Президент Әкімшілігі басқарушы лауазымды тұлғалардың Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі саясатын жалғастыруда.
Апта сайынғы пішінде Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау бойынша Премьер-Министр Кеңсесі басшылығының, министрлердің орынбасарларының, жауапты хатшылардың, облыс әкімдері орынбасарлары мен ұлттық компаниялар басшыларының жүргізіліп жатқан жұмыс туралы есептерін тыңдау өткізіледі.
Президенттің 2010 жылдың 27 сәуіріндегі №976 Жарлығына сәйкес кезекті есеп беру қорытындылары бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапасыз орындағаны үшін 5 саяси мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Премьер-Министрдің өкімімен Мемлекет басшысының «Ел агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жасау бойынша» тапсырмасын сапасыз орындағаны үшін Ауыл шаруашылығы вице-министрі С.Омаровқа ескерту жарияланды.
Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстары әкімдерінің өкімдерімен:
– Мемлекет басшысының «Коммуналдық қызмет пен Жерұйық саябағының құрылысына төлем үшін біртұтас төлем құжатын енгізу бойынша» тапсырмасын сапасыз орындағаны үшін Астана қаласы әкімінің орынбасары В.Л.Крыловқа сөгіс жарияланды;
– Өскемен қаласындағы Қан орталығы құрылысын аяқтау мерзімін бірнеше мәрте ауыстырғаны, сондай-ақ, Мемлекет басшысының денсаулық сақтау нысандары бойынша тапсырмасы шеңберінде «350 дәрігерлік амбулаториялар мен емханалар құрылысы бойынша» құжаттамаларды уақтылы жасамағаны үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е.Текешовке қатаң сөгіс жарияланды, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Мұхамбетовке сөгіс жарияланды, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашовқа ескерту жарияланды.
Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау бойынша бірлескен жұмысы жалғастырылатын болады.