ЕРТЕҢ АСТАНАДА ҚАЗАҚСТАН КӘСІПОДАҚТАРЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ХХІІ СЪЕЗІ ӨТЕДІ
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының құрылғанына биыл 20 жыл толады. Бүгінде Федерация жүйесіне 25 салалық кәсіби одақтар мен 14 аймақтық кәсіби бірлестіктер, 17 530 бастапқы кәсіподақ ұйымдары еніп отыр. Олар 2 миллион 64 мың кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын жеңуге, мемлекетіміздің тұтастығын сақтауға кәсіподақ ұйымдары зор үлес қосып келеді.
Салиқалы саясат пен әлеуметтік келісімнің нәтижесінде соңғы жылдары елдің жағдайы жақсарып, келешегі кемелдене түсті. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысты ойдағыдай еңсердік, жалақы өсіп, зейнеткерлердің жағдайы түзелді, денсаулық сақтау мен білім беру салаларында да оң өзгерістер болып жатыр. Бұлар көп жағдайда әлеуметтік тұрақтылыққа, реформалардың әлеуметтік бағытының нығаюына қол жеткізуге, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын ашып, лайықты еңбекақы төлеуге, тағы басқа да мәселелерді шешуге ықпал етуде.
Бүгінде еліміз әлеуметтік-экономикалық жаңару мен демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Таяудағы онжылдықта Қазақстан өсіп-өркендеп, әлемде бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кіруді мақсат етуде. Міне, бұл кәсіподақтар алдына да жаңа талаптар қоятыны сөзсіз. Ел алдында тұрған жаһандық мәселелердің басты тетігі – адам капиталының сапасын жүйелі түрде жақсарту. Дәл осы мақсат түпкі нәтижеде экономикалық саясаттағы басымдықтарымызды айқындайды. Бұл қоғам дамуын айқындайтын жаңа көзқарастардың өзегі болмақ. Қазақстанның экономикалық моделі әлемдік дағдарыс жағдайында өзінің тиімділігін, орнықтылығы мен тұрлаулылығын көрсетіп, құбылмалы кезеңді сәтті еңсеріп шықты. Экономикалық дағдарыстың кері үдерісін еңсеру үшін әлеуметтік әріптестердің, әсіресе, кәсіподақтардың күшімен көптеген жұмыстар атқарылды.
Келесі онжылдықтың басымдықтары Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында айқындалған. Кәсіподақтар федерациясы экономика-лық өсудің жоғары қарқынын, экономикадағы ілгерілеген құрылымдық қозғалыстарды, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ететін экономикалық дамудың жаңа моделіне негізделген елдің тұрақты даму стратегиясын қолдайды.
Жаһандану кезінде Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақ қозғалысының бөлігі ретінде шетелдің ұлттық және халықаралық кәсіподақ бірлестіктерімен – Жалпыға ортақ кәсіподақ конфедерациясымен, Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясымен, Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастықты нығайту тұғырында тұр. Біз демократиялық ұйым ретінде барлық қоғамдық ұйымдармен және үкіметтік емес ұйымдармен шынайы да дәйекті ынтымақтастықтың еркін әрі ашық саясатын жүргізудеміз.
Кәсіподақтар федерациясының басым бағыттары еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарының негізін қалаушы қағидаттардың сақталуы үшін, кәсіподақ ауызбірлігін және бірлесуін ұлттық, салалық және өңірлік деңгейде нығайту болмақ.
Қазіргі кезде Қазақстан кәсіподақтары 20 жыл бойы өз кемшіліктерінен және халықаралық тәжірибеден сабақ ала отырып, қарқынды даму үстінде. Парламент және Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау арқылы заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар жобаларын әзірлеу мен талқылау барысында Кәсіподақтар федерациясы елде жүргізілетін әлеуметтік-экономикалық саясатқа ықпал етуде. Осы жылдарда Федерация кәсіподақ ұйымдарының қызметі үшін құқықтық кеңістікті едәуір нығайтып, кеңейтуге қол жеткізді.
2005 жылғы Елбасының Кәсіподақтар съезіндегі бағдарламалық сөзі кәсіподақтар үшін үлкен оқиға болды. Мемлекет басшысы съезде әлеуметтік мемлекет құрудағы кәсіподақтардың жасампаздық қызметін оң бағалай келіп, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау ісіндегі, олардың қоғамдағы рөлі мен беделін арттырудағы кәсіподақтарға өзінің айнымас қолдау көрсететінін атап айтып, кәсіподақ қозғалысының алдына жаңа міндеттер қойған еді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі Жарлығымен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы мақұлданды. Кәсіподақтар федерациясы тұжырымдаманы әзірлеуге белсене қатысты.
Мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясаты және өмір сапасының ұлттық стандартын қалыптастыру туралы мәселе бойынша ұсыныстары ел Президентіне, Парламентке және Үкіметке, сондай-ақ Федерация онымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясына жіберілді. Өмір сапасының ұлттық стандартын әзірлеу қазір де жалғасуда. Қазақстанда Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында қамтылған ережелер кәсіподақтардың мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын әзірлеу мен іске асыруға қатысуындағы қызметіне негіз болды.
Федерацияның осы жылдардағы ең басты жетістігі – екі жылғы жұмыстың табысты аяқталып, Парламенттің 2007 жылғы 1 шілдеден Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін қабылдауы. Осыған байланысты республиканың әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастар саласындағы негізін қалаушы қағидаттарды іске асыруда кәсіподақтардың елеулі рөлге ие екенін баса айтқым келеді. Кәсіподақтар федерациясы заң жобасын негізгі әзірлеуші – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен әуел бастан заңның мазмұны халықаралық конвенциялардың, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы қабылдаған үлгі Еңбек кодексі тұжырымдамасының негізгі ережелеріне толығымен сай келуін талап еткен еді. Өйткені, Еңбек кодексі, оның құрылымы мен мазмұны елде еңбек қатынастарын қалыптастыру мен реттеудің өркениетті тәртібін қамтамасыз етеді. Ол халықаралық талаптарға толығымен сай келеді әрі жұмыскерлер мен жұмыс берушілер мүдделерінің теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіподақтар мен “Еңбек” депутаттық тобы алға қойған мақсатқа қол жеткізді.
2008 жылғы қаңтардағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі Жезқазған форумында ел Президенті “Ұжымдық шарт жасаңдар!” акциясына серпін беріп, бұл еңбекшілердің және олардың отбасының өмірін жақсарту үшін жасалатындықтан, аталған акция жалпыұлттық болуға әрі жұмыс берушілер мен қызметкерлерді кеңінен қамтуға тиіс деп атап көрсетті. Ал “Ұжымдық шарт жасаңдар!” жалпыреспубликалық акциясының негізгі мақсаты – корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, әріптестік қарым-қатынасты және тұтас алғанда ұжымда тиімді, тұрақты жұмысты дамыту. Бұл ұжымдық шарттар жасасуды ынталандыру үшін жақсы негіз болды. Егер акция басында жасалған ұжымдық шарттар 19 155 немесе 12 пайыз болса, 2010 жылғы 1 наурызда ол 47 362-ге жетті, яғни ұжымдарды ұжымдық шартпен қамту шаруашылық жүргізуші субъектілердің жалпы санының 26 пайызы болды. Кәсіподақтар жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдарды алсақ, мұнда ұжымдық шарттармен қамту 85,8 пайызды құрады.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын дамытуға және кәсіпкерлердің неғұрлым өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуге қатысуына бағытталған жыл сайынғы “Парыз” конкурсын өткізу туралы Жарлығы бұған жаңаша серпін берді. Осы Жарлыққа сәйкес конкурсты ұйымдастырушылар Қазақстан кәсіподақтары федерациясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және “Атамекен одағы” ұлттық экономикалық палатасы болып табылады. Ал конкурс ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын”, “Жылдың үздік әлеуметтік жобасы” және “Үздік ұжымдық шарт” номинациялары бойынша өткізіледі. Осы үш номинацияның барлығының мәні зор. Дегенмен, кәсіподақтар үшін “Үздік ұжымдық шарт” номинациясының маңыздылығы басым. Өйткені, онда қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын жақсартатын әрі нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.
Федерацияның және оған мүше ұйымдардың қызметінде азаматтық қызметкерлердің жалақысы республика бойынша бұрынғыдай ең төмен болуына байланысты жалақыны өсіру мәселесі маңызды орын алып, көп жылдар бойы бұл проблема мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер алдына үнемі қойылып отырды. Федерация 2007 жылы қарашада денсаулық сақтау, білім және ғылым, Қарулы Күштер, мәдениет қызметкерлері өзге салалық кәсіподақтардың қолдауымен Үкіметке тұтыну тауарлары мен қызметтерге бағаның едәуір өсуіне байланысты, сондай-ақ инфляция деңгейінің көтерілуіне орай бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы талап қойған болатын.
Салалық кәсіподақтардың ұйымдастыруымен үйлестіруші кеңес құрылып, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын Еңбек кодексінің талаптарына сай жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындады. 2008 жылы 29 қаңтарда осы мәселе бойынша Үкіметке және Парламент депутаттарына кәсіподақ үндеуі жолданды, сондай-ақ Премьер-Министрмен кездесулер және Премьер-Министр орынбасарымен жұмыс кеңестері өткізілді. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы өкілдері және жұмыс тобына қатысатын мүше ұйымдар басшылары еңбекақы төлеу жүйесінде қолданылатын базалық лауазымдық жалақыны жалақының ең төменгі мөлшерімен ауыстыру, Еңбек кодексінде ерекше еңбек жағдайларындағы жұмыскерлер үшін көзделген еңбекақы төлеудің ең төменгі стандартын қолдануды және студенттер стипендиясын ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көбейту туралы талап қойған еді.
Осыларға байланысты бірқатар мәселелер бойынша Үкіметпен келісімге қол жеткізілді. Мысалы, 2008 жылы 1 қыркүйектен бастап жұмысқа жарамсыздық парақтары бойынша әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 10-нан 15 АЕК-ке дейін өсіріліп, үстеме ақы алатын денсаулық сақтау қызметкерлері мамандықтарының тізімі кеңейтілді, студенттердің стипендиясы айына 7500 теңгеге дейін көтерілді. Бұдан басқа Үкіметтің шешімімен әкімдіктер қызметтердің, азық-түлік пен тауарлардың барлық түрлеріне бағаның күрт өсуіне орай бюджет саласының қызметкерлеріне өтемақы ретінде материалдық көмек көрсете бастады.
Алайда, кәсіподақтардың бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсірудегі “күресі” әрі қарай жалғасуда. Кәсіподақтардың белсенді іс-қимылы нәтижесінде 2010 жылы 29 қаңтарда ел Президенті Үкіметке бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 2010 жылғы 1 сәуірден бастап 25 пайызға көбейтуге және бұл үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Сонымен бірге, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыр, зиянды (өте зиянды) және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер еңбекақысының көбейтілген мөлшерін қолдану туралы Еңбек кодексінің нормалары күшіне енді. Осыған байланысты еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандартын айқындау үшін көптеген кәсіподақ ұйымдары келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұжымдық келіссөздер жүргізді. Соның арқасында олардың кейбірі қауіпті, зиянды және ауыр жұмыстар атқаратын жұмыскерлердің жалақысына көтеріңкі салалық коэффициенттер белгілеп, оны қолданып жүр.
Соңғы жылдары еліміздің кейбір аймақтарында жалақы қарызы өсуіне байланысты еңбек ұжымдарында әлеуметтік ширығу көрініс берген болатын. Осыған орай Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке еңбек адамдарының әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерінің сақталуына тиісінше мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуді өтінген еді. Үкіметтің тапсырмасымен Бас прокуратура және оның аумақтық органдары еңбек саласындағы ахуалға тұрақты мониторинг жасап, жұмыс берушілерге еңбеккерлердің еңбек құқықтары бұзылуының жолын кесуде шаралар қолдана бастады. Нәтижесінде 9 миллиард теңгеден астам қарыз өндірілді, 250 мың адамның конституциялық құқығы қорғалды.
Кәсіподақтар лайықты жалақы туралы мәселені өткір қоюды жалғастыруда және оның заңнамалық тұрғыдан, сондай-ақ Бас және салалық келісімдер ұжымдық шарттарда шешімін табуына қол жеткізді. Мысалы, 2008 жылғы 1 шілдеден бастап базалық әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу үшін күнкөріс деңгейі де, сонымен бір мезгілде ең төменгі жалақы мөлшері де 14,4 пайызға көбейіп, 10 515 теңгеден 12 025 теңгеге өсірілді. Қазіргі кезде 2010 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейі 14 952 теңге мөлшерінде бекітілді. Алайда, Кәсіподақтар федерациясы мен тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, күнкөріс деңгейінің мұндай мөлшері көзбе-көз төмендетілген, сондықтан Федерация күнкөріс деңгейінің нақты шамасына қол жеткізу жөнінде алдына міндет қойып отыр. Сонымен қатар, Үкіметке күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу әдістемесі бойынша өз ұсыныстарын табыс етіп, неғұрлым жоғары әлеуметтік көрсеткішке – ең төменгі тұтыну бюджетіне өту және ең төменгі айлық жалақы мөлшерін тұтынушылық бюджетке кезең-кезеңімен жақындату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Біздің бастамамызбен Кәсіподақтар федерациясы ХХ съезіндегі “Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындардағы жалдамалы қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуын тоқтату” туралы мәлімдемесі 2007 жылы республикалық үшжақты комиссияның отырысында қаралған-ды. Содан кейін осы комиссияның шешіміне сәйкес 2008 жылдың бірінші жартысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Бас прокуратура және Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің қатысуымен ірі шетелдік компанияларды тексеру ұйымдастырылды. Тексерулер Қарағанды, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында жүргізіліп, қорытындысында республика аумағына қатысты көлемді фактілері бар материал жиналды. Осылайша, 2008 жылдың алғашқы 5 айында 598 тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасын бұзушылықтың 3397-і фактісі анықталды. Олар бойынша 722 ұйғарым шығарылып, 12 млн. теңге көлемінде 427 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл санкциясының орташа мөлшері 28 мың теңгені құрады.
Бірлескен тексерулердің қорытындысы 2008 жылғы 21 мамырда комиссия жұмыс тобының отырысында қаралды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасына сәйкес 2008 жылғы 5 маусымда шетелдік компаниялардың басшыларымен еңбек қатынастарын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізіліп, қорытындысында облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің, шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар және бірқатар министрліктер басшыларының атына әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарттар нәтижелілігін арттыруға, еңбек заңнамасын бұзушылыққа жол бермеуге бағытталған ұсынымдар қабылданды.
Түрлі деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын шынымен құрметтейтін және өзінің ұжымдық шарттарында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау, өтемақылар, демалыс, әлеуметтік кепілдіктер туралы тармақтар мен бөлімдерді ескеретін кәсіпорындарды белсенді түрде қолдайды. Бүгінгі күні кәсіпорындар мен ұйымдардың көптеген еңбекшілері ұжымдық шарттарды уақтылы жасауына орай қорғалған. Өйткені, солар арқылы кәсіподақ ұйымдары еңбекшілер үшін қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктерге қол жеткізуде. Мемлекет басшысының 2009 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында аталып өткендей дағдарыс жағдайында жаппай жұмыссыздық пен жалақының төмендеуіне қарсы нақты шаралар қолданудың арқасында ол оң нәтиже берді.
Кәсіподақтар федерациясы Елбасының 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын зор ықыласпен қабылдады. Жолдауды басшылыққа ала отырып, адам капиталын дамыту жайлы қағиданы қолдап, “Адам капиталы – еңбек өнімділігін арттырудың басты факторы” атты дөңгелек үстел отырысын өткізді. Соның негізінде Еліміздің адам капиталының бәсекелестігін арттыру стратегиясының мемлекеттік тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде Үкімет пен Парламентке нақты ұсыныстар дайындауда.
Жаңа кезең жаңа шешімдерді талап етеді. Сондықтан кәсіподақтар саяси жаңарудың Қазақстандағы бостандықтар құндылығын, әлеуметтік әділдік және теңдікті қамтамасыз етудің жан-жақты шараларын қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбекшілердің жұмыс орнындағы және қоғамдағы беделін орнықтыруға күш салатын болады.
Сиязбек МҰҚАШЕВ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының төрағасы.