• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Наурыз, 2023

Телесериалдар байқауы

503 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары отандық тарихи сериалдар жиі түсіріліп жатқанын көрермен қауым жақсы біледі. Осы орайда биыл отандық сериал контентті кәсіби тұрғыда бағалайтын «Nauryz» ұлттық бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет өткізіліп отыр. Дүбірлі додаға қатысу үшін бүгінге дейін Nauryz-awards.kz сайтына 250-ден аса өтінім келіп түскен. Телетуындылар түрлі тақырып пен кезеңді қамтиды. Күні кеше ғана шығармашылық байқауда жеңістен үміттілер іріктеліп, шорт-лист жарияланды.

Айта кетейік, аламан бәйгеге 2021 жылғы 1 қаң­т­­ар­ – 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығында қазақ­стан­дық телеарналардың эфиріне, YouTube арнасында­ шыққан сериалдар және сериал контентін жасаушы­ шығармашылық топтар мен актерлер құрамы – барлығы 13 аталым бойынша қатысып жатыр.

Аталған байқау сериалдық контентті дамытуды қолдау, отандық және халықаралық онлайн платформаларда қазақстандық телехикаяларды теледидар көрермені арасында танымал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл, әрине, аз қаржыға түсірілетін телесериалдар үшін үлкен көмек.

Құрамында тәжірибелі режиссерлер, продюсерлер мен еліміздің шығармашылық интеллигенциясының өкілдері бар қазылар алқасы үздік жұмыстарды анықтады. Марапаттау рәсімі қарсаңында қазылар «Nauryz» ұлттық телесериалдар бәйгесінің номинанттар тізімін жариялады. Сонымен, ұлттық бәйгенің шорт-листіне 52 номинант енді.

Атап айтсақ, «Үздік тарихи сериал» – «Қаныш. Қазына» («Qazaqstan» ұлттық арнасы), «Қызыл жебе» («Алматы» телеарнасы), «Мәншүк» («Хабар» телеарнасы), «Міржақып. Оян, Қазақ!» («Qazaqstan» ұлттық арнасы); «Үздік драмалық сериал» – «Ақжауын» («Qazaqstan» ұлттық арнасы), «Бірге бол» («31 арна»), «Рауза. Сакураның гүлдеуі» («Хабар» телеарнасы), «Шанхай» («КТК» телеарнасы); «Үздік комедиялық сериал» – «Бажа» (Salem Social Media), «Келінжан» («Хабар» телеарнасы), «Күйеу бала» («Qazaqstan» ұлттық арнасы), «Патруль» («НТК» телеарнасы); «Үздік веб-сериал» – «Аппақ келін» (Salem Social Media), «Ойна» (GAKKU телеарнасы), «Serjan Bratan» (Salem Social Media), «5:32» (Salem Social Media); «Үздік актер» – Аян Өтепберген («Ақжауын» сериалы), Әбунасыр Серіков («103» сериалы), Берік Айтжанов («Ангел-хранитель» сериалы), Дулыға Ақмолда («Serjan Bratan» сериалы); «Үздік актриса» – Ақбота-Нұр Сейтмағамбет («Бақыттың кілті» сериалы), Анна Оразбаева («Қаныш. Қазына» сериалы), Дариға Бадықова («Келінжан» сериалы), Жанель Серғазина («Няня» сериалы); «Екінші пландағы үздік актер» – Әділжан Шомбалов («Патруль» сериалы), Ғани Құлжанов («Ақжауын» сериалы), Рүстем Жаныаманов («Келінжан» сериалы), Нартай Сауданбекұлы («Ахмет. Ұлт ұстазы»); «Екінші пландағы үздік актриса» – Әйгерім Жаңылбаева («Медеуде кездесейік» сериалы), Зарина Кармен («Міржақып. Оян, Қазақ!» сериалы), Камалия Байтелеуова («Ақ пен қара» сериалы), Райхан Айтқожанова («Қимылдаған қыр асар» сериалы); «Үздік режиссер» – Ернар Нұрғалиев («Келінжан», «Хабар» телеарнасы), Ерлан Нұрмұхамбетов («Қаныш. Қазына», «Qazaqstan» ұлттық арнасы), Қанағат Мұстафин («Тағдыр тасы», «Kanaidar production» youtube), Мұрат Есжан («Міржақып. Оян, қазақ!» «Ахмет.Ұлт ұстазы», «Qazaqstan» ұлттық арнасы); «Үздік сценарист» – Амир Аменов («Қаныш. Қазына», «Qazaqstan» ұлттық арнасы), Бекзат Мырзахметова («Mystan», Salem Social Media), Гүлнұр Мамасарипова («Келінжан», «Хабар» телеарнасы), Майя Искакова («Няня», Salem Social Media); «Үздік қоюшы- оператор» – Асқар Серікқазин («Әке мен әке», «7 арна»), Бағдат Арғынов («SHEKER», «Serjan bratan», «5:32», Salem Social Media), Ернұр Рысбаев («Ақ пен қара», «Хабар» телеарнасы), Қазбек Әміржанов («Жусан иісі», «Atameken Business» телеарнасы); «Үздік монтаж» – Ақан Мұсақұлов («Женатики», «31 арна»), Бауыржан Нұркеев («Қаныш. Қазына», «Qazaqstan» ұлттық арнасы), Рахимжан Яхьяров («Ақ пен қара», «Хабар» телеарнасы), Төребек Бейсебаев («Ақжауын», «Qazaqstan» ұлттық арнасы); «Үздік саундтрек» – «Келінжан» («Хабар» телеарнасы), «Қаныш. Қазына» («Qazaqstan» ұлттық арнасы), «Sheker» (Salem Social Media), «5:32» (Salem Social Media).

Еске салсақ, «NAURYZ–2023» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары 31 наурызда белгілі болады. Оларға NAURYZ арнайы мүсіншесімен бірге 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақы табысталады. Лауреаттарды марапаттау рәсімі Астана қаласы «Қазмедиа» орталығында өтеді. Іс-шараға Президент телерадиокешені, «Қазақстан» РТРК және «Хабар «Агенттігі» АҚ, «Еуразия» бірінші арнасы» және «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры демеушілік көрсетіп отыр.