Қазіргі кезде Қазақстанда шорт-трек айтарлықтай дамып келеді. Әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында, Дүниежүзілік Универсиадада, бірқатар халықаралық және құрлықтық жарыстарда жүлделі орындарға ілігуіміз осы сөзіміздің айқын дәлелі. Сол секілді Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында да тәуір өнер көрсетіп жүрміз. Бірақ аталған соңғы үш байрақты бәсекеде жерлестерімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады.
Шорт-тректен әлем чемпионаты 1976 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бері дүбірлі доданың жалауы 46 мәрте желбіреді. Бұл бәсекелерде 10 жүлде жиынтығы сарапқа салынып жүр. Атап айтсақ, ерлер мен әйелдер 500, 1 000, 1 500 метрлік қашықтық пен көпса- йыста бақ сынайды. Одан бөлек, қыздар 3 000 метрлік және жігіттер 5 000 метрлік эстафетада өнер көрсетеді.
1976-2022 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында ең көп олжаға кенелген команда – Оңтүстік Корея құрамасы. Осы спорт түрін ойлап тапқан олар 221 (90 алтын+68 күміс+63 қола) жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындарда – Қытай (64+43+40) мен Канада (61+73+61). Үздік бестікті АҚШ (16+16+30) пен Жапония (13+19+21) түйіндеп тұр. Сондай-ақ жеңіс тұғырына көтерілгендер қатарында Нидерланд (9+13+9), Ұлыбритания (7+10+9), Италия (5+13+20), Ресей (3+2+1), Аустралия (2+5+3), Мажарстан (1+5+3), Болгария (1+2+6), Жаңа Зеландия (1+1+0), Германия (0+1+1), КСРО (0+1+0) және Франция мен Бельгия (0+0+4) бар. Міне, төрткүл дүниенің үздіктері жиналған жарыста бар-жоғы осы 17 мемлекеттің өкілдері ғана жеңіс тұғырына көтерілген екен.
Жекелеген спортшылар арасынан Ян Янды (А) бөле-жара атап өтуге болады. Қытайдың мақтанышы 1994-2005 жылдар аралығында ұйымдастырылған дүниежүзілік додаларда 45 (30+11+4) жүлде алды. Канадалық Сильви Дэгль (28+9+2) мен Натали Ламбердің (22+9+6) табыстарына да тамсанбау мүмкін емес. Оңтүстік Кореяның намысын қорғап, кейіннен Ресейге қоныс аударған Виктор Ан 36 рет (21+11+4) жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Бұл – ерлер арасындағы ең үздік көрсеткіш. Үздік бестіктің қатарына Аспанасты елінің тағы бір өкілі Ван Мэй еніп отыр. Ол да 36 (20+13+3) медальге иелік етті.
Былтыр Канаданың Монреаль қаласында шымылдығы түрілген әлем чемпионатында да Оңтүстік Корея құрамасы озды. Олар 9 (5+1+3) жүлде олжалады. Мажарстан (4+0+0) екінші орынға тұрақтаса, Нидерланд (1+1+4) үшінші сатыға жайғасты. Жарыс қожайындары сегіз жүлде (0+7+1) алғанымен, алтын медаль жоқтығынан төртінші орында қалып қойды. Бесінші және алтыншы сатыларға Франция (0+1+0) мен Бельгия (0+0+2) табан тіреді. Үйеңкі жапырақтар еліндегі жарыста мажарстандық Шаоанг Лю мен кореялық Чхве Мин Джон жасындай жарқылдады. 24 жастағы саңлақтың әрқайсысы төрт-төрт алтыннан иеленді.
Күні кеше Сеулде аяқталған әлемдік додада Қазақстан құрамасы сапында Ольга Тихонова, Яна Хан, Мәдина Жанбосынова, Алина Әжіғалиева, Мәлика Ермек, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Нұртілек Қажығали, Еркебұлан Шамұханов және Антон Хван сынды шорт-трекшілер өнер көрсетті. Бұл спортшылардың біразының есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Мәселен, Абзал былтыр Бейжіңде алауы тұтанған Олимпия ойындарының ашылу салтанатында Қазақ елінің Көк байрағын ұстап шықты. 500 метрлік сайыста ол жеңіс түғырына сынық сүйем ғана жетпей, төртінші орынды қанағат тұтты. Құрамында Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова, Яна Хан, Денис Никиша және Абзал Әжіғалиев сынды ұл-қыздары бар жерлестеріміз аталған жарыстың аралас эстафетасында бесінші орын алды. Олар әлем чемпионаттарында жүлдеге қол жеткізе алмаса да, көңіл көншітерліктей нәтиже көрсетіп жүр. Сонымен қатар бұл спортшылар Әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында да жүлдеден құралақан қалған емес. Әр жылдары отандастарымыздың мойындарында түрлі-түсті медальдар жарқырады.
Жақында Сеулде аяқталған әлем чемпионатында сол олқылықтың орны толып, жерлестеріміз өздерінің жарқын жеңісімен өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттендік. Өкінішке қарай, олай болмады. Қазақстанның шорт-трек шеберлері арасынан тек Денис Никишаның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге тамаша мүмкіндігі болды. 27 жастағы Қостанай облысының түлегі 500 метрлік сайыста финалға шыққанымен, қорытынды есепте төртінші орынды қанағат тұтты. Ол әлем чемпионатында үш рет қола медаль иеленіп, Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері атанған италиялық Пьетро Сигель, Бейжің Олимпиадасында жүлделердің толық жиынтығын жеңіп алған канадалық Стивен Дюбуа және әлем мен Еуропа чемпионы нидерландтық Йенс ван’т Воуттан қалып қойды. Өзге отандастарымыз жүлделі орындар үшін таласа алмады.
Аталған жарыстың жалпыкомандалық есебінде Нидерландтың шорт-трекшілері шашаларына шаң жұқтырмады. Қызғалдақтар елінің өкілдері 5 алтын, 1 күміс және 2 қоланы олжалады. Қоржынында 2 алтын, 3 күміс және 1 қоласы бар Оңтүстік Корея құрамасы екінші орынды иеленсе, 1 алтын, 2 күміс және 2 қоланы еншілеген Италияның спортшылары үшінші сатыға жайғасты. Жекелеген спортшылар арасынан Ксандра Велзебурдің асқан шеберлігіне тәнті болдық. 2021 жылы Дордрехт пен 2022 жылы Монреальдағы әлем чемпионаттарында бір-бір алтыннан алған ол Сеулде үш мәрте өз елінің әнұранын шырқатты. Сондай-ақ 21 жастағы нидерландтық бұрымдының Олимпия ойындарының жеңімпазы деген атағы тағы бар.