Астанада өтетін Азия чемпионаты қарсаңында біз грек-рим мен еркін күрес шеберлері жайында көлемді сараптама мақалалар берген едік. Ендігі кезекте – әйелдер күресі. Бүгінгі таңда сары құрлықтың басты додасында кімдер үстемдік құруда? Сол жарыстарда біздің бұрымдылар қандай табысқа қол жеткізді? Міне, бүгінгі мақаламызда осы сауалдарға жауап іздеп көреміз.
Әйелдер күресінен Азия чемпионатының тұсауы 1996 жылы Қытайдың Сяошань қаласында кесілді. Сол кезден бері аталған жарыстың жалауы 25 мәрте желбіреді. Сол бәсекелерде ұпай саны бойынша жалпы есепте Жапония – 16, Қытай – 8 және Үндістан 1 реттен көш бастады. Медальдердің саны бойынша Күншығыс елінің қыздары – 19, Қытай елінің арулары – 5 және Үнді елінің бұрымдылары 1 реттен озық шықты. Міне, осы деректерден-ақ командалық сайыста басты бәсекелестік қай мемлекеттердің өкілдері арасында өрбитінін байқау қиын емес.
Қазақстанның қыздары да «қара жаяу» емес. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте бір рет екінші орын алса, 10 рет үздік үштікті түйіндеді. Тағы екі мәрте төртінші сатыға тұрақтады. Ең көп жүлде алған кездеріміз: 2020 жылы – 8 (2+1+5), 2015 жылы – 6 (0+1+5), 2021 жылы – 6 (2+1+3), 2007 жылы – 5 (1+3+1), 2008 жылы – 5 (0+3+2), 2012 жылы – 5 (2+0+3), 2014 жылы – 5 (2+0+3) және 2016 жылы – 5 (0+3+2). Сары құрлықтың басты додасында жерлестеріміз барлығы 78 жүлде олжалады. Оның 17-сі алтын, 16-сы күміс және 45-і қола. Бұл медальдің иегерлері мына спортшылар:
Алтын: Гүзель Манюрова (2010, 2011, 2012,2014), Татьяна Аманжол (2009. 2013, 2014, 2020), Елена Шалыгина (2009, 2012), Жәмиля Бақбергенова (2020, 2022), Светлана Ярошеевич (2003), Жұлдыз Ешімова (2007), Валентина Исламова (2021), Елмира Сыздықова (2021) және Мәдина Бақбергенова (2022).
Күміс: Жұлдыз Ешімова (2008, 2009, 2010, 2017), Елена Шалыгина (2006, 2007), Елмира Сыздықова (2015, 2016), Дария Карпенко (2007), Ольга Жәнібекова (2007), Салтанат Әбдірахманова (2008), Ольга Смирнова (2008), Ирина Борисова (2016), Айым Әбділдина (2016), Аяулым Қасымова (2021) және Жәмила Бақбергенова (2021).
Қола: Айым Әбділдина (2009, 2011, 2012, 2014, 2015), Гүлмарал Еркебаева (2015, 2016, 2017, 2022), Ольга Жәнібекова (2005, 2006, 2010), Елмира Сыздықова (2014, 2018, 2020), Жұлдыз Ешімова (2015, 2018, 2022), Мәдина Бақбергенова (2017, 2020), Валентина Исламова (2019, 2020), Алтынай Сатылған (2020, 2021), Татьяна Аманжол (2015), Татьяна Захарова (2011, 2012), Екатерина Ларионова (2014, 2015), Светлана Волкова (1996), Бекзат Мұстафина (2005), Ольга Калинина (2006), Ольга Смирнова (2007), Елена Шалыгина (2008), Дария Карпенко (2008), Айжан Исмағұлова (2011), Ирина Борисова (2017), Аяулым Қасымова (2017). Ирина Казюлина (2018), Марина Седнева (2019), Айна Теміртасова (2019), Жәмила Бақбергенова (2019), Марина Зуева (2020), Асылзат Сағымбай (2021) және Айша Уәлишан (2021).
Қазақстанның жанкүйерлеріне Азия чемпионатының алғашқы медалінің сыңғырын естірткен Светлана Волкова. 1996 жылы Қытайдың Сяошань қаласында тұсауы кесілген жарыста 57 кило салмақта сынға түскен ол жапониялық Марико Симидзу мен тайпейлік Хуан Цзяцзиден қалып қойып, үшінші орынды иеленді. Содан кейіні төрт жарыстан қоржынымыз бос қайтты. 2003 жылы Нью-Делиде бұрымдыларымыз тұңғыш рет Қазақ елінің Әнұранын шырқатты. Бұл жарыста 75 кило салмақта күш сынасқан Светлана Ярошевич алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Финалда ол кореялық Кан Мин Джонды қапы қалдырды.
Негізі Светлана – Ресейдің тумасы. Ол Красноярск өлкесінің Абакан қаласында дүниеге келген. Оған дейін Ярошевич жастар арасындағы Еуропа біріншілігінде үш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Кейіннен Қазақстанның туы астында өнер көрсетті. 2003 жылдың қоңыр күзінде жол апатына ұшырап, бел омыртқасынан қатты жарақат алды. Десек те басына түскен ауыр жағдай қайсар қыздың сағын сындыра алған жоқ. Светлана мүгедектер арбасына таңылса да, спорттан қол үзбеді. Ол шаңғы, биатлон және жеңіл атлетикамен айналысып, 2010 жылы Ванкуверде алауы тұтанған Паралимпиадалық ойындарда өнер көрсетті.
Әйелдер күресін дамыту үшін кезінде шет мемлекеттерден спортшылар көптеп шақыртқанымыз жасырын емес. Солардың біразы халықаралық аренада зор табыстарға қол жеткізді. Кейіннен өз қыздарымыздың арасынан да дарынды спортшылар шықты. Соңғы жылдары солар байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Қазақстан құрамасы сапында ең көп олжаға кенелген балуандар мыналар: Жұлдыз Ешімова 8 жүлде (1+4+3), Елмира Сыздықова 6 жүлде (1+2+3), Айым Әбділдина 6 жүлде (0+1+5), Татьяна Аманжол 5 жүлде (4+0+1), Елена Шалыгина 5 жүлде (2+2+1), Гүзел Манюрова 4 жүлде (4+0+0), Жәмила Бақбергенова 4 жүлде (2+1+1), Ольга Жәнібекова 4 жүлде (0+1+3) және Гүлмарал Еркебаева 4 (0+0+4).
Былтыр Моңғолияның астанасы – Ұланбатырда Қазақстан құрамасы өте табысты өнер көрсетіп, өз тарихында тұңғыш рет жалпы есепте екінші орынды иеленді. Біздің қыздардың арасынан апалы-сіңлілі – Бақбергеновалар бас жүлдені олжалады. 68 кило салмақтағы Мәдина финалда Қырғызстанның атақты спортшысы, Токио Олимпидасының қола жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, Әлем кубогінің иегері, Азия ойындарының қола жүлдегері Мейірім Жұманазарованы жеңді. 72 килодағы Жәмила Жапонияның жас жұлдызы Сумире Ниикурадан айласын асырды. Одан бөлек, Жұлдыз Ешімова (53 кило) мен Гүлмарал Еркебаева (76 кило) қола медальді қоржынға салды.
Аталған жарыста да әдеттегідей Жапония құрамасына тең келер команда табылмады. Бұл елдің Рэмина Есимото (50 кило), Акара Фудзинами (53 кило), Уми Имаи (55 кило), Цугуми Сакурай (57 кило), Сара Натами (59 кило), Нонока Одзоки (62 кило) және Мива Морикава (65 кило) сынды сұлулары алтыннан алқа тақты. Бас жүлденің тағы біреуін қырғызстандық Айпері Медетқызы (76 кило) жеңіп алды. Жалпы, былтырғы Азия чемпионатында Жапония (7 алтын+2 күміс+0 қола), Қазақстан (2+0+2) және Қырғызстаннан (1+2+0) бөлек, Моңғолия (0+4+5), Үндістан (0+2+3) және Өзбекстанның (0+0+1) балуандарына ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды.