Ақтау қаласындағы №8 орта мектеп ғимаратында орналасқан №18 сайлау учаскесінде «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан сайлау үдерісіне бақылаушы ретінде Дариға Назарова қатысып жатыр. Оның айтуынша, атаулы күні таң қылаң бере сайлау учаскелеріне өз таңдауын жасауға беттеген халық қарасы көріне бастады. Уақыт өте дауыс берушілер қатары да арта түскен, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Таңғы сағат 7-ден бері дауыс беру барысын бақылап отырмын. Ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Азаматтар конституциялық құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасап жатыр. Комиссия мүшелері сыпайы әрі мәдениетті түрде өз міндеттерін атқаруда», деді Дариға Назарова.
Дариға Назарова сайлау үдерісінде бақылаушының басты міндеті бейтарап болу екендігін айтады.
«Бақылаушылар үшін бір партияның жеңіп, жеңілгені емес, сайлаудың ашық әрі әділ өтуі маңызды. Біз сайлаушылардың дауысын қорғаймыз», деді Дариға Назарова.