• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Халық 29 Наурыз, 2023

Жүрек жылуы

425 рет
көрсетілді

Елімізде «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы жан-жақты жалғасып жатыр. Іс-шараны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдағаны белгілі. Бүгінде акцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүрегі мейірімге толы жандар үн қосып жатыр.

Наурыз мерекесі қарсаңында Пре­зи­дент «Жүрек жылуы» қайырым­дылық акциясына қатысты. Акцияның мәні – наурыз айы бойына халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсетіп, көпбалалы отбасылардан, мүмкіндігі шектеулі жандардан, зейнеткерлерден келіп түскен хаттарда жазылған өтініш-тілектерді орындау.

Қайырымды іске Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері ұйытқы болған. Олар 21-23 наурыз аралығында ЭКСПО аумағындағы киіз үйлердің бірінде акцияны кеңінен насихаттады. Осы орайда волонтерлер Мемлекет басшысынан сандықтан алғашқы хатты алып оқуды сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев хат иесінің тілегі орындалатынын жеткізіп, осынау игі істі бастаған жастарға ризашылығын білдірді. Өтініште Астана тұрғыны тонометр сұраған еді.

Соған сәйкес, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Гүлжахан Сыдықовамен кездесіп, Мемлекет басшысының атынан тонометрді табыстады. Сондай-ақ оған материалдық көмек көрсетіліп, санаторийге жолдама беріледі. Гүл­жахан Сыдықова Президент пен «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысушыларға алғысын білдірді. Бұдан бөлек Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сегіз жасар Ералының үйіне барып, өзі хатта сұраған сыйлықтарды табыс етті.

Игі істің ізін «Jibek Joly» телеарнасы, «Magnum» супермаркеттер желісі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және еліміздегі жоғары оқу орындары да жалғастыруда. Астанадағы М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ универ­ситеті жақсылық сандығынан бір хатты алды. Онда тілек жолдаушы Альфия жүгіруге арналған спорттық аяқ киім алғысы келгенін жазған. Университет ұжымы тек спорттық аяқ киім ғана емес, жүгіруге қажетті барлық спорттық киіммен жабдықтайтынын жеткізді. Кейін «Жүрек жылуы» челленджін Атыраудағы Сафи Өтебаев универ­ситеті қабылдап, еріктілер тобына арнайы хабарласты. Оларға тілек санды­ғынан Назерке есімді мектеп оқушы­сының хаты түсті. Астана қаласы­ның тұрғыны қаршадайынан қолмен тігіншілік өнерін үйреніп жүргенін, ендігі арманы тігін машинасын алу екенін айтқан. Оған жауаптылар мұнайлы астанадан сәлем жолдап, тілегін орындайтынын Facebook парақшаларында жазып қалдырды.

Қайырымдылықты жанына жалау еткен жандардың қатарында ең үздік футболшы Самат Смақов та бар. Ол нөмірі 277-хатты алып, Айбөпе Сан­жарқызының арманын орындады. Өтініш білдіруші курсқа қатысу үшін арнайы тігін машинасын сұраған.

– Жасым он алтыда. Наурыз айы­ның басында достарымнан «Жүрек жылуы» акциясы туралы есті­дім. Өзім көпбалалы отбасынан болғандықтан, хат жазуға шешім қабылдадым. Киім тіккенді жақсы көремін, сондықтан сыйлық ретінде тігін машинасын сұрадым. Арманым соншалықты тез орындалады деп ойламадым. Ма­ған демеуші хабарласқанда қатты қуан­дым. Тіпті сол күні әкеліп берді. Армандар орындалады, тек сену керек. Алғысым шексіз, – деді А.Санжарқызы.

Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік жұртшылық арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан. Осы орайда Жүсіп Баласағұнның «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең – мейірімділік көре­сің» дегені акцияның негізін аша түскендей. Сондықтан  жауаптылар бұл қайырымдылық тізбегін жыл бойы жалғастырмақшы. Енді өті­ніш-тілектерді қабылдаудың екінші кезеңі мамыр айында басталады деп жос­парланған.

Жалпы, акция барысында волонтерлер азаматтардан 300-ге жуық хат қабылдаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоржыннан кез келген адам хат алып, жерлестерінің арман-тілегін орындай алады.