• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 15 Наурыз, 2023

Дала жұмыстарына қызу дайындық

195 рет
көрсетілді

Енді аз күндерден кейін еліміздің терістік өңірлері көктемгі егіске жең түре кіріседі. Қазір шаруақор басшылар оны тиімді өткізуді ойлап, керек-жарақтарын қамдап жүр. Былтыр күзде жауын-шашын жылдағы нормадан аздау түсті. Қазанның 23-і мен ақпанның 20-ы аралығында түскен қар жылдағы нормадан кем емес, бірақ ала-құла.

Кейбір өңірде қалың болса, кейбір жерде қар жұқа, әне-міне дегенше жер де қарайып қалар. Наурыз бізде боран айы деп ата­лады, әзірге қардың борауы күш­ті. Шаруақор жандар оны егіс ала­ңында ұстап қалу үшін қар тоқ­т­атумен жіті айналысуда.

Егіс алқабының көлемі 4,4 млн гектар болатын Солтүстік Қазақстан облысы – Қостанай облысынан кейінгі екінші астық қамбасы. Былтыр осы егістің 3,1 млн гектарына – дәнді дақылдар, 1 млн гектарға жуығына – майлы дақылдар, қалғанына картоп және басқа да көкөністер мен жемшөп егілген. Биыл Мемлекет басшысының қолданылмай жат­қан жерлерді қайтару туралы талабын іске асырудың арқасында егіс көлемі 4,5 млн гектарға ұл­­ғайды. Соның ішінде дәнді да­қыл­­дардың аумағы 3,2 млн гек­тар­ға арттырылмақ.

Жуырда облыстық ауыл­шар­уа­шылығы басқар­ма­сының бастығы Мейрам Меңдібаевқа жо­лыққанымызда ол облыс әкі­мі­нің азық-түлік қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету және ішкі на­рық­ты әлеуметтік маңызы бар өнім­дермен толықтыру туралы тапсырмасына сәйкес биыл қарақұмықты 3 есе, картопты 1,5 есе, сәбіз бен қырыққабатты 2 есе артық егіп, облыстың сұранысын толық жабу жоспарланғанын айтты.

Көкөніс өнімдерін арттыруға байланысты облыста 10,5 мың тонна өнім сақтай алатын 4 жаңа қойма салынбақ. Ол міндет «Агрос» ШҚ, «Стрелец», «Алтын мұра», және Наурыз» ЖШС-ларына жүктеліп отыр. Бұрын облыста 59,2 мың тонна картоп пен көкөніс сақтай алатын 59 қойма бар еді. Оның 21-і өнімдерді мамыр-маусым айларына дейін салқындатқыш құрылғылардың арқасында сақтай алатын. Соның ішінде 7,5 мың тонна сақтай алатын екеуі соңғы екі жылда са­лын­ды.

Өңірде ауылшаруашылығы дақылдарын өсіруге қажетті су сақтау технологиялары мен суару жүйесінің әлеуеті де жоғары. Қазір ауылшаруашылығымен ай­на­лысушылар оның пайдалы екендігіне көздері жеткен соң бұл әдістерді қолдануды арттырып келеді. Осы жылы суару алқаптары 2 есе көбейіп, 5,1 млн гектарды құрайтын болады. Оның ішінде жаңбырлатып суаратыны – 4,6 мың, тамшылатып суаратыны – 467 гектар.

Астықтың өнімді болуының негізгі себептерінің бірі сапалы тұқым екені белгілі. Биылғы көктемгі егіс науқанына толықтай жететін 488,5 мың тонна сапалы тұқымды шаруалар ерте бастан қамдап алған. Былтыр шаруалар 43,7 мың тонна элиталық тұқым пайдаланған еді, соның арқасында сұрыптың жаңғыруы 9,2 пайызды құрады. Биыл осы көрсеткішті 9,5 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жыл сайын көктемгі егіс жұ­мыстарына кірісер алдында тұ­қымның сұрыпы, құрғақтығы, ылғалдылығы, шығымдылығы тек­серіліп отырады. Зертха­на­лар­дағы осы жұмыстың 1 пар­тия­сының бағасы – 6-дан 12 мың теңгеге дейін. Бүгінде зертханалардан өткізілуге 154 мың тонна тұқым түскен, соның 86 пайызы тексерілген.

Астық шығымдылығының тағы бір шарты – минералды ты­ңайт­қыштарды молырақ пай­да­лану екені елге аян. Биыл 3 млн гектар жерге 200 мың тонна ми­нералды тыңайтқыш себу жос­парланған. Соның 130 мың тоннасын сатып алатын жер­лер белгіленіп те қойған. Айта кететін болсақ, былтыр 2,7 млн гектар алқапқа 171,6 мың тонна минералды тыңайтқыш себілген еді. Қазір жерді тиімді пайдалану ережесіне сәйкес егіс алқабына минералды тыңайтқыш себу міндетті нормаға айналған. Ондайды қолданбайтындардың жер­лері тартылып алынады.

Фитосанитарлық диагнос­ти­каның деректеріне қарағанда егіс алқаптарын арамшөптен құтқаратын химиялық ерітінділер биыл 3,3 млн гектар жерге себі­ле­­ді деп күтілуде. Зиянкестер мен түр­лі өсімдіктің ауруына қарсы се­­бі­летін дәрілер 894,3 мың гек­тар­­ды қамтымақ.

Егіс науқанын нәтижелі өткізу техникалық жабдықтармен, машина-трактор паркін жөндеу және жаңалау, оны дайындаумен тікелей байланысты екені де мәлім. Биылғы егіс науқанын жүр­­гізуге түрлі үлгідегі 13 068 трак­тор (оның ішінде 4 мыңнан астам өнімділігі жоғары машина), 14 968 астық сепкіш, 1 418 заманауи өнімділігі жоғары егіс кешені қатысады деп жос­парлануда. Бүгінгі таңдағы тех­никаның дайындығы 95 пайыз­ды құрайды.

Биыл облыстың агроқұры­лым­­дары жалпы сомасы 69,5 млрд теңгені құрайтын 2 370 бір­­лік жаңа техника мен жабдық са­тып алуды жоспарлап отыр. Жыл басынан 4,4 млрд теңгеге 187 бірлік ауылшаруашылық тех­никасы сатып алынды (соның ішін­де 60 трактор, 8 комбайн, 1 егістік ке­шен, 49 дән сепкіштер).

Көктемгі егіске арналған жа­нар-жағар май қоры да анық­тал­ған. Биыл Үкімет көктемгі дала жұмыстарына арнап 73,6 мың тонна жеңілдетілген бағадағы ди­зельді отын бөліп қойды. Оны был­тырғыға қарағанда бір ай бұрын бөлгені де абырой болып отыр. Бұл – шаруа жанар-жа­ғар­май­дан тарықпайды деген сөз.

Мемлекеттің ауылшаруа­шы­­лығын қолдауға бөліп отыр­ған суб­сидиясы туралы да айта кете­тін болсақ, биыл оның көле­мі 59,6 млрд теңге болды. Был­тыр­ғы­дан 10 млрд теңгеге аз. Бірақ қайырымен бұйырса соның өзі аз көмек емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы