Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы Қарақия ауданында дәл уақытында басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Таңғы сағат 7:00-де сайлаушыларға есігін айқара ашқан дауыс беру учаскелерінде ҚР Әнұраны салтанатты түрде орындалды.
Құрықта дәл қазір күн ашық, тұрғындар да көтеріңкі көңіл-күймен келіп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасауда. Таңнан тұрып 145 сайлау учаскесіне бірінші болып келген бірнеше сайлаушы арнайы сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, Қарақия ауданы бойынша 18 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Олар таңғы 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін сайлаушыларды үздіксіз қабылдайды.
Аудан бойынша 20 306 сайлаушы бар. Қарақияда облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлауына барлығы 44 кандидат тіркелді. Оның ішінде Маңғыстау облысының мәслихатына 4 кандидат, Қарақия аудандық мәслихатына 40 кандидат тіркелген.