• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Партия 15 Наурыз, 2023

Кадр мәселесі қашанда өзекті

298 рет
көрсетілді

«Respublica» партиясының өкілдері Ақтау қаласындағы кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, жиналғандарға сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын түсіндіріп берді. Сондай-ақ партия өкілдері жұмыскерлердің сауалына жан-жақты жауап беруге тырысты.

Кездесулердің бірінде кадр мәселесі сөз болды. Мәселен, «ҚазАзот» кәсіпорны қызметкерлері химия мамандығын бітірушілер өндіріске аз келетінін айтты. «Химик болу үшін ҰБТ-да физика мен химия пәндерін таңдау керек. Ал бұл пәндерді түлектердің шамамен 1%-ы ғана таңдайды. Біз мұны өзгертуіміз керек. Сондықтан біз кәсіптік бағдар беруге үлкен көңіл бөлеміз. Жастар қайда баратынын, қай салада сұранысқа ие болатынын білуі үшін жұмыс берушілердің нақты мамандарға сұранысы туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру қажет», деді партия аппаратының жетекшісі, Мәжіліс депутаттығына кандидат Олжас Құспеков.

Психология мамандығы бойынша білімі бар, ерекше балалармен жұмыс істейтін кәсіпорын қызметкерлерінің бірі ДЦП және Даун синдромына шалдыққан балалардың жиілеп кеткені туралы мәселе көтерді. Атап айтқанда, 2015 жылдан бері облыста кәмелетке толмағандар арасындағы мұндай дерт 5 есеге өскен. Алайда оларға арналған мектептер мен оңалту орталықтары жеткіліксіз.

«Мен сертификаты бар клиникалық психологпын. Мен сіздің не туралы айтып тұрғаныңызды түсінемін. Бұл жағдайда екі негізгі мәселе бар: біріншісі аурумен туған балаларды не істеу керек, екіншісі болашақта аурушаңдықтың артуына жол бермеу үшін не істеу керек? Біздің партия интеграциялық және профилактикалық медицинаны дамытуға бағытталған бастамаларды қолға алып жатыр. Көп жағдайда отандық денсаулық сақтау саласына бұрыннан бар аурулардың салдарымен күресуге тура келеді. Біз аурудың салдарын болдырмауды ғана емес, сонымен қатар аурудың өзін де болдырмауды басты міндет деп санаймыз», деді «Respublica» партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Қуаныш Шонбай.

Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды туры аясында «Respublica» партиясының мүшелері қала ақсақалдарымен кездесу өткізіп, Адай ата кесенесіне барып, мәдени іс-шараларға қатысты.