Ұлыстың ұлы күніне орай Аягөз ауданында дүниеге келген нәрестелер перзентханадан ұлттық киіммен шығарылды. Бұл игі дәстүрді аурухана басшылығы Наурыз мерекесіне орай жыл сайын ұйымдастырады.
Әдеттегідей әз Наурызға Аягөз аудандық ауруханасы ерекше дайындалады. Әр бөлімде наурыз көже сапырылып, ақ дастарқан жайылады. Медицина қызметкерлері бір-біріне құтты болсын айтысып, ақжарма тілектерін арнайды. Күй күмбірлейді, ән шырқалады. Биыл бәрінен бұрын көпшіліктің назары ұлттық киім кигізіліп, перзентханадан шығарылған нәрестелерге ауды.
– Ауруханамыздың перзентаханасында қазақи ою-өрнектермен, шаңырақпен безендірілген босану бөлмесі ашылды. Төл мерекемізге жылда аса жауапкершілікпен, жоғары көңіл күймен дайындаламыз. Аурухананың әр бөлімі Наурыз мерекесінде бар өнерін ортаға салады. Соның ішінде көпшіліктің көзіне түскен перзентхана бөлімі еді. Нәрестелерге ұлттық киім кигізіп, үйлеріне шығарып салып жатқаны көзге қандай жылы көрінеді?! Жыл басы әр отбасына осындай қуаныш сыйласын! – дейді аурухананың бас дәрігері Шалқар Омаров.
Айта кетсек, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында перзентханадан ұлттық киіммен 11 бала шығарылды. Олардың алтауы қыз, бесеуі ұл. Сонымен қатар айдың басында туған егіздер де оюлы киім киіп, үйлеріне шығарылды. Оларға осы уақытқа дейін қажетті неонатологиялық көмектер көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, туған кезде егіздердің салмағы 1 200, 1 300 грамм ғана болған екен. Қазір барлығы қалыпты деседі.
Сондай-ақ Аягөз перзентханасынан төртінші рет ана атанған Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тұрғыны Ақмарал Закария да нәрестесімен салтанатты түрде шығарылды. Оның айтуынша, күтпеген тосынсый жасаған аурухана қызметкерлерінің идеясы өте креативті. «Перзентханадан шығуға дайындалып жатқанымызда нәрестеге ұлттық киім сыйға тартты. Өте қуаныштымыз. Наурыз әр шаңыраққа жақсылық әкелсін. Нәрестелеріміздің ғұмыры ұзақ болсын!» дейді Ақмарал.
Иә, Аягөздің перзентханасындағы жылы көрініске көпшіліктің таңдай қаға қарағаны рас. Ұлыстың ұлы күні туған нәрестелер ұлт үшін еңбек қылатын азамат болып өссін дейміз.
Абай облысы,
Аягөз ауданы