Бұл күндері Албанияның Дуррес қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстанның қоржынына алғашқы жүлде түсті.
Аталған жарысқа біздің елден барлығы 11 спортшы барған еді. Солардың арасынан Нұрасыл Арапбай тәуір өнер көрсетті. 67 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен ол жұлқып көтеруде қола медаль иеленді. Бірақ қоссайыстың қорытындысы бойынша Нұрасыл 266 килолық (120+146) көрсеткішпен жүлдегерлер қатарынан көріне алмай, төртінші орында қалып қойды.
Дуррестегі додада кеше Ерасыл Сәулебеков (73 кило) пен Алтынай Тәңірбергенова (59 кило) өнер көрсетті. Ал барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі 1 сәуірде белгілі болады.