• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Жәдігер 27 Наурыз, 2023

«Ұлы дала әміршілері» Қостанайда

387 рет
көрсетілді

Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ұлы дала әміршілері» атты ерекше көрме ашылды. Музейдің бас ғимаратындағы үлкен залдан орын алған жүзге жуық көзайым жәдігердің бәрі ел астанасындағы Ұлттық музейден әкелінген.

Мыңжылдықтарға ұласып жатқан дала тарихының ерте кезеңдерінен сыр шертетін ба­ға жетпес көне жәдігерлердің ішінде үш бірдей «Алтын адам» бар. Оның ішіндегі ең әйгілісі – өткен ғасыр­дағы алпысыншы жылдардың аяғында атақты археолог-ғалым Кемал Ақышев жетекшілік еткен қаз­ба жұмыс­тары кезінде Есік қор­ғанынан табылған «Ал­тын адам».

Біздің дәуірге дейінгі ІV-ІІІ ғасыр­лардан жеткен сақ көсемінің әскери киімі барыс, бұлан, таутеке, арқар, сәй­гүлік кейпіндегі 4 мыңға жуық алтын әшекеймен безендірілген. Құнды жәдігер Ұлы дала тари­хының алтын өңдеу технологиясы мен зергерлік өнер дамыған көне кезеңдерден сыр шертіп тұрғандай.

Көрмеге қойылған екінші «Алтын адам» – 1999 жылы бел­гілі ғалым Зейнолла Са­ма­­шев жетекшілік еткен ар­хео­­­логиялық зерттеу жұ­мыс­­тары­ның нәтижесінде Атырау өңіріндегі Аралтөбе оба­сынан табылған Сармат кө­семі.

Тарихи-танымдық мәні зор экспо­зицияның үшінші бөлімі «Тақсай қазы­налары» деп аталады.

«2012 жылы ғалым Мұрат Сыды­қов бастаған археоло­гиялық қазба жұ­мыстары ке­зінде «Тақсай» кешенінде жүр­­гізілген қазба жұмыстары ба­рысын­да ежелгі сармат ке­­­зеңіне жататын ақ­сү­йек әйелдің жерленген ор­ны та­был­ған. Қабірде әйел адам­ның алтын әшекей бұ­йым­­дары, ерекше шошақ тө­­белі алтындаған баскиім қал­дығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақ, өзге де заттар болған екен. Табылған алтын бұйымдардың салмағы 3 кг-ға жуық. Жалпы, Қазақстан аумағында бүгінге дейін сегіз алтын киімді адамның жерленген орны анықталып отыр», – дейді облыстық тарихи-өл­кетану музейінің директоры Батырхан Жұмабаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлы дала әміршіл­ері» көрмесі 21 сәуірге дейін жұ­мыс істейді.

 

Қостанай облысы