Ресейдің Самара қаласында аралас жекпе-жектен «Ural Fighting Championship 2» турнирі өтті.
Аталған жарыстың басты жекпе-жектерінің бірінде Дәурен Ермеков өнер көрсетті. Орта салмақта күш сынасып жүрген 35 жастағы қазақ файтері 2012 жылдан бері осы спорт түрін серік етіп келеді. Сол аралықта 21 кездесу өткізіп, 16 рет жеңіске жетті. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді. Ол Самарада Гамзат Хирамагомедовпен айқасты. 29 жастағы Нальчиктің тумасы 11 бәсекенің тек екеуінде ғана ұтылған. Жеті жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Осыған дейін бұл спортшылар екі мәрте кездесті. 2015 жылы әуесқойлар арасында өткен турнирде Гамзат ұпай санымен жеңіске жетсе, былтыр жазда Ақтауда Дәурен оны айқын басымдықпен ұтты.
Самарадағы сайыс қандасымыздың жеңісімен аяқталды. Бәсекенің екінші кезеңінде ол Хирмагомедовті «қылқындыру» әдісімен жеңді.