ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен ГФР СІМ-нің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенбергтің тең төрағалығымен екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі басым мәселелер бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға және ұстанымдарды үйлестіруге бағытталған саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Пікірталастарға Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов пен екі елдің сыртқы саяси ведомстволары құрылымдық бөлімшелерінің дипломаттары да қатысты.
Консультациялар барысында Қазақстанның кешенді ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының негізгі аспектілеріне ерекше назар аударылды. Р.Василенко неміс әріптестеріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформалар пакеттерін іске асыру нәтижелері туралы, сондай-ақ 19 наурызда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындылары туралы егжей-тегжейлі айтып, өткен парламенттік сайлаудың қоғамдағы өзгерістерді және елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға деген ұмтылысты көрсететінін жеткізді.
Өз тарапынан М.Люттенберг халықаралық байқаушылардың өткен сайлауды бағалауына назар аударып, еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістерді оң сипаттады және Қазақстанды өңірлік контекстте «адам құқықтарын қорғаудың көрнекі үлгісі» және «демократиялық өзгерістердің драйвері» деп атады.
Тараптар білім және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы Қазақстан-Германия кооперациясының оң динамикасын қолдауға бірлескен күш-жігер жұмсауға келісті. Сонымен қатар сауда-инвестициялық көрсеткіштердің қарқынды өсуін атап өтті.
Неміс статистикасына сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан алғаш рет ГФР-дың 50 жетекші сауда әріптестерінің тізіміне еніп, 10,5 млрд АҚШ доллар тауар айналымымен 43-ші орынға ие болды. Біздің деректерге сәйкес, Германиямен сауда 2022 жылы 2,8 млрд АҚШ доллар құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 26,7%-ға артқан.
Қазіргі уақытта елімізде неміс капиталының қатысуымен «SVEVIND» және «Goldbeck Solar» фирмаларын қоса алғанда 600 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар Қазақстанның өңірлерінде жасыл сутегі және жаңартылатын энергия өндірісі салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.
Сонымен қатар Германия астанасында Р. Василенко ГФР Бундестагы депутаттары, «Германия – Орталық Азия» парламенттік тобының төрағасы Ойген Шмидтпен, Петр Быстронмен, Манфред Грундпен және Кристиан Горкемен кездесу өткізді. Кездесу барысында 19 наурызда өткен парламенттік сайлаудың қорытындылары және Қазақстанның жаңартылған депутаттық корпусының неміс тарапымен өзара іс-қимылы үшін басым бағыттар талқыланды.
Министр орынбасарының жұмыс бағдарламасының жекелеген тармақтары оның бірқатар неміс БАҚ өкілдеріне арналған брифингі және Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер орталығының (ZOiS) әкімшілік директоры Кристиан Шайхпен, ZOiS ғылыми қызметкері Беате Эшментпен және Орталықтың басқа да саясаттанушыларымен жаһандық және өңірлік конъюнктуралар контекстіндегі Қазақстан-Германия әріптестік тақырыбындағы сұхбатқа қатысуы болды.