Наурыз мерекесі Шу аудандық орталық ауруханасында кең көлемде аталып өтті. Наурыз-додаға әр бөлім ұжымы, атап айтсақ, БМСК, КДЕ, терапия, хирургия, жұқпалы аурулар, перзентхана, қабылдау бөлімдері қатысты. Олар қазақтың салт-дәстүрлері – бесікке бөлеу, тұсаукесер, қыз ұзату, беташарды нақышына келтіре көрсетіп, ұлттық киімде ән айтып, би билеуден өнер жарыстырды.
Сонымен аталған мерекелік байқауда Жұқпалы аурулар бөлімі кимешекпен әжелер биін билеп, жанды дауыста ән айтып, бас жүлдеге ие болды. Аурухананың бас дәрігері Жайдар Әйтішев жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырып, ұлттық мерекемен құттықтады.
«Көктемнен хабар беріп, жылулықтың, табиғаттың тойы саналатын әз Наурыздың қазақ халқы үшін маңызы зор. Бұл күн жалпыұлттық бірліктің, татулықтың, жақсылық пен мейірімнің нышаны іспеттес. Ұлық мерекені ұлықтауға аурухана ұжымы да атсалысып жатыр. Ақ халат киген абзал жандарға кимешек те жарасатынын көрдік. Мың-сан жылдан бері жалғасқан салт-дәстүрлерімізге куә болдық. Наурыз-додада оқ бойы оза шауып, жеңімпаз атанған әріптестерімді құттықтаймын», деді бас дәрігер Ж.Әйтішев.
Қызметкерлер мен аурухана емделушілеріне наурыз көже таратылып, мол дастарқан жайылды.
Сондай-ақ орталық алаңдағы мерекелік жиында аталған аурухана атынан аудан тұрғындарына наурыз көже, палау, түрлі тәттілер таратылды.