• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнім 15 Наурыз, 2023

Балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы – акваөсіру

382 рет
көрсетілді

Сәуір айының басы – омыртқалы су жануарларының уылдырық шашатын мезгілі. Осыған байланысты заң жүзінде маусым айының орта шеніне дейін өзең-көлдерден балық аулауға тыйым салынатыны бар. Аталған жайтты біле тұра тор құрып, қармақ тастайтын азаматтар айтарлықтай айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатса да бұл кезеңде керек-жарағын сақадай сайлап, тұқымы құрып кету қаупіне шақ тұрған балықтарды елден тысқары аймақтарға жөнелтіп өз бизнесін дөңгелетіп отыратындар да жетіп артылады. Жауапты органдар осындай көлеңкелі айналыммен жүйелі күрес жүргізу мақсатында өткен жылы балық өнімдерін бақылаудың ақпараттық жүйесін енгізуді қолға алып және балық саласын бұдан әрі дамытуды субсидиялауда «Акваөсіру туралы» арнайы заң жобасы ведмоствоаралық комиссияда мақұлданды.

Біздегі балық шаруашылығы экономиканың даму жолында ерек­ше рөл атқарып қана қоймай, тұр­ғылықты халықты жұмыспен қам­тып отыр. Бүгінгі күні екі мың­ға тарта су қоймасында мың­­ның үстінде әлеуметтік нысан бар. Онда он бес мыңға жуық адам балық аулаумен айна­лы­сады. Әр өңір­дегі табиғи су­ қоймаларынан жыл са­йын шамамен 40-45 мың тон­на балық алынып, 72 кәсіп­орын өндеу жұ­мыстарын іске асырады. Ба­лық өнімдері Еуроодаққа экс­порт­талып, ішкі нарық пен көр­шілес елдерді қамтып отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Балық шаруашылық комитеті 2030 жыл­ға қарай жылына 270 мың тон­на­ға дейін балық өсіруді, іш­кі тұтынуды 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуды және импорт көле­мін 45 мың тоннадан 25 мың тон­наға дейін азайту қажеттілігі жос­парда екендігін айтқан. Өткен жыл­ғы Үкімет отырысын­да Эко­логия және табиғи ресурс­тар вице-министрі Әлия Шала­бе­кова мемлекет тарапынан қол­дау шаралары кеңейіп, балық шар­уа­шылығын дамыту үшін қолай­лы жағдайлар жасалған соң, кә­сіп­­кер­лердің балық өсіруге деген қызығушылығы жыл са­йын артып келеді деді. 2020 жыл­мен салыстырғанда балық өсіру шаруа­­шылықтарының саны 2 есе артып, 380-ге жеткен. Ал өсірілген балық көлемі соңғы 5 жылда жылына 3 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін көбейген.

«Табиғи су қоймаларындағы балық қорын пайдаланудың шегі бар екені белгілі. Көптеген су қой­ма­сында балық ресурстарының азай­ғаны байқалады. Балық өнім­де­рін ұлғайтудың жалғыз баламасы – акваөсіру. Өйткені тео­рия­лық тұрғыдан алғанда, ба­лық шаруашылығының әлеуеті 600 мың тоннаны құрауы мүмкін, бұл ретте негізгі үлестің 80%-дан астамы Маңғыстау об­лы­сының орта Каспий акватория­сына тиесілі. Мұнда тормен өсіру технологиясы бойынша Каспий албырты мен бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге болады. Осылайша, біз экс­порттық әлеуетті көтеріп қана қоймай, импортты алмас­ты­ру­ды да жүзеге асырар едік», дейді «Балық шаруашылығы ғылы­ми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қуаныш Исбеков.

Балық шаруашылығы маман­дарының ұсынысы еленіп, «Аква­өсі­ру туралы» заң жоба­сы­­ның тұжы­рымдамасы өткен жылдың қыркүйегінде ведомст­воаралық комиссияда мақұл­дан­ған. Заң жо­ба­сын Парламентке 2023 жыл­­дың қараша айында енгізу жоспарлануда. Онда екі бағыт бар, бірі – акваөсіру саласындағы қатынастарды реттеудің құқық­тық негізін қалыптастыру, екін­шісі – бизнес үшін қолайлы жағ­дай жасауды және салаға инвес­тиция тартуды мемлекеттік қол­дау­дың жаңа құралдарын енгізу.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының мәлі­ме­­тіне қарағанда, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде дүние жүзінде ең қарқынды дамып жатқан өндіріс. Онда өсірі­ле­тін балықтың әлемдік көле­мі 60 жыл бұрын небәрі 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түскен. Тіпті, соңғы 25 жылдың өзінде аква­өсі­ру көлемі 67 млн тоннаға жеткен. Ше­телдік тәжірибеге сүйене отырып осы бағыт бізде де жүзеге асы­рылмақшы.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2030 жылға қарай әр өңірдегі балық шаруа­шы­лығын да­мыту бағдарламасы бойын­ша 500-ден аса балық шаруа­шы­лығы құрылатынын айтады. Бірақ оның қыр-сырын біліп, мең­геріп отырған маман тапшы. Рес­­пуб­ликада жал­ғыз Сәкен Сей­­фул­лин атын­дағы Қазақ агро­­тех­ни­калық уни­верситеті балық шар­уа­шы­лы­ғы мамандарын дайындайды. Десек те оған түсушілер жоқтың қасы. Балықты аулау, өсіру және өңдеу білімді қажет етеді. Сол үшін балық өндірісін да­­мытамыз десек, білімге де кө­ңіл аудару керек. Әлі күнге дейін отандық балықты тұтынуға то­лық­тай қолжеткізе алмай отыр­ғанда, есесіне импорттың үлесі жоғары болып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсын­ған мәлімет бойынша жан басына шаққанда жылына 16 келі балық тұтыну қажет болады. Бұл қисынға салсақ, сонда еліміз бір жылда 300 тонна балық өсіруі керек екен.

Статистика бойынша 2022 жыл­­дың 11 айында 22,5 мың тон­на балық өнімі экспортталып, оның ішінде салқындатылған және мұздатылған балықтардың үлесі экспорттың жалпы көлемі­нің жартысынан астамын құра­ған. Ал балық шикізатына экспорт­тық сұраныс көрсеткіші дайын балық өнімдерінен жоғары. Со­ны­мен қатар өңделген балық­тың экспорттық бағасы өңдел­ме­ген балыққа қарағанда бес есе қымбат. Бұған дейін Эколо­гия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігі бизнес өкілдерімен және қоғамдық бірлестіктермен бірге өңделмеген балықты экспорт­тау­ға шектеулер енгізу туралы мәселені талқылаған еді. Кеңеске қатысушылар ірі бөлшекті балық түр­лерінен бастап экспортқа шек­теулерді біртіндеп енгізуді ұсынды.

Өңделмеген балық экспорты­на шектеу енгізу құны жоға­ры терең өңделген өнімдерді шығаруға және ішкі нарықты қана­ғат­тандыруға ықпал етеді. Аталған жайтты ескере отырып, бастапқы кезеңде салқын­да­тыл­ған және мұздатылған тү­рін­де көксер­ке мен жайын экспортын 6 айға шектеу ұсынылды.

Келесі кезеңде министрлік 2025 жылға дейін толықтай ты­йым салынғанша өңделмеген түр­дегі ең коммерциялық және гас­трономиялық құнды балық түр­лерінің экспортын шектеу құзы­ретін заңнамалық түрде бекітуді жоспарлап отыр. Осы ретте өңделмеген балық экспор­­тына шектеулерді кезең-кезеңі­мен енгізу бизнеске өзінің қайта өңдеу базасын біртін­деп жаң­ғыр­туға мүмкіндік бере­тін­ді­гі айтылған болатын.