7-9 сәуір аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогі өтеді.
Аталған жарыс әйгілі спорт функционері Бекет Махмұтовты еске түсіруге арналып отыр. Кезінде бұл азамат Қазақстан боксын орасан зор биікке көтерді. Сол кісінің басшылығымен отандық былғары қолғап шеберлері Олимпия ойындары мен әлем чемпионаты, Азия ойындары және басқа да көптеген аса ірі халықаралық додада жеңіс тұғырына көтерілді. Кейіннен республикалық дзюдо федерациясының тізгінін ұстап, күрестің бұл түрінің өркендеуіне де өлшеусіз еңбек сіңірді. Осыдан үш жыл бұрын ол ұзаққа созылған науқастан кейін 81 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысқан еді.
Бекет Сапабекұлын еске түсіруге арналған турнир осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Биылғы жарыста Қазақстаннан бөлек, Грекия, АҚШ, Моңғолия, Грузия, Гонконг, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстанның дзюдошылары белдеседі деп күтілуде.