ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫНДА ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ МӘН БЕРІЛДІ
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Ол өңір басшыларымен интерактивті байланыс арқылы селекторлық кеңес түрінде жүргізілді.
Отырыстың басында Үкімет басшысы үстіміздегі жылдың 28 мамырында Санкт-Петербург қаласында болып өткен Кеден одағының жоғарғы органы отырысының қорытындылары бойынша мәлімдеме жасады. Онда Премьер-Министр соңғы екі апта бойы атқарылған қауырт жұмыстың барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы барлық келіспеушіліктер бойынша іс жүзінде тиісті келісімдер мен шешімдерге қол жеткізілгендігін атап көрсетті.
Мұнан кейін Үкімет отырысы күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау үстіміздегі жылы елімізде индустиялық-инновациялық бағытта 144 жобаның жүзеге асатындығын, оның 74-і үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылатындығын айтты. Жалпы, индустриялық жобалар бойынша жыл ішінде 8,32 миллиард теңге игерілуі керек. Бұл 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бірінші жартыжылдықта іске қосылатын жобаларды игеруде Павлодар, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары алда келеді. Ал екінші жартыжылдықта іске қосылатын жобалар бойынша Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс жақсы жолға қойылған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында екінші жарты жылдықта іске қосылатын жобалардың игерілу деңгейі қазірдің өзінде 79 пайызды құрап отыр.
Отырыста негізінен бірінші жартыжылдықта іске қосылатын жобаларға көбірек мән берілді. Бұлай болатын себебі түсінікті де. Өйткені, алдымызда оның соңғы айы ғана қалып отыр.
Аталған мәселелер бойынша Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов, “КазАгро” холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков сөз алып, өздері басқаратын мемлекеттік құрылымдардың қадағалауына тапсырылған ірі жобалардың жүзеге асу жайын ортаға салды.
Жалпы, бірінші жартыжылдықта іске қосылатын жобалардың орындалу жағдайы жаман емес. Тек бір-екі жоба бойынша проблемалар бар екен. Соның бірі Қостанайдағы ұн комбинатының құрылысы құрал-жабдықтар жеткізу ісінің кешеуілдеуінен екінші жартыжылдыққа сырғитындығы белгілі болды. Бірақ оның есесіне іске қосылуы екінші жартыжылдыққа жоспарланған Батыс Қазақстан облысындағы мал бордақылау кешенінің құрылысы бірінші жартыжылдықта аяқталмақ. Сөйтіп, іске қосылатын жобалар саны кемімейтіндігі, керісінше, арта түсуі мүмкін екендігі айтылды.
Отырыста интерактивті байланыс арқылы барлық облыс басшылары сөз алып, іске қосылатын жобалар жайын баяндады. Олардың барлығында дерлік іс барысы көңілдегідей деуге болады. Мәселен, Алматы облысында үстіміздегі жылға сегіз жоба жоспарланса, оның алтауы бірінші жыртыжылдықта пайдалануға берілмек. Оның үстіне бұл облыста су бөгенінің бұзылуына байланысты зардап шеккен ауылдарда құрылыс жұмыстарының өте қарқынды жүріп жатқандығы белгілі болды. Құрылыс жұмыстары 19 наурызда басталғанымен қазірдің өзінде жүзден астам үй салынып үлгерілген. Енді таяудағы уақыттың ішінде екі жүз үй пайдалануға берілмек. Онымен қоса бұл ауылдарға электр желілері тартылып, жолдарға қара төсеніш төселуде. Бұрын болмаған жаңа балабақшамен де қамтылатын болады. Облыс халқы әр зардап шеккен отбасына 10 қойдан бөліп бермек. Міне, осындай жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында да жүргізілуде.
Аталған мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов индустриялық-инновациялық жобалар бойынша жұмыстардың орындалуы жаман емес екендігін атап көрсете келе кейбір байқалған жекелеген мәселелердің жедел шешілуін өзінің орынбасары Әсет Исекешевке тапсырды. Сонымен қатар, 14 маусымда “Жол картасы” туралы мәселе қаралатынын еске салды.
Сонымен қатар осы отырыста өңірлік даму мәселелері де талқыланды. Бұл жайындағы баяндаманы да Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау жасады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.