• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Кино 12 Наурыз, 2023

Парсы сабағы

361 рет
көрсетілді

Бір адамның мүддесі бүтін ұлттың басына қара бұлт үйіруі мүмкін. Қазіргі майданның келбеті сондай. Уағында Гитлерге ерген немістер бармағын шайнаған. Сол соғыстың сорын біз де жұтқанбыз, есіңізде болса? Аналарымыз жастай жесір қалды, аталарымыз ерте есейді. Ал біз бүгін отыз бестің өзін жас көреміз. Айтпақшы, ұлы істер қанша жастан басталады? Парсы сабағы сізге де сабақ болсын, оқып шығыңыз...

Бұл – холокост туралы ең заманауи фильм. Шындыққа негізделген шығарма мазмұнымен тереңге тартады, жанды толғандырмай қоймайды. Мұнда бір ұлттың басына төнген қасіретті жылдардың ішкі айқайы мен ертеңге деген сенім әлдиі қоныстанған. Қанды күндерді біз ұмытқанмен, қарт тарих ұмытпайды екен. Ал сіз уақыт­ты ұмытшақ дейсіз... Фашистік көзқа­рас отына өртенген еврейлердің конц­лагерьдегі ақырғы минуты. Олар үшін әр күн – соңғы күн. Ертеңге жету үшін бүгіннің өңін бұзбау керек. Режиссер Вадим Перельман «Парсы сабағы» кинокартинасында адамның айласы ажалды да аттап өтетініне бәс тігеді. Тек ішкі сенімді өлтірмесеңіз болғаны.

Освенцимнің өртінен аман шыққан әйгілі психолог Виктор Франкл өз еңбегінде тұтқындар қолындағы бір тал темекіні ертең тартамын деген үмітпен жүретінін жазады. Бір тал темекіні бір үзім нанға немесе басқа да қажет затқа айырбастап алуға болады. Егер кімде-кімнің шылым шегіп отырғанын көрсеңіз, үміті сөнген екен дей беріңіз. Ақындарша айтсақ, «Жанып бітті темекідей күй ақыр». Біз мысалға алған туындыда сол жанкештілік пен өмір үшін күрес бар. Бір ауыз парсы тілін білмейтін еврей жігіті неміс офицеріне парсы тілінен сабақ береді. Ғажабы сол, өз ажалынан осылай айналып өтеді.

Нацистер Бельгия аумағын басып алған соң, мұндағы еврейлерді бір­ден оққа байлады. Міне, тағы бір топ тұтқын­ды көлікке тиеп, орманға әкеле жатыр. Олардың ішінде қалтасына тоқашын тыққан Жиль де отыр. Оны байқаған аш-құрсақ жерлесі қолындағы кітапқа тәтті нанды айырбастауын өтінеді. Ақыры өлетінін сезген Жиль қайтсін, қарсы болмайды. Тоғайға келген соң фашистер тұтқындарды біртіндеп ата бастайды. Сол сәтте ол қулыққа басып, өзінің парсы екенін айтып, араша сұрайды. Сөзіне дәлел ретінде қолындағы араб қарпімен жазылған кітапты көрсетеді.

Оның бағына орай сол уақытта лагерьдегі бас аспаз Клаус парсы тілін үйреніп, Тегеранда мейрамхана ашуды армандап жүрген еді. Сарбаздар тәтті шпрот үшін Жильді офицерге сыйлыққа ұсынады. Әрі қарай еврей жігітінің қатерге толы жансауға ғұмыры басталады. Ал күдікпен қарағандарға «әкем – белгиялық, шешем – парсы» деп құтылады. Сөйтіп, күндіз ыдыс-аяқ жуушы, түнде асхана басшысының жеке репетиторына айналады.

Бұдан әрі қарай фильмнің шарықтау шегі басталады. Талап бойынша тұтқын күніне кем дегенде он парсы сөзін үйре­туі қажет. Өмірінде парсы әліппесі былай тұрсын, парсының өзін көрмеген Жиль ойдан жаңа сөздер құрай бастайды. Және оның әрқайсысына ресми тәржіме жасайды. Әрбір сөзді офицерге жаттатып қана қоймай, өзі де ұмытпауы шарт. Қиялдан құрастырған он сөз – ертеңгі өмірінің билеті. Енді артқа шегінер жол жоқ.

Әлемге бейтаныс күніне бірнеше сөз ойлап табу Жильге оңайға соқпайды. Уақыт өте түгесіле бастайды. Есте сақтау қабілеті қанша мықты болғанымен, тығырықтан шығар тағы бір амал ке­рек-ақ. Бір күні өзі секілді еркінен айы­рылған еврейлерге шалап құйып беріп отырып, әншейін бірінің есімін сұрай­ды. Сол сәтте оның ойына тағы бір айла жіптей байланады. Енді ол әрбір тұтқынның атынан жаңа сөз жасайды. Бұл әрі жаттауға жеңіл.

Осы қым-қуыт шақта бізді қайран қалдырған режиссер Перельманның қауырт шешімдері. Оның кейіпкерлері бір бағытта емес, параллель, кейде бір-біріне қарама-қарсы жүреді. Көрер­­менді әртүрлі түстің шырмауы­на салуымен әсерлі. Мәселен, сіз аққа бояған фигура соңында түндей түнеруі мүмкін. Қайшылықтар шеруін, қорлауға құмарлықты, иісалмас жауыз­дықты бере отырып, стереотиптерден қашады. Нацистердің бәрі бірдей деген тұжырымнан бас тартып, олардан да аңғалдық һәм мейірім іздейді. Әрі шығарманың нүктесі қойылғанша соны табады да.

Қараңыз, режиссер фильм барысында Жильдің тағы бір қырын суреттейді. Оның қолтаңбасы жоғарыға үнемі есеп беріп отыратын бас аспазшыны таңдай қақтырады. Сөйтіп, тұтқынның оқытушы ғана емес, хатшы ретінде қызметі өседі. Бұл бір-біріне керағар екі тұлғаны жақындастыра түседі. Агрессивті актердің ойыны нәзік иро­нияларға бойлап, эмпатия түзеді. Екеуара достық формуласын сызады. Осылай экран сыртындағы көрерменнің моральдық күшін сынайды.

Жильдің жады кездейсоқ әріптерден құралған жалған парсы сөздігі ғана емес, мыңдаған құрбандардың тарихы. Онда жазықсыз жапа шеккен талай адамның есім-сойы жасырынған. Нацистер кейін шегінгенде лагерьді өртеуді ұйғарады. Клаус сарбаздардың қарсылығына қарамай, досына бостандық сыйлайды. Ал өзі парсы тілін білемін деп жалған сөйлегені үшін әуежайда тұтқындалады. Тұтқынға имандай сенген оның тағдыры трагедиямен аяқталады. Ал Жиль конц­лагерьде қаза тапқандарды қағазға түсіріп, ертеңгі күніне жымия қарайды.