Мемлекеттік басқару академиясы мен Мұхаммед Бин Рашид Мемлекеттік басқару мектебі (MBRSG) арасында қос дипломдық бағдарлама ашылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
- Мухаммед Бин Рашид мектебінің Президенті Али Аль Марримен «Public Administration», «Public Policy» магистрлік бағдарламалары бойынша қос дипломдық ортақ бағдарлама ашу, білім алушылар мен профессорлық құрам арасында академиялық алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру, ортақ зерттеулер жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бағытындағы тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелерін талқылап, бірақатар келісімге келдік,- деді БАӘ сапарында қол жеткізген нәтижелерді сөз еткен Академия ректоры Ерлан Әбіл.Сонымен қатар Академия ректоры Ануар Гаргаш Дипломатиялық академиясының Бас директоры Николай Младеновпен кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, атап айтқанда, дипломатия және мемлекеттік басқару саласында бірлескен зерттеулер жүргізу, оқытушылық құраммен алмасу және білім алушыларға арналған тағылымдама ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру саласында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Ал Анвар Гаргаш Дипломатиялық академиясы өз кезегінде Парсы шығанағындағы Араб елдері жөнінде зерттеу жүргізетін Қазақстан зерттеушілерін Біріккен Араб Әмірліктеріне, ал Орта Азия елдеріне қызығушылығы бар өз академиясының профессорларын Қазақстанға жіберуді ұсынды.Еске салсақ, жыл басында Мемлекет басшысының БАӘ-ге ресми сапары барысында екі оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді.Кездесу соңында Анвар Гаргаш Дипломатиялық академиясы және Мухаммед Бин Рашид мектебінің басшылығы Академияның ұйымдастыруымен осы жылдың 27-28 сәуірінде өтетін жыл сайынғы халықаралық ғылыми конференцияда жүздесуге уағдаласты.