• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 19 Наурыз, 2023

Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды

632 рет
көрсетілді

Бүгін жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін өтетін Парламент Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарының сайлауына 14 207 үмікер қатысады. Учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.

Айта кетейік, 18 наурыз сағат 00:00-ден бастап депутаттыққа кандидаттардың сайлауға қатысты үгіт-насихат немесе басқа да жұмыс жүргізуіне тыйым салынған.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінгі сайлауға 12 032 550 дауыс беруші тіркелді.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 7 партия қатысады. Атап айтқанда: «Amanat» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы, «Қазақстан халық партиясы», «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ақ жол» партиясы және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы».

Мәжіліске барлығы 98 депутат сайланады. Оның 70 пайызы, яғни 69 орын пропорционалдық жүйемен 5 пайыздық межеден өткен саяси партиялардың тізімі бойынша сайланады. Ал қалған 30 пайыз, яғни 29 орын бір мандатты округтерден сайланатын депутаттарға беріледі.

Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстың мәслихаттары сайлауында партиялық тізім және бір мандатты округтердің арақатынасы 50/50 болады. Ал қалалық, аудандық мәслихаттар 100 пайыз бір мандатты округтер арқылы сайланған депутаттардан тұрады.