды. Бұрын операция барысы, операцияға дайындау, шығару сынды жұмыстарды хирургтер ұйымдастыратын. Қазір мұның барлығын кардиологтер жасайды. Орталық ашылған жылдары шаруа көп болды. Кейде 22:00-ге дейін қалыпты жұмыс істейтінбіз. Отбасым жұмысыма түсіністікпен қарады. Еңбек демалысына шығамын, шаршадым деген күннің өзінде екі апта өтер-өтпестен жұмысты аңсап тұрасың. Қазір жұмыс жүйелі, ұйымдастыру жағы дұрыс жолға қойылған. Тек күнделікті жоспарлы шаруаға көңіл бөлсең болғаны, дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айнұр Төлепбергенқызы.
Қазір орталықтың резидентурасында жас мамандар тереңірек ізденіп, көкжиегін кеңейтіп жатыр. Яғни дәрігер-резиденттер таңдаған бейіні бойынша жүйелі білім алумен шектелмей, тәжірибесін жетілдіріп отырады. Кардиологтер 3 жыл, кардиохирургтер 4 жыл білім алады. Орталыққа қажетті мамандар көбіне осында еңбек етуге қалады екен. Өзі оқыған орталықта жұмыс істеу жастарды жігерлендіретіні анық. Бір жағынан алып қарасақ, кардиохирургияның ертеңі де сол жастар ғой. Кейінгі 3-4 жылдың шеңберінде Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Талдықорған, Астанада орталықтың түлектері көбейіп жатқанға ұқсайды. Олар ең бірінші кезекте аймақтардың әлеуетін көтеріп жатыр. Түрлі себептермен жұмыс ауыстырған мамандардың бос орнына көбіне көп осы орталықта білім алған жас мамандар қабылданады екен. Ол аз десеңіз, алыс-жақын шетелдерден тәжірибесін арттыруға келетін дәрігерлер бар. Олар көбіне орталықтың негізгі саласы саналатын жасанды сол жақ қарыншаға қатысты емшараларды үйренуге келеді екен. Яғни жүрек жетіспеушілігін емдеудің хирургиялық жолы мен созылмалы жүрек жетіспеушілігін емдеу әдістерін бақылайды. Соның ішінде жасанды сол жақ қарынша имплантациясы Орталық Азия бойынша Астанадағы Ұлттық орталықта ғана салынады екен. Көршілес елдер де осындай тәжірибелерді алысқа бармай-ақ осы орталықта үйренуді дұрыс көрген дәрігерлер бар. Расында, жүрек жетіспеушіліктің хирургиялық түрін емдеу әдістері жеңіл дүние емес. Былтырлары транскататорлы артерия клапанын имплантациялау деген инновациялық клапандары бар кеудені кеспей тамырмен барып салатын құрылғы шығарыпты. Оған енді біздің дәрігерлер барып тәжірибе жинайтыны түсінікті. Қазір елде шамамен 500-ден аса азаматқа клапан қойылған. Ол клапанды 60 жастан асқан пациенттерге қоймайды. Себебі оның басқа да аурулары болуы ықтимал. Күрделі ашық операцияны екінің бірі көтермеуі мүмкін. Енді жаңа құралдың көмегімен науқастың кеудесін ашпай клапандар қоюға болады. Жуырда Үндістаннан тағы бір топ дәрігер келіп, білімін жетілдірген. Еліміздің барлық аймағындағы жүрек жетіспеушілігі бойынша үйлестірушілер осы орталықта оқиды.
– Біздің құзырымызға, яғни кардиологтердің жұмысына пациенттерді емдеу кіреді. Жүрек ауруларының себеп-салдары көп. Балаларда туабітті жүрек ақауы деген болады. Жүктіліктің алғашқы үш айында вирус, инфекция, тұмау, салқын тиіп ана денсаулығында өзгерістер болуы мүмкін. Әйелдер жүктілік кезінде мұны аңдамауы ықтимал. Қазір ауру белгілері байқалса, құрсақтағы балаға диагноз қоюға болады. Кейбір әйелдер мұндайға сенбей, баланы дүниеге әкелемін деген ниетінен таймайды. Мұндайда сәби Ана мен бала орталығында туған соң, оның жағдайын кардиологтер бақылауға алады. Ең күрделі операция бұл – трансплантация. Сол секілді өкпені ауыстыру және жүректің жұмыс істеуіне жәрдемдесетін жасанды имплантация бар. Әрине, басқа операциялар да жеңіл емес. Бірақ олардың қауіптілігі төмен, дейді кардиолог-дәрігер.
Осы күнге дейін орталықта 87 трансплантация жасалса, қазір жылына бірлі-екілі ғана трансплантация жасалады екен. Себебі донор тапшы. Өңірлердегі үйлестіру орталықтарында осы мәселе бойынша жұмыс жүріп жатыр. «Күту парағында» тұрған пациенттер бар. Бірақ донор жоқ. Жүрек жетіспеушілігі деген – күрделі диагноздардың бірі. Мұның бір емес, бірнеше себеп-салдары бар. Мысалы, қан қысымының салдары уақыт өте келе жүрек жетіспеушілігіне алып келеді. Науқас уақтылы дәрігерге қаралмаса, инфаркт алуы мүмкін. Дилатациялық кардиомиопатия, сосын аритмия (жүрек жиілігінің бұзылуы) да жүрек жетіспеушілігіне алып келеді. Дәрігерге қаралмаудан, дәрігердің нұсқауын елемеуден науқастар инфарктке ұшырауы мүмкін. Осының барлығы жиылып келіп жүрек ауруының үшінші, төртінші дәрежесіне келгенде медицинада жүрек жетіспеушілігі деп атайды. Әрине, мұндай ауруларды бірінші дәрі-дәрмекпен емдейді. Яғни алғашында пациенттер жүрек жетіспеушілігінің созылмалы түрі деген диагнозбен тіркеледі. Кейін әр 3 немесе 6 ай сайын орталыққа келіп дәрігерге қаралып тұрады. Олар осы уақытта «күту парағына» да тіркеледі.
Энергетикалық сусындар қаншалықты зиян?
Қазір гастроэнтеролог, гепатологтермен қоса кардиологтер де энергетикалық сусындардың зиян екенін айтып жүр. Мұндай сусындарға, әсіресе жастар үйір екенін өзіміз де көріп, біліп жүрміз. Жүк көлігімен үнемі алыс сапарға шығатын жүргізушілер жолда ұйықтап кетпеудің қамы деп амал жоқ энергетик тұтынады. Өкінішке қарай, энергетикалық сусындарды шамадан тыс ішкендер ауруханаға жүрек жетіспеушілігі туындағанда, яғни кеш келіп жатады екен. Неге? Кардиолог-дәрігер Айнұр Тәуекелованың айтуынша, энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин мен шамадан тыс глюкоза адамға артық салмақ салады. Мысалы, болдырып қалған жылқыны қанша қамшылағанмен жүрісі жеделдемейді. Адам ағзасы да солай уақтылы тынығып, уақтылы жұмыс істеуі керек. Ағзаны күштеп жұмысқа жексе, жүрекке салмақ түседі.
Әрине, энергетикалық сусын тұтынған бір пациентте жүрек ауруы анықталса, екіншіде анықталмауы мүмкін. Бірақ энергетик тұтынғанннан жүрек ауруымен келген науқастардың барлығы дерлік энергетикалық сусындарды бірнеше жыл көлемінде ұдайы тұтынғанын айтады екен. Кейінгі жылдары мұндай сусындардың зиян екенін ел-жұрт біле бастаған соң ауру деректері азая бастаған. Энергетиктерді жиі тұтыну қант диабетіне де алып келуі мүмкін. Алғашында энергетикалық сусынның залалы туралы хабар тарамаған уақытта жүрегі ауырған талай науқас орталыққа жүгініпті. Мұндайда жүрек әлі шаршамаған болса, дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Шаршаған болса, жүрек қайта қалпына келмеуі де әбден мүмкін.
– Пациенттерге саламатты өмір салтын ұстану керек дейміз. Сонда энергетикалық сусындарды ұсынбаймыз. Басқа да тәтті сусындар тікелей жүрекке әсер етпегенімен, асқазанға, бауырға зияны бар. Бауыр деген біздің «биохимиялық лаборатория» деп айтамыз ғой. Оның жұмысы нашарласа, холестерин, қант көтеріледі. Қандай жағдай болса да, біз қарапайым су ішкен дұрыс деп санаймыз. Ішімдік те басқа ағзалардың жұмысын нашарлатып, жүрек ауруын қоздыруы мүмкін. Тікелей зияны болмағанымен жанама әсері бар. Шылым шегу де солай. Қант диабеті, бүйрек ауруы, семіздік және зиянды зат тұтынатындардың инфаркт, инсульт алу қаупі жоғары. Инфаркке алып келетін екі жағдай бар. Бірін атеротромбоз деп атаймыз. Ол қан қысымы көтерілген кезде қан жүрмей бір жерде тұрып қалғаннан шығады. Екіншісі – коронаротромбоз да қан қысымы көтерілген кезде пайда болады. Мұндайда науқастың маңдайынан шыпшып тер шығып, тынысы тарыла бастайды. Тромб жүректе пайда болса инфаркке алып келеді. Жүрек қысып ауырады. Яғни тромб жүрек қан тамырларын жауып қалады. Бұл кезде пациентті ауруханаға жедел жеткізу қажет, дейді А.Тәуекелова.
Әдетте Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына 30-35 жастан асқан науқастар жиі жүгінсе, өкінішке қарай, қазір артериалдық гипертензия жасарғаны байқалады. Қазір 25-тен жоғары жастарда да қан қысымы жоғарылау белгілері кездеседі. Бұған экологиялық мәселелердің қатысы жоқ, әрине. Қазір оқуда озат боламын деп күндіз-түні білім алатын жастар бар. Күндіз сабаққа барып, түнде тағы басқа шаруамен жүргендердің де ұйқысы бұзылады. Мұндайда жүрекке салмақ түсіп, қағысы жоғарылауы мүмкін. Артық салмақтан да қан қысымы жоғарылауы ықтимал. Қан қысымы 140-150-ден жоғары емес деп бейқам жүргендердің қан қысымы 160-қа бір-ақ шыққанда, орталыққа келуі мүмкін. Сол секілді баланың ата-анасында жас кезінде қан қысымы пайда болса, онда баласында да жастайынан анықталуы ықтимал.
Жүрек операцияларының жеңіл түрі жоқ. Дәрігерлер операция, операциядан кейінгі алғашқы күнге дейін науқасты уайымдаумен болады. Әсіресе трансплантация күрделі екенін жоғарыда айттық. Елде осындай жүрек алмастыру операциялары 18 жастан асқан азаматтарға жасалса, шетелде балаларға да жасайды екен. Кардиохирургия дамыған АҚШ, Германия, Түркия, сынды бірнеше елде трансплантация жасалады. ТМД елдері ішінен Ресей мен Беларусь – көш басында. Себебі аталған елдерде донорлар жеткілікті. Бұл, әрине, жүрек ауруларының басқа да түрлерін емдеуді шебер меңгеруге кедергі емес. Қазірдің өзінде Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығындағы ғылым жолын қуған дәрігерлер орталықтың қай бағытта дамытуға болатынан жоспарлап қойған.