• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дін 20 Наурыз, 2023

Қандай адамдар ауыз бекітуден бо­са­тылған? - Бас мүфти жауап берді

420 рет
көрсетілді

Бұл туралы Наурызбай қажы Тағанұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтып берді.

Бас мүфтидің айтуынша, біріншіден, науқас адам ораза ұстаудан босатылады.

«Бұл жерде дерттің түрі мен деңгейін ескеру керек. Егер науқас адам ораза ұстаған жағдайда денсаулығына кері әсер етсе, дерті асқынып кетсе, мұндай жағдайда сақтанған дұрыс. Яғни мұндай кезде білікті, жанашыр дәрігердің нұсқауымен оразадан босатылады. Ал дерті денсаулығына зиян келтірмейтініне көзі анық жеткен адамның ауыз бекіткені абзал. Өйткені ораза – жанның ғана емес, тәннің де шипасы. Ораза ұстап, дертінен айыққан жандар қаншама?!», деді Бас мүфти.

Сонымен қатар жолаушылар да оразадан босатылады. Дегенмен егер сапар қиындық тудырмаса, оразаны бұзбаған абзал.

«Алла Тағала Құранда: «Сырқатқа шалдыққан жандар және сапарда жүрген жолаушылар басқа күндері ораза ұстап орнын толтырсын» («Бақара» сүресі, 185-аят), деген. жолаушы да оразадан босатылады. Дегенмен егер сапар қиындық тудырмаса, оразасын бұзбағаны абзал. Жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер өзіне немесе жатырындағы баласының денсаулығына қауіпті болатынын білсе, оразадан босатылады. Қарттық жеткен егде кісілер де ауыз бекітпесе болады. Олар күніне бір міскінді тамақтандырады. Етеккірі келген, сонымен қатар жаңа босанған әйелдер оразасын уақытша тоқтатып, кейін қазасын өтейді», деді  Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оның айтуынша, балиғатқа толмаған немесе ақыл-есі дұрыс емес адам ораза ұстамайды.

«Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Жақсы және жаман істерді жазатын періштенің) қаламы үшеуден көтерілген (жазбайды): баладан, ол кәмелетке толғанша; ұйқыдағы адамнан, ол ұйқысынан оянғанша және ақылдан алжасқан, ол ақыл-есін жиғанша», деген. Алла Тағала сіз бен бізге ұлы құлшылықты кемшіліксіз атқаруға шынайы ықылас пен күш-қуат берсін!», деп атап өтті Бас мүфти.