• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 19 Наурыз, 2023

Павлодар облысында 512 мыңнан астам азамат өз таңдауын жасайды

197 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттығына Павлодар облысынан 11 үміткер дауысқа түседі. Облыстағы 512 мыңнан астам тұрғын сағат 07.00-де жұмыстарын бастаған сайлау учаскелерінде өз таңдауын жасауға ағылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кей азаматтар денсаулығына байланысты үйден дауыс беруді қаласа, сағат 12.00-ге дейін тиісті сайлау учаскесіне хабарласып, өтініш қалдыра алады. Мұндай жағдайда комиссия өкілдері тұрғынның үйіне бюллетеньдерді алып барады. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы 6 сайлау учаскесінде бір күнге тіркеліп, таңдауын жасауға мүмкіндік бар. Бүгін аталған үш қаладағы қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды. Сондай-ақ инватаксилер тегін қызмет көрсетеді.

Cайлау учаскелерінде дауыс берушілерге бірден бес бюллетень беріліп жатыр. Бұл ретте көгілдір түсті бюллетень арқылы Мәжіліске өтуі керек партияны таңдайсыз. Оған елдегі жеті партия ұсынылып отыр. Мәжіліске бірмандаттық сайлау учаскесі аясында ұсынылған кандидаттардың бірін белгілеу үшін жасыл түсті бюллетень беріледі.

Бюллетеньде біздің өңірден тіркелген 11 үміткердің есімі болады. Облыстық мәслихат депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлау бюллетеньдері қызғылт, бірмандаттық сайлау округтері бойынша сарғыш түсті болады. Облыстық мәслихаттағы мандаттарға да жеті партия «таласады». Бірмандаттық округ аясында 51 кандидат сайлауға түседі. Ал аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаты атанудан үмітті азаматтардың есімдері сұр түсті бюллетеньде жазылады. Қалалық мәслихат депутаттығына - 173, аудандық мәслихат депутаттығына 346 кандидат тіркелген.