Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ораза ұстайтын адамдарға кеңес берді. Бұл туралы ол «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
- Ең әуелі ықылас пен ниетті дұрыстау керек. Өйткені ықылас жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің тазалығын айқындайды. Алла Тағала сіз бен біздің шынайы ықыласымызға, ниетімізге қарай сауап жазады. Дәрет алмай, намаз қабыл болмайтыны секілді, ниет дұрыс болмай, құлшылық қабыл болмауы мүмкін. Жәләлуддин Руми бір сөзінде былай деген екен: «Сенің барлық іс-әрекетіңе ықылас қажет. Сонда ғана Алла Тағала жасаған сауапты істеріңді қабыл етеді. Өйткені ықылас – құлшылық құсының қанаты. Сен қанатсыз бақыт мекеніне қалай ұшпақсың?, - деді Бас мүфти.
Бас мүфтидің айтуынша, сауабы мол Рамазан айында аз амал жасасақ та, шынайы ниетпен орындасақ сөзсіз оның нәтижесі мен жемісін көреміз.
«Осы ретте мына хадисті ерекше айтып өтер едім: «Шын мәнінде Алла сендердің түрлерің мен сырт көріністеріңе қарамайды, алайда жүректерің мен іс-амалдарыңа қарайды». Сондықтан ғалымдарымыз айтқандай, аз амалды ниет көбейтеді, көп амалды ниет азайтады. Сауабы мол Рамазан айында аз амал жасасақ та, шынайы ниетпен орындасақ сөзсіз оның нәтижесі мен жемісін көреміз. Алла Тағала Рамазан айындағы оразамызды, Қадір түніндегі дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Келесі Рамазан айына аман-есен жетуімізді Алла нәсіп етсін! Әмин!», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.