Сайлау күні жақындаған сайын кандидаттардың да, халықтың да белсенділігі артты. Үміткерлер үгіт пен үміттің ортасында жүрсе, дауыс берушілер «кімге дауыс берген жөн?» деген ойдың жетегінде жүр. Саяси дода қызған шақта теледебаттарда сөз таластырған партия өкілдері әр дауыс үшін күресетінін дәлелдеп бақты.
Кеше «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде кезекті пікірсайыс ұйымдастырылды. Оған «Amanat» партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан халық партиясынан Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан Азат Перуашев және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысып, тың ойларын ортаға салды.
Алғашқы кезеңнің алғашқы турында спикерлер партияның мақсатымен таныстырды. Алғаш болып сөз алған «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев: «Біз айналамызға қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамайтын азаматтарды топтастырдық. Елдегі экологиялық проблемалармен қатар, халықтың табысын арттыру мен әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беріп отырмыз», деді ол.
«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров партия басшылары еңбек адамдары екенін, еңбек жолын қарапайым жұмыскер болып бастап, үлкен жетістікке жеткенін, жинақтаған мол тәжірибелерін халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсауға дайын екенін жеткізді.
Қазақстан халық партиясының өкілі Оксана Әубәкірова сенім адамды алға жетелейтін күш екенін айтып, партия өкілдері халықтың сеніміне селкеу түсірмеуге тырысатынын айтты.
«Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаев «ауылдықтар» жұмыстарын сөзбен емес, іспен дәлелдейтінін, Қазақстанды қуатты елге айналдыруға күш жұмсайтынын алға тартты.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев уәдені үйіп төкпей, нақты істермен айналысып жатқанын аатап өтті. Осы уақытқа дейін партия өкілдері табандылықпен ұсынып келген бастамалар жүзеге аса бастағанын жеткізді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Нұрлан Әуесбаев жемқорлықпен күресіп, шетелдегі қаражатты елге қайтаруға атсалысып, тұрғындардың тұрмысын арттыруға күш салатындарын айтты.
«Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында барлық салада тың реформаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Алғашқы кезеңнің екінші турында спикерлер бір-біріне сауал жолдап, пікірсайысты қыздыра түсті. Ешкім тосылып қалған жоқ. Берілген уақытты тиімді пайдаланып, эмоцияға берілмей, жан-жақты жауап беруге тырысты. Сауалдардың дені партиялардың жұмысына қатысты қойылды. Атап айтсақ, қорғаныс, кәсіпкерлік, экология сияқты маңызды мәселелер көтеріліп, халық батыл бастамаларды күтіп отырғаны айтылды.
Екінші кезеңнің алғашқы турында спикерлер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. А.Әміртаев жол, жылу, тұрғын үй мәселесін көтеріп, қоршаған ортаны қорғауды назарда ұстау керек екенін айтты. Ж.Дайрабаев азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтерсе, А.Перуашев салық саласындағы реформаларды жаңғыртуды ұсынды. А.Қожаназаров кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлсе, Н.Әуесбаев жемқорлықпен күресті күшейту керек екенін айтты. О.Әубәкірова саяси жүйені жаңғыртуды сең қозғалғанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы маңызды екенін жеткізді. Е.Қошанов жұмыссыздық мәселесін шешуге, өзге де әлеуметтік мәселені шешуге атсалысатындарына сендірді.
Екінші кезеңнің екінші турында спикерлер тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді. Сайлаушылар көбіне әлеуметтік мәселелерді көтеріп, партиялар оны шешу үшін қандай нақты жұмыстар атқаратынын сұрады.
Түйін: Осылайша, алдағы саяси науқан аясында Орталық сайлау комиссиясының тапсырысы бойынша үшінші теледебат тартысты өтті деуге негіз бар. Тікелей эфирде тосыннан қойылған сұраққа жауап беріп, ойыңды жинақтап сөз сөйлеу оңай емес. Бұл ретте партия өкілдері шама-шарқынша сайлауалды бағдарламаларының басым бағыттарын тілге тиек етіп, сайлаушылардың сенімін ақтауға тырысатындарын дәлелдеп бақты. Ендігі кезек – сайлаушыларда!