Үстіміздегі жылдың наурыз айында елордада Финляндияның Қазақстандағы күні аясында екі елдің 250-ден астам кәсіпкерлерінің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен бизнес-форум өткен еді. Сонда Суоми елі кәсіпкерлерінің атынан сөз сөйлеген Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюнен Қазақстанның дағдарысқа қарсы шараларын, “Еуропаға жол” және экономикалық бағдарламаларды қолдайтынын, Кеден одағындағы қызметіне қызығушылық танытатынын мәлімдеген болатын. Міне, соған орай Суоми еліне достық, өзара ынтымақтастық аясында сапармен келген еліміздің Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов алдымен Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюненмен кездесті.
Өзара әңгіме барысында екі елдің арасында орнаған ынтымақтастық одан әрі нығая түсетіндігі, Қазақстан Финляндияның қашанда өте маңызды сауда әріптесі болып қала беретіндігі айтылды. Финляндия үшін Қазақстан Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен дамудың үлгісі және сенімді әріптес ретінде танылған.
Осы орайда О.Мұхамеджанов кездесуде қазақстандық делегацияның тікелей Президент тапсырмасымен жүргенін және ғылымды, инновацияны, білім беру жүйесін тиімді басқару тәжірибесін тереңірек зерттеуге мән берілетінін жеткізді. Одан әрі ол Филяндияның көптеген алдыңғы қатарлы мекемелерінің жұмысымен танысқанын айтты. Ал Пааво Вяюрюнен қазақстандық делегация аз күн ішінде біраз маңызды мәселелерді қарап, зерделеп шыққанына ризашылық білдірді.
Өзара түсіністік пен келісімнің, достық пен ынтымақтастықтың жалғасындай реңк алған шара Мәжіліс Төрағасының Финляндия Премьер-министрі Матти Танели Ванханенмен кездесуінде одан әрі өрбіді. Матти Ванханен Премьер-министрлікке тағайындалғанға дейін көптеген ірі лауазымдық қызметте болған. Соның ішінде ол аймақтық “Kehasanomat” газетінде журналист қызметін атқарған. Кейін сол газеттің бас редакторы да болған көрінеді. Жалпы, екі жақты сауда барысы соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алып келеді. Қазақстанның Статистика агенттігі мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан мен Финляндия арасындағы екі жақты сауда көлемі 2009 жылы 760,9 млн. АҚШ долларын құраған. Мұның ішінде экспорт 451,2 млн., импорт 309,7 млн. АҚШ доллары болған. 2008 жылы 1,1 млрд. АҚШ доллары болса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 732,4 млн. АҚШ долларын көрсеткен. Кездесуде Қазақстан мен Финляндияның арасындағы ынтымақтастық байланыс, тәжірибе алмасу және өзара іскерлік қарым-қатынас орнату мәселесі одан жалғасын таба беретіні айтылды. Әсіресе, бұл мәселе таяуда Финляндия Президентінің Қазақстанға жасайтын сапарына байланысты одан әрі екпін алатындығы сенімділік туғызатыны атап көрсетілді.
Қазақстанда Мемлекет басшысының бастауымен “Болашақ” бағдарламасы іске асырылып, сапасы мен деңгейі жағынан әлем оқу орындарынан кем түспейтін түрлі салалы университеттердің ашылып, қазіргі күні тиімді жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұл еліміздегі қол жеткен жалпы білім сапасы мен өзіндік мамандарымызды дайындаудағы жетістіктеріміз болып табылады. Осы орайда фин білім беру жүйесі де әлемдік алдыңғы қатардан ойып тұрып орын алатындығы Білім министрі Хенной Виркуненмен қазақстандық делегация кездескенде айтылды. Өйткені, фин білім беру жүйесін дамыту арқасында ғана Финляндия жоғары технологияға қол жеткізді. Сондықтан оны болашақта Еуропалық Одақта еуропалық білім беру және зерттеу жүйесінің негізіне айналдырмақ көрінеді. 2000 жылдан бастап фин оқушылары елу елдің арасында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының үш жыл сайын жүргізетін PІSA халықаралық бағдарламасының зерттеуі бойынша жалпы білім алуда ең жоғары көрсеткіштерге ие болған.
Бұл аталған PІSA тестілеуі 15 жастағы жасөспірімдер арасында жүргізілетін болғандықтан, ол мектептің білім беру тиімділігіне тікелей әсер етеді дейді. Мұнда мектеп инспекторлары немесе оқу ісінің меңгерушісі деген болмайды. Білім алу мектептің бірінші сыныбынан бастап жоғары оқу жүйесіне дейін тегін жүргізіледі. Ал негізінен бала білімі мен тәрбиесіне аса мән беру балабақшадан басталатындай жақсы жағдай жасалған. Мемлекеттік балабақшалар тегін, онда балдырған финдіктер қоғам мен қоршаған орта туралы алғашқы түсініктерін толыққанды алып шығады. Негізгі тоғызжылдық мектепте оқу Финляндияда тұрақты тұратын балалар үшін міндетті болып табылады. Мұны бітірген оқушылар емтихан тапсырмастан бірден гимназияға немесе кәсіптік-техникалық училищеге түседі. Оқушылардың білім деңгейі мен тәртібіне басты мән беріледі.
Александр ТАСБОЛАТОВ, “Егемен Қазақстан” – Хельсинкиден.