Енді қазақстандық көлік жүргізушілері өзімен бірге міндетті сақтандыру полисін алып жүруге міндетті емес, өйткені оның цифрлық аналогы пайда болды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, таяуда Цифрлық құжаттар сервисі тағы бір құжатпен толыққан. Ол әрбір көлік жүргізушісінде болуы тиіс құжат – міндетті сақтандыру полисі. Сақтандыру полисі – көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырудың міндетті түрі бойынша сақтандырушы мен сақтанушы арасындағы шарттық қатынастардың дерегін растайтын құжат.
«Басқа цифрлық құжаттар секілді сақтандыру полисі де қағаз құжатпен қатар заңды күшіне ие және сақтандыру компаниясы, сақтандыру полисінің мерзімі және т. б. туралы ақпаратты қамтиды. Министрлік халыққа ыңғайлы болу үшін құжаттарды цифрландыру жұмысын жалғастырады», дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.