• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Маусым, 2014

Алғашқы съезде алдағы іс-шаралар анықталды

239 рет
көрсетілді

Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының І съезі болды

Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның Ұлттық кә­сіп­керлер палатасының I съезі өтті. Онда бизнес-қауымдастық көздеген айқын мақсат, зор міндеттер анықталды. Съезге Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен бірқатар Үкімет мүшелері және палатаның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты. Ал аймақтардан 116 делегат келіпті. Бұлармен қатар, Ұлттық кә­сіп­керлер палатасының жоғары органының жиынына мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, палата­ның өңірлік кеңес мүшелері, сала­лық қауымдастықтар мен қоғам­дық ұйымдардың және биз­нестің өкілдері қатысып отыр­ды. Съезді аш­қан төралқа төрағасы Т.Құлыбаев жиынның маңыз­дылығына тоқ­талып, Елбасының бақылауында тұр­ған палатаның алқалы басқо­суына Премьер-Ми­нис­трдің арнайы келіп қатысып отыр­ғанына ризашылығын біл­дірді. Сөйтіп, күн тәртібіне шығатын мә­селелерді алға тартты. Бірінші – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының осы күнге дей­ін атқарылған жұмыстар жөнін­дегі есебі тыңдалатынын айтты. Екінші – палатаның тексеру ко­мис­сиясының қызметімен танысып, оның қорытындылары шыға­рылатындығын мәлімдеді. Үшінші – палатаның 2014-2017 жыл­дарға арналған даму страте­гия­­сы таныс­тырылатынын жеткізді. Т.Құлыбаевтың айтуына қара­ғанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар күш-жігерді отандық биз­нес­тің еркін дамуы үшін Үкімет пен биз­нес арасында сенімді әріптес болуға жұмсап жатыр екен. Сондай-ақ, кәсіп­керлердің қ­ұ­қықтарын қорғау мен талап-тілектерін орындау бары­сында да бірталай жұмыс атқа­рылған. Атап айтқанда, ақпан айынан бері кәсіпкерлікке байланысты заңна­маларға түзету енгізу туралы 410 ұсыныс жасалып, оның 239-ы мақұл­данған. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері атқарылған жұмыстар туралы баян­даған палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты. Мұнымен бірге, өткен жылы ҰКП жанынан кәсіпкерлер құқын қор­ғау жөніндегі кеңес құ­ры­лыпты. Пар­ламент депутаттары, Бас прокуратура, қаржы полициясы, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері мүшелік ететін кеңес­те 45 кәсіпкердің өтініш-ары­зы қаралып, нақты көмек көр­сетіліпті. Сондай-ақ, бизнес-қау­ым­дастықта бір­ыңғай байланыс орталығы жұ­мыс істейді екен. Басқарма төраға­сы­ның сөзіне қарағанда, ҰКП-ға кә­сіп­керлердің құқықтарына бай­ланысты 595 өті­ніш келіп, оның 372-і қаралып, нақты көмек көрсетіліп, кедергілер жойылған. Соңғы екі айда бизнесмендерден түскен арыз-шағым саны екі есеге артыпты. Кәсіпкерлердің іс жүргізуіне ке­дер­гі келтіріп отырған түйткілді мәсе­ле­лерді анықтауға және оларды шешу мақсатында ҰКП кәсіпкерлердің өті­ніштері мен мәселелерінің тізі­лімін түзіп шыққан. Сөйтіп, бизнес­мен­дердің қызметіне кереғар болатын 372 жүйелі мәселе тіркеліпті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының елде бизнес-омбудсмен қызметін дамыту жөніндегі бастамасы қолдау көріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бизнес-омбудсмен институтын енгізу туралы заң жобасы әзірленіп жатыр екен. Тағы бір атап өтерлік жағдай, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қо­ғамдастық мүддесін тек өз елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де қорғауға ынталы болып отыр екен. Оған ҰКП-ның Еуразиялық эко­но­микалық одақ туралы шартты әзір­леуге қатысуы дәлел бола алады. Еске салсақ, Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы одақ туралы шарт жобасына 120-дан астам ұсыныс енгізіп, оның 90 пайызы тараптардан қолдау тапқан еді. Сөйтіп, отандық кәсіпкерлер мүддесі келісімшарт жобасында анық ескеріліпті. Ал қазіргі уақытта ҰКП Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі жобасын әзірлеуге атсалысуда, деді А.Мырзахметов. Қауым құптарлық тағы бір бас­тама, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елдегі бизнес өкілдерін корпора­тивтік жауапкершілік саясатын ұста­нуға шақырып отыр. Палата «Ор­та­лық Азия Еуразия қоры» корпо­ра­тивтік қорымен бірлесе отырып, ТМД аумағында алғашқы болып Қазақ­стан­дағы бизнестің әлеуметтік-корпора­тивтік жауапкершілігі туралы ұлттық тұжырымдамасын әзірледі. Бұл құжат қазір Үкімет қарауына жіберілген. Мұнымен қатар, кәсіпкерлердің Ар-намыс кодексі де түзіліпті. Съезде қабылданған басты шешім – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2017 жылға дейінгі қалыптасу және даму стратегиясының қабылдануы. Бизнес-қауымдастықтың даму жос­парында ұзақ мерзімді, сондай-ақ, қыс­қа кезеңге құ­рылған мақсат-мін­деттер ай­қын­далыпты. Шағын және орта биз­нестің дамуы арқылы елдің экономикасы тұрақты, табысы толайым болады. Сондықтан, палата алдында тұрған ұзақ мерзімді міндет – 2030 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40 пай­ызға жеткізу. Қауымдастық атқара­тын қысқа мерзімді міндеттің бірегейі – кәсіпкерлік бастамаларды кө­бей­тіп, бизнестің күш-жігері мен қаржы­сын отандық экономиканың дамуына жұмсау. Баяндамашыларды тыңдап болған соң Т.Құлыбаев «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдын­да тұрған басты міндет – кәсіп­керлерге жағдай жасау арқылы елдегі кәсіпкерліктің сапа­лы дамуын қамтамасыз ету», деді. Сөйтіп, құттықтау және съез­­дің қорытындылау сөзін Пре­мьер-Ми­нистр К.Мәсімовке ұсын­ды. «Құрметтi делегаттар және съезд қонақ­тары! Сiздердi Ұлт­тық кәсiпкер­лер палатасының I съезiмен құттық­тай­мын. Тәуел­сiздiгiмiздiң алғашқы күнiнен бастап Мемлекет басшысы отандық бизнестiң мәнi мен рө­лiн ерекше атап көрсетiп келедi. Нәти­жесінде, Елбасымыздың қолдауымен Ұлт­тық кәсiпкерлер палатасы құрылды», дедi Үкімет басшысы. Премьер-Министр ҰКП мү­ше­ле­рiне отандық бизнестi дамыту мен қол­дау бойынша үлкен мiндеттер қойылып отырғанын да атап айтты. «Қысқа уақыт iшiнде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, ең бастысы, маңызды экономикалық мәселелердi талқылауға белсене атса­лысып жатқандарыңыз көңiл қуантады. Үкiметтегi маңыз­ды мәжi­лiстер мен отырыстар сiз­дердiң қаты­су­ларыңызбен өтуде. Өйткенi, сiздер­дiң пiкiрлерiңiз бiзге өте маңызды. Президент жа­нындағы Ұлттық инвес­торлар кеңесi, Үкiметтiң жанындағы Бiрыңғай үйлестiру орталығы, әрбiр мемлекеттiк органдардағы сараптама кеңестерi осы үшiн құрылған болатын», деп жалғады ол сөзін. «Экономика министрлiгiне ҰКП және мүдделi органдармен бiрлесе отырып, бiр айдың iшiнде Ұлттық палатада аккредиттелген ұйымдар мен қауымдастықтарды салалық зерттеулер жүргiзу, стандарттар мен регламенттердi әзiрлеу үдерiстерiне белсендi тарту мүмкiндiктерi туралы ұсыныстар әзiрлеп, Үкiметке енгiзуді тапсырамын. Сондай-ақ, стартап жобалар бойынша ауылдық жерлердегі бизнеске қаржы құралдардың қол­же­тiмдi болу мәселесi бұрынғыдай оңтайлы шешіліп келеді. Бұл, әсiре­се, агарарлық салаға қатысты болып отыр. Бақытжан Әбдiрұлы (Пре­мьер-Министрдiң бiрiншi орынба­сары Бақытжан Сағынтаев), сiзге даму институттары несиелiк ресурс­тарының қолжетiмдiлiгi бойынша мү­д­делi тараптардың барлығының қатысуымен жеке жиналыс өткiзудi және бiр ай iшiнде Үкiметке бұл мә­се­ленi шешу бойынша ұсыныстар ен­гiзуді тапсырамын», деп бір түйіндеді К.Мәсiмов. Үкiмет басшысы, сонымен қатар, сауда жасау мәселесiн де көтердi. «Базарлар 90-жылдардан бастап құрылып, бүгінгі күнге дейін жетiп отыр. Ол кезде тауар жетiспеушiлiгi сезіліп, базарларда сауда жасаудан басқа амал болмады. Бұл мәселенi бiз қарастырып, талқылап, тиiстi ше­шiм қабылдауымыз керек. Саланы тәр­тiпке келтiре отырып, өркениетке қарай бағыттауға тиіспіз. Бақытжан Әбдiрұлы, Сіз осы мәселенi сараптап, Үкiмет отырысына шығарыңыз», деп аяқтады ол сөзін. Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының тәжірибесі мен беделі еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту игілігіне пайдаланылады. Мұны съезде палата төралқасының төрағасы Т.Құлыбаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық палата шешімдер қабылдау деңгейіне дейін өсуі тиіс. Бұл оның қызметкерлерінің құзыреті болғанда, ұйымдастырушылық құрылымдары дұрыс қалып­тас­тырылғанда және келіссөздерді сауатты жүргізе алғанда ғана мүмкін болмақ. «Сіздердің тәжі­рибелеріңізді, білімдеріңізді, бедел­деріңізді біз еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту игілігіне пайдаланамыз. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдында 2050 жылға қарай экономиканы әртараптандыруды 50 пайызға жет­кізу міндеті тұр. Экономика және қаржы мәселелері жөніндегі сарап­шылық кеңесте біз осы мәселені тал­қылай келе, ҰКП-ның маңызды мін­деттерінің бірі сапалы өсімді қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау екендігі турасында түсінікке келдік. Ұлттық кәсіп­керлер палатасы бұл тұрғыда маңыз­ды рөл атқаратын болады», деді төралқа төрағасы. Соңғы өнімге арналған бір субсидия беру мәселесін қарастыру қажет екенін де айтты ол. «Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 20-дан астам субсидия бар. Енді бұған қосымша соңғы өнімге де арналған бір субсидия беру туралы мәселені қарастыру қажет. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін әкімшілік шығындарды жеңілдетуге, мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқартуға мүмкіндік берген жөн. Келесі бір проблема – шағын және орта бизнестің ақпаратқа қолжетімділігінің болмауы. Мәселен, бүгінде фермерлер субсидияның қандай түрлері бар екенін, ұсынылу шарттарын білмейді. Палата пайымынша, бұл да шағын және орта бизнес қызметін жетілдіру үшін қосымша дәйек болып саналады», деді А.Мырзахметов. Съезде осы ұйымның басқарма төра­ғасының орынбасары Заңғар Ноғайбай палатаға мүше кәсіпкер­лердің міндетті жарналық төлемдеріне қатысты баяндай келе, алдағы айларда жарналық төлемді төлеу түрін өзгертуді қарастыратындықтарын мәлімдеді. «Біз алдағы күндері міндетті жарналық төлемді төлеу түрін өзгерту мәселесін қолға алатын боламыз. Оның үш түрлі нұсқасын қарас­тырмақпыз. Алғашқысы – бүгінгі таңда қолданыстағы айлық есептік көрсеткіш негізінде белгілі бір мөл­шерді нақтылап, сол бойынша бірыңғай төлем жинап отыру. Ал одан кейінгі нұсқалардың бірі – кәсіпкердің қазынаға төлеген салығының белгілі бір мөлшерде пайыздық үлесін алу және соңғысы – кәсіпкер табысының көлеміне қарай, пайданың пайызын төлейтін жүйеге көшіру. Біз осы жылдың күз айларына дейін осы үш нұсқаны ел кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, жан-жақты талқылайтын боламыз. Ал нақты шешім қабылдауды осы жылдан қалдырмағанымыз жөн», деді З.Ноғайбай. Осы жылдың бірінші тоқсанында облыстық кәсіпкерлер палаталары мен ҰКП орталық аппаратының бюджетті орындауы 24,1 пайызды ғана құрапты. Бұл туралы Ұлттық палата тексеру комиссиясының төраға­сы Н.Құдайбергенов айтты. Оның мәліметіне қарағанда, ағымдағы жылдың 31 наурызынан тексеру комиссиясы Астана қаласының, Ақмола, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қара­ғанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының өңірлік кәсіпкерлер пала­тасының және ҰКП орталық аппаратының қаржы-шаруашылық қызметіне бақылау жүргізген. Жүргізілген сараптама өткен жылдың 4-ші тоқсанында бекітілген бюджет пен бөлінген қаржы арасындағы айырмашылықтар 36,6 пайызды құрағанын көрсетіпті. Оған мүшелік жарналардың 2014 жылдан бас­тап төленуі себеп болыпты. Ал үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында бұл көрсеткіш 24,1 пайызға орындалған. Осы жағдайлардан кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелік жарна жинайтын арнайы комиссия құрып отыр екен. «Мүшелік жарналардың нашар жиналуы қазіргі уақытта ең күрделі проблемалардың біріне айналды. Бұл палатаның әлсіздігін байқатып отыр», деп түйді сөзін. Съезде ҰКП төралқасының және басқармасының жаңа мүшелері сайланды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.