Медицинада құрсақтағы баланың қандай да бір сырқаты немесе мүгедектігі болса, оны уақтылы диагностикадан өткізіп, алдын алу аса маңызды. Сондықтан облыстық перинаталдық орталықтың базасында Жетісу облысы бойынша ұрықты сақтау орталығының ашылуы тегіннен-тегін емес.
Аталған орталықта жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жүргізіледі. Оған генетиктер мен акушер-гинекологтер консультация береді. Перинаталдық консилиумда ұрықтың даму патологиясы анықталған кезде босану тәсілі анықталады. Сондай-ақ орталықта ұрықтың анықталған патологиясын растау үшін ультрадыбыстық диагностиканың екінші деңгейі бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Лебаева бөлімшелер ультрадыбыстық және биохимиялық скринингті қамтитын біріктірілген генетикалық скрининг жүргізу үшін қажетті жабдықтармен жарақталғанын атап өтті.
«Орталықтың негізгі бағыты – туа біткен патологиялармен күресу, ұрықтың қалыптасуына әсер ететін жағымсыз факторларды жою, туа біткен ақаулар мен хромосомалық ауытқуларды анықтау кезінде жүктілікті ұзарту мәселесі, жаңа туған нәрестеге қажетті медициналық көмекті уақтылы көрсету. Генетика бөлімінде хромосомалық ауытқуларға перинаталдық биохимиялық скрининг және тұқым қуалайтын метаболикалық ауруларға неонаталдық скрининг жүргізіледі», деді Ә.Лебаева.
Анықталған туа біткен патологиялармен жүктілікті одан әрі жүргізу немесе тоқтату тәсілі туралы мәселелерді шешу үшін ұрық патологиясының сипатына байланысты бейінді мамандарды тарта отырып, көпбейінді комиссия ұйымдастырылды. Комиссияның отырысында отбасына анықталған аурудың барлық салдары, жүктілікті ұзарту туралы шешім қабылдаған кезде баланың өміріне болжам және мүгедектік дәрежесі түсіндіріледі.
Болашақта ұрықты сақтау орталығында ұрықтың инвазивтік пренаталдық диагностикасын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл – «Хромосомалық патология» диагнозының соңғы кезеңі.
Жетісу облысы