• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Наурыз, 2023

Күмбірлеген күй кеші

465 рет
көрсетілді

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының концерт залында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Тұрар Әліпбаевтың «Күй ғұмыр» атты кеші өтті.

Тұла бойы­на туа біткен ерек­ше өнерін Кереку жұртына паш еткен күйші бұл күні үлкен тебі­реніспен бірнеше күйді ерекше мә­нерде орындады. Соның бірі – Оқап Қабиғо­жин­нің «Адасқақ» күйі.

Бұл туын­ды – кө­ңіл күй­дің, өмір бұл­қыны­сының күйі. Бір­ден шымыр, тө­гіл­­тіп бастала­тын домбыра са­зы көкке өрлеп, бірде орнында құй­қылжып, енді бір мезетте құйынды сәттерге сілтейді. Күй­шінің бунақтағы шебер саусақтары біртіндеп төмен тарта бастап еді, өзін іштен жазғырған, өткеннен сабақ алған қасіретті жанның күрсінісі де құлаққа жеткендей болды. «Адасқақ» дауылдатып барып аяқталатын күй екен. Бұл күй авторының ішкі тебіренісі, алдағы қуанышты күндерге деген сенімінің сергектігі деп ұғындық.

Тұрар Әліпбаевтың айтуынша, 1934 жылы әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбанов Алматыға Қазақстанның әр түпкірінен мен деген үздік күйшілерді жинайды. Сонда 70-ке жуық күйші келіп, соның ішінде тек сегізінің орындауындағы күйлер Мәскеу қаласында үнтаспаға жазу үшін таңдалып алынған екен. Осы үркердей топта Оқап Қабиғожин де болған. Өнер иесі күй атасы Құрманғазы мен Динаның музыкалық мұрасын насихаттаушы еді. Одан бөлек, Жантөре, Түркеш, Соқыр Есжан, Дәулеткерей сияқты халық сазгерлерінің баға жетпес күйлерін сақтап, жаңғыртып музыкалық хорға қосуымен қатар, көптеген жасты домбырашылық өнерге баулыды. 1939 жылы Мәскеуде өткен халық таланттарының бүкілодақтық байқауына қатысқан. Өзі шығарған күйлерінің ішіндегі қомақтысы – «Адасқақ» күйі. «Адасқақты» кезінде Ертіс-Баян өңірінің тумасы, Қазақ КСР халық әртісі, күйші-домбырашы Рүстембек Омаров та шебер орындаған. Үнтаспада сақталып қалған нұсқасы бар. Өкінішке қарай, бұл күйді білетіндер қазіргі уақытта өте сирек.

Концертте Тұрар Әліпбаев Құрманғазының «Бай­жұма», Есірдің «Ақжарма», Өскенбайдың «Бұл­бұл ақжелең», Динаның «Бұлбұл», Қазанғаптың «Көкіл», «18 жасар Балжан қыз», «Сау бол, Балжан», Қ.Ахмедья­ровтың «Түбек толғау» және тағы басқа күй­лерді нақышына келтіріп орындады. Рухани кеште облыс­тық филармонияның Рүстембек Омаров атын­дағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі күйшінің шығарма­шылығынан туған бірнеше күйді тарту етті. Айта кетейік, бұл оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Талғат Кәрімов.

 

ПАВЛОДАР