Кейінгі 20 жылда елде онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың саны 25%-ға, обырдан кейінгі өлім-жітім 33%-ға азайғаны байқалады. Қазірдің өзінде онкологиялық ауруға шалдыққан 205 мыңнан аса пациент динамикалық бақылауда тұр. Алайда жыл сайын қатерлі ісіктің 37 мыңнан аса жаңа жағдайы анықталса, өкінішке қарай, 13 мыңнан аса адам бақилық болады.
Онкологиялық ауруларды құрылымы бойынша қарастырсақ, онда бірінші – сүт безі обыры (13,2%), екінші – өкпе обыры (10%) және үшінші колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Ал өлім-жітім құрылымда бірінші – өкпе обыры (16,3%), екінші – асқазан обыры (12%), үшінші қатарда тоқ ішек обыры (10,6%) тұр. Науқастардың 56 пайызы 18 бен 64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар екен. Қазір онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға тиісті ведомство бейжай қарап отырған жоқ. Мысалы, тарифтерді ұлғайту жағына қарай қайта қарау, Ұлттық формулярдағы дәрілік препараттардың тізімін 4 позицияға кеңейту, обырдың диагностикасы мен емдеудің 8 клиникалық хаттамасын жаңарту сынды міндеттер жолға қойылды. Сондай-ақ жұмысқа жаңа желілік үдеткіштер мен ПЭТ-орталықтар енгізіліп жатыр. Онкологиялық ауруға шалдығуы мүмкін деген күдікті пациенттерге уақтылы диагностика жүргізу үшін «жасыл жол» енгізіліп, әрбір өңірлік онкология орталығында ахуалдық орталықтар құрылған.
Ел арасында әлі күнге дейін ауруханаға қайырылмай, денсаулығына жүрдім-бардым қарайтын науқастар кездеседі. Салдарынан онкологиялық ауруға шалдыққандарды ерте анықтау қиын. Әсіресе науқастар денсаулығына қарай онкоскринингтен уақтылы өтпеген соң қатерлі ісікті ерте диагностикалау және ісікке дейінгі ауруларды анықтау күрделенеді. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың алдын алу диагностика мен емдеуге арналған медициналық жабдықтың болмауына, кейбір ауруханалардағы кадр тапшылығына да байланысты.
Бірер аптаның бедерінде Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі онкологиялық көмекті жаңғырту мәселелері бойынша баяндаған-ды. Онда министр онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету бойынша түйінді мәселелерді тарқатып айтқан еді.
«Қолда бар сәулелік терапия аппараттарының паркі 50% ескірген. Мысалы, Атырау облысында 1968 жылы шыққан аппарат қолданылады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда облыстарында аппараттар жоқ. Өңірлерді диагностикалық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етудің әлсіз деңгейі бар. Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Астана қаласының онкология орталықтарында КТ және МРТ аппараттары жоқ», деп мәселенің мән-жайын айтқан еді министр.
Бүгінде Президент тапсырмасына сай «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған 5 бағыттан тұратын кешенді жоспарының жобасы әзірленген. Онда қауіп факторларының профилактикасы және басқару, жоғары тиімді ерте диагностикалау, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек, оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамытуға басымдық берілген. Мысалы, бірінші бағыт бойынша, кейінгі жылдары өкпе обырын анықтау мақсатында қолданатын өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясын енгізудің есебінен онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту көзделген. Сол секілді жас әйелдердің арасында кең таралған жатыр мойны обырының профилактикасы үшін 2024 жылдан бастап адам папилломасының вирусына қарсы вакциналау кезең-кезеңімен енгізіледі екен. Сондай-ақ обырды жоғары тиімді ерте диагностикасын дамыту бөлігінде МСАК ұйымдары мен онкология орталықтарын жарақтандыру үшін диагностикалық жабдықтарды жаңғырту көзделген. Молекулярлық-генетикалық сынақтар мен иммуногистохимиялық зерттеулерді арттыру арқылы обырдың түрлерін диагностикалау мүмкіндігін кеңейту жоспарда бар. Ісікке қарсы дәрілік заттардың бағасын арзандату мақсатында таргеттік және иммундық-онкологиялық препараттар желісін кеңейту, гендік инженерияны, радиофармацевтикалық препараттарды пайдалана отырып терапияны енгізу бойынша жұмыс жүргізілмек. Сол секілді кешенді жоспарда Алматы қаласында және Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу, Ақтөбе облыстарында жаңа онкология орталықтарын салу, Ақтөбе, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында радиологиялық корпус пен операциялық-реанимациялық корпустарды реконструкциялау қамтылған.
Сондай-ақ кейінгі 3 жылда онкологиялық орталық пайдалануға берілген Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл облыстарын қоспағанда, басқа өңірлердегі онкологиялық орталықтар күрделі жөндеуден өтеді екен. Бұл жоспарлы жұмыстардан кейін 2026 жылға қарай салада біраз оң өзгеріс байқалады деп күтіліп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі кешенді іс-шаралардың есебінен диагностика 35%-ға дейін өсіп, сәулемен емдеу көрсеткіші 50%-дан жоғарылап, онкологиялық ауруларда кездесетін өлім-жітімнің 100 мың халыққа шаққанда 64,9%-ға дейін төмендеуі мүмкін екенін айтып отыр. Әрине, бұл – тек онкологиялық ауруларды емдеуде күтілетін нәтижелердің бір бөлігі ғана. Анық білетініміз, саладағы жаңашылдықтар онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың өмірін ұзартуға сеп болады.