Отбасылық сот дегеніміз не? Бұл институттың өзге соттардан ерекшелігі қандай? Еліміздегі ювенальды соттар қай үлгіде жұмыс істейді? Жалпы, бізге мұндай жоба қажет пе? Шыны керек, отбасындағы құндылықтарға ерекше мән беріп, ұядағы тәртіп пен заңдылықты бәрінен биік қоятын біздің қоғамда бұл сұрақтардың өзектілігі әлі ортаймай келеді. Өйткені «Отбасы ала болса, кереге басы сайын бәле бар» екенін халқымыз әуелден білген.
Мектеп баланың ғана тәрбиесімен шектелмей, қажет болған жағдайда ата-аналарды да бағыттай отырып, тәрбиелеу ісіне етене араласуға тиіс. Нәтижелі жұмыс үшін 50 оқушыға 1 психолог бекіткен жөн. Маманды осы тәсілмен бөлген жағдайда ол оқушымен де, оның ата-анасымен де жан-жақты жұмыс істей алады. Осылайша, бір мектепке 10-12 психолог штат бойынша жұмыс істейді.
Қазіргі таңда ювеналды сот институты 60-тан астам елде жұмыс істейді. Тізімнің ішінде Жапония, Ұлыбритания, Германия секілді әлемнің ірі державалары да бар. Бұл мемлекеттерде Отбасылық соттың жеке дара қызметтерінің оң тәжірибесі қалыптасқан. Мәселен, ұлттық мәдениеті мен салтына өте сергек қарайтын Жапонияда отбасы даулары мен кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылықтары тек отбасылық соттарда қаралып, шешіледі. Ал Ұлыбританияның отбасылық соттарында неке, отбасы, ана мен балаға қатысты заңнамалық актілер сарапқа салынады.
Ал елімізде Отбасылық сот қанатқақты жобасы 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап енгізілді. Сингапур елінің үлгісіне арқа сүйеген тың жобаны Жоғарғы сот жүргізіп, оған жергілікті соттар, мемлекеттік органдар, әкімшіліктер және қоғамдық институттар жұмылдырылды. Ювеналды соттар әр саланың мамандарымен тығыз жұмыс істейді. Атап айтқанда, психолог, нарколог, медиатор, адвокаттармен бірігіп, дауды соттан тыс шешу, отбасы құндылықтарын арттыру, отбасылық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және балаға қолайлы әділеттілікті қалыптастыру, психологиялық, наркологиялық көмек көрсетудің алгоритмін анықтау бойынша күрделі істерді ортақ қарайды.
Ювеналды әділетті отандық сот жүйесіне енгізудің басты себебі неде? Алғышарттары қандай? Бұл сұрақтарды біз Ақмола облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дариға Оспановаға қойған едік. Сот төрағасының айтуынша, ювеналды әділет – бұл тек кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың кешені емес. Ол сондай-ақ жеткіншектерге қатысты сот төрелігін жүзеге асыратын әрі тиісті заңнаманы қамтитын жүйе.
«Бала құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының негізгісі. Бұл өз кезегінде ел Конституциясы кепілдік берген, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен халықаралық шарттарда бекітіліп, баланың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығын көздейді», дейді ол.
Рас, кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету оларды құқықтық қорғаумен тікелей байланысты. Ал құқықтық қорғау дегеніміз кәмелетке толмаған жеткіншектің тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтиды. «Яғни баланың тәрбиесі, білімі, оның денсаулығын сақтау, еңбекке араластыру, демалысы, әлеуметтік қамсыздандыру – осының барлығы назардан тыс қалмайды. Әлемдік тәжірибеде кәмелетке толмағандардың тыныс-тіршілігін қорғай отырып, олардың қоғамға етене араласуы кәмелетке толмағандарға арналған сот төрелігінің мамандандырылған жүйесі, басқаша айтқанда, ювеналды әділет арқылы жүзеге асырылады», деп түсіндіріп өтті Дариға Оспанова.
Сот төрағасының айтуынша, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құру кезінде ағылшын-саксондық және континенталдық модельдерге басымдық беріледі. Алайда заң құзыреті тұрғысынан әр елде түрлі көзқарас қалыптасып, кейіннен осы қос модель шеңберінде өзіндік негіз айқындалған. «Бірақ қалай қарасақ та, халықаралық тәжірибе ювеналды әділет әлеуметтік оңалту және сот төрелігін қалпына келтіру қағидаттарына негізделген кәмелетке толмағандарға арналған сот төрелігінің мамандандырылған жүйесін білдіретінін көрсетеді. Мәселен, кейінгі жылдары елімізде де балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылықтарының алдын алу қызметіне көзқарас түбегейлі өзгерді. Өскелең ұрпақты дамыту, қолдау мақсатында барлық жағдай жасалған, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қараусыз қалуы және құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесі жұмыс істейді», деп атап өтті спикер.
Десек те, спикер барға тоқмейілсудің қажеті жоқ екенін ескертіп өтті. «Өйткені балалар мен жасөспірімдердің қылмыстылық ахуалын талдау жұмыстары бұл бағыттағы алдын алу саласында да, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде де қосымша шаралар қолдану қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан да елімізде ювеналды әділет жүйесін қалыптастыру және дамыту – әлеуметтік саясаттың көкейкесті және қажет бағыттарының бірі болып қала бермек», деді мәселенің тереңіне үңілген Дариға Оспанова.
Елімізде ювеналды сот құрылғанға дейін, мысалы 2010 жылы республика бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 4 мыңнан асқан. Оның ішінде 105 аса ауыр, 1 093 ауыр іс бар. Дәл осы деректерді 2021 жылға қатысты қарастырсақ, ел көлемінде 1 529 қылмыс тіркелген, ал 2020 жылы бұл сан 1 873-ке жеткен.
Бүгінгі күні мемлекеттің кәмелет жасына толмағандарға қатысты ұстанған саясаты оң нәтиже көрсетіп отыр. Осылайша жасөспірімдер жасаған қылмыс азайып, сәйкесінше қоғамнан оқшаулау мекемелеріне жіберілген жеткіншектердің саны да бірнеше есе кеміген.
Ел көлемінде кәмелет жасына толмағандарға қатысты жазаларды атқару ісін 213 қылмыстық-атқару инспекциясы, 4 тәрбие колониясы, сондай-ақ ЛА-155/4 жалпы режімдегі түзеу мекемесінің аумағында орналасқан кәмелет жасына толмаған қыздарды ұстауға арналған оқшаулау учаскесі орындайды. Алайда Дариға Оспанова «пенитенциарлық мекемелерде болу баланы түземегені былай тұрсын, тіпті өмір, отбасылық тәрбие кезінде қалыптасқан теріс мінез-құлықты одан әрі ушықтырып жібереді» дейді. «Психологиялық зерттеулер, режімдік мекеме жағдайында бір жарым жыл болғаннан кейін жеке адамның құрылымында, ересек адамның психикасында түзеуге келмейтін өзгерістер жүретінін көрсетіп отыр. Бұл баланы кейіннен оңалту мен қоғамда қайта әлеуметтендіруді қиындатады. Жасөспірімнің қалыптаспаған психикасының тез «шытынайтынын», ал қалпына келтіру үдерісін неғұрлым қиын да көп еңбектенуді қажет ететінін ескеру қажет», дейді спикер.
Қылмысқа қандай балалар барады? Осы сұрақ төңірегінде жүргізілген әлеуметтік және психологиялық зерттеулердің қорытындысы көңіл көншітпейді. Себебі онда қылмысқа баратын жеткіншектердің дені толық емес, табысы аз, әлеуметтік жағдайы нашар, көпбалалы отбасыдан шығатыны айтылады. Осыған орай сот төрағасы Дариға Қазбекқызы балалар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алуда отбасы мен мектептің рөлі өте маңызды екенін алға тартты.
«Мектеп баланың ғана тәрбиесімен шектелмей, қажет болған жағдайда ата-аналарды да бағыттай отырып, тәрбиелеу ісіне етене араласуға тиіс. Нәтижелі жұмыс үшін 50 оқушыға 1 психолог бекіткен жөн. Маманды осы тәсілмен бөлген жағдайда ол оқушымен де, оның ата-анасымен де жан-жақты жұмыс істей алады. Осылайша, бір мектепке 10-12 психолог штат бойынша жұмыс істейді», деген спикер «Рухы мықты және дені сау ұрпақ тәрбиелеу – қоғам мен мемлекеттің басты жетістігі» екенін атап өтті. «Ал бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақпен жұмыс істейтін әрбір адам барынша өз үлесін қосып, бұл жұмысты ең биік міндет деп қабылдаған жағдайда ғана нәтиже болады. Мектепке баланы қабылдаған сәттен бастап оның психологиялық бейнесін ата-ана, психолог және мектептің қатысуымен қалыптастыру керек. Оқушы өскен сайын оның «психологиялық картасы» толықтырылып отыруға тиіс. Жұмысты осылай ұйымдастыра отырып, девианттық мінез-құлыққа, қиялға бейім, эгоист, тәкаппар, жасырын агрессияға жақын балаларды анықтап, уақтылы психологиялық диагностика және профилактикалық жұмыстар жүргізуге болады. Яғни тәрбиелеу жоспар бойынша әр балаға жеке жүргізілуі керек. Сонда ғана баланың мінез-құлықтарындағы теріс көріністердің алдын алуға болады», дейді Дариға Оспанова.
Сонымен қатар сот төрағасы сынып сағаттары сабақтарының санын арттыру қажет деп санайды. «Сабаққа қатысқан ата-ана баласының сыныптағы мінез-құлқын бақылап, оның қоғамда өз орнын табуына түрткі бола алады, баланың тәртібін түзеп, мінезін дұрыстауға іштен араласады. Осылайша, әрбір ата-ана баласының мінез-құлқындағы, мүмкін отбасындағы ағат қылықтары туралы ақпаратқа көзін жеткізіп, психокоррекцияға атсалысады. Негізі біздің алдымызда тұрған мәселе – бала тәрбиесі ғана емес, ең маңыздысы – баланы тәрбиелеуге өзіміз дайынбыз ба, жоқ па деген сұрақ», деді спикер.
Сот төрағасы Мемлекет басшысының сот жүйесіне қатысты белгілеген реформаларға сай ювеналды соттарда, оның ішінде осы мәселені реттейтін заңнамаға бірқатар толықтыру енгізу қажет деп санайды. Оның ең алғашқысы – ата-ана қамқорлығынсыз қалған кәмелет жасына толмаған балаларға тәлімгер тағайындау мәселесі. «Бұл мәселе қоғам үшін өте маңызды. Тәлімгерлік институты ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім балаларға индивидуалды қолдау көрсету арқылы олардың өз бетінше өмір сүруіне икемдеп, үлкен өмір жолына дайындауды мақсат етеді. Сондай-ақ отбасының қоғам мен мемлекет алдындағы дәрежесін арттыру мақсатында отбасылық зорлық-зомбылыққа төзімсіздікті қабылдап, отбасылық қарым-қатынастарды реттеуді заңда негізгі қағида етіп қалыптастыру қажет», деді ол.
«Ювеналды сотта кәмелет жасына толмағандарға қатысты ғана емес, отбасына қатысты даулар қаралғаны жөн. Ал мамандандырылған соттың құзырына тиісті даулармен қатар, кәмелет жасына толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың арасындағы некені бұзу; кәмелет жасына толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың арасында ортақ мүлікті бөлу; кәмелет жасына толмаған баламен тұрмайтын ата-анасы мен оның жақын туыстарының кәмелет жасына толмаған баламен араласу тәртібін анықтау; заң негізінде емес, басқа адамдардан баланы алу; алимент мөлшерін өзгерту; алимент төлеуден босату; алимент бойынша берешекті төлеуден босату; кәмелет жасына толмаған баланың мұрагерлік құқықтарын қорғау бойынша даулар қаралуы қажет», деп санайды сот төрағасы. Себебі оның айтуынша, Отбасылық соттарды құрудағы басты мақсат – ана мен баланы қорғау тетіктерінің тиімділігін арттырып, отбасы институтын нығайту болып саналады.