АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC-дің кезекті жарысында айқын жеңіске қол жеткізген Шавқат Рахмонов елге оралғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында келесі жолы кімдермен күш сынасуы мүмкін және алдағы уақытта кімдермен жұдырықтасқысы келетінін жария етті. Қазақтың қайсар ұлы АҚШ-тың қос мықтысы – Колби Ковингтон мен Белал Мұхаммадтың есімдерін атады.
Жоғарыда есімдері аталған жігіттердің екеуі де өте қарулы. Колби Ковингтон жартылай орта салмақта күш сынасып жүрген файтерлердің рейтингінде екінші орында тұр. 35 жастағы Калифорния штатының тумасы бозбала шағынан бозкілемде тер төкті. Студенттер арасындағы жарыстарда сан мәрте жүлделі орындарды иеленді. 2012 жылдан бері аралас жекпе-жектен өтетін дүбірлі додаларға қатыса бастады. Бастапқы сегіз бәсекесінде жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін қуантты. Ол Крис Энсли, Дэвид Хэйз, Джейсон Джексон, Хосе Касерас, Джей Эллис, Анин Ван, Вагнер Силва және Майк Пайлды ұтты. Алғаш рет Колби 2015 жылдың аяғында жеңіліс тапты. Ол бразилиялық Варлей Альвеске есе жіберді. Одан кейін тағы жеті кездесуді өз пайдасына шешті. 2016-2019 жылдары Ковингтон Джонатан Менье, Макс Гриффин, Брайан Барберен, Ким Дон Хен, Демиан Майя, Рафаэл дус Анджус, Робби Фоулерді қапы қалдырды. Сондай-ақ Камару Усманнан екі рет ұтылып, Тайрон Вудли мен Хорхе Масвидальді тізе бүктірді.
2018 жылы уақытша чемпион атағын иеленген Колби Ковингтонның 2019 және 2021 жылдары толыққанды чемпион атануға жақсы мүмкіндігі болды. Бірақ екі ретінде де ол Камару Усманға жол берді. АҚШ спортшысы октагонда барлығы 20 кездесу өткізіп, олардың 17-сінде жеңіске жетсе, тоғызын мерзімінен бұрын аяқтады.
2022 жылдың 5 наурызында Ковингтон отандасы Хорхе Масвидальді жеңгені жайында жоғарыда айттық. Осы сәтсіздіктен кейін Хорхе қарсыласынан кек алуға бекінді. Дәл сол күні Лас-Вегастағы мейрамханалардың бірінде ол бейқам тұрған Колбиге ойсырата соққы жасап, қасқа тісін сындырды. Енді басбұзар 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
UFC-дің рейтингінде төртінші сатыға жайғасқан Белал Мұхаммадтың жасы – 34-те. Оның әке-шешесі – Палестинаның тумалары. Ал спортшының өзі Чикагода дүниеге келді. Белал да карьерасын 2012 жылы бастады. Арада төрт жыл өткен соң Titan FC ұйымының чемпионы атанды. Оның алдында Bellator промоушенінде өнер көрсетті. 2016 жылы UFC-ге ауысты. Айқас алаңында барлығы 26 жекпе-жек өткізіп, соның үшеуінде ғана ұтылды. 22 рет жеңіп, тағы бір бәсекенің нәтижесі есепке алынбады. Мұхаммадқа есе жібергендер арасында Крис Кертис, Тим Минс, Лайман Гуд, Диего Лима, Демиан Майя, Стивен Томпсон, Висенте Луке және Шон Брэди секілді танымал файтерлер бар. Бір айта кетерлігі, аталған америкалық спортшы өз жеңістерінің тек алтауын ғана айқын басымдықпен аяқтады.
2016 жылы Мұхаммад қатарынан екі кездесуде жеңілістің кермек дәмін татты. Лас-Вегаста Алан Жубаннан ұпай санымен ұтылса, Нью-Йоркте Висенте Лукенің ауыр соққыларына төтеп бере алмады. Ал 2019 жылы ол Бруклинде ұйымдастырылған жарыста Джефф Нилдің осал тұсын таба алмады. Дәл осы саңлақты жуырда ғана біздің Шавқат Рахмонов қылқындырып тастаған еді. Содан кейінгі сегіз жекпе-жектің барлығында Белалдың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ.