Елена Рыбакина АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан жүлде қоры 8 800 000 долларды құрайтын WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.
Төртінші кезеңде Рыбакина Элизе Мертенспен кездесті. Қазіргі кезде бельгиялық теннисші WTA рейтингінде 39 орында тұрғанымен, кезінде 12 сатыға дейін көтерілген. Хамонт-Ахельдің тумасы 2018 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалында ойнаса, 2019 және 2020 жылдары US open додасының ширек финалына дейін жетті. WTA турнирлерін ол жеті рет ұтты. Бұл бәсекені өз пайдасына шешу жерлесімізге айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ. 1 сағат 46 минутқа созылған сайыста Елена 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Сөйтіп, өз мансабында тұңғыш рет Майамидегі турнирдің ширек финалына дейін жеткен Елена Рыбакина осы межеде әлемдік рейтингте 24 сатыға жайғасқан италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік байқасады.