• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Наурыз, 2023

Игерілмеген жер – ел игілігіне

384 рет
көрсетілді

Заңсыз берілген жер телімдері мен заңға қайшы салынған құрылыс нысандарының айналасында даулы мәселе аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп табылуға тиіс» деген пәрменінен кейін әр өңірде мұндай шикіліктердің шеті шығып, тиісті шаралар қабылдануда.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы өткен жылы 1 қыр­күйектегі «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жол­дауында да осы мәселені ө­ткір көтерген еді. «Игерілмей жат­қан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 мил­лион гектарға жуық­­тайды. Үкі­мет пен әкімдік­тер келесі жыл­дың соңына дейін осы жерлер­ге қатысты нақты ше­шім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәсе­лесін тексеруге жарияланған мо­раторий де күшін жойды», деген Президент бұл қадам жұмысқа оң ық­палын тигізетінін де айтқан еді.

Заңсыз жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару – соңғы уақытта жүйелі жүзеге аса бастаған шаруаның бірі. Күні кеше Алматыда әскери про­курорлар құны 6 млрд теңге­ден асатын бұрынғы әскери госпи­тальдің жер учаскесі мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы құрылымның баспа­сөз қызметі хабарлады.

Мәлім болғандай, 2014 жылы Ал­­маты қаласының Медеу ауда­­нындағы жалпы ауданы 3,8484 га-ны құрайтын шұрай­лы жер кәсіпкер Тимур Құлы­баевқа тиесілі «Достық строй» құрылыс компаниясы» ЖШС-нің меншігіне өткен. Жер телі­мінің 7 жылдан бері мақсатқа сай пайдаланылмағандығы ескеріліп, әскери прокуратура органдары оны мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арызбен сотқа жүгінген. Алматы қа­ла­сының мамандандырылған аудан­аралық экономикалық соты­ның шешімімен әскери про­куратураның талап-арызы қа­нағаттандырылып, заңды күшіне енді. Қазіргі уақытта сот актісін орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Құжатта «Сот «Достық Строй» құрылыс компания­сынан Алматы қаласы Медеу ауданы Назарбаев даңғылы, 222а мекенжайында орналасқан, 20-315-021-540 кадастр нөмірі­мен тіркелген жер учаскесін мемлекет пайдасына мәжбүр­лі түрде алып қою туралы ше­шім шығарды» деп жазылған. Жерге ие болған компания 2012 жылы қорғаныс министрлі­гіне Алматының шетінен 3,6 миллиард теңгеге жаңа гос­питаль салып беріп, орнына қала орта­лы­ғындағы құйқалы жерді ал­ған деген мәлімет бар. Әскери про­куратураның хабарлауынша, 2014 жылы бұл жердің нарықтағы құны 6 миллиард теңгені құраған. Жер жекеменшікке өткеннен кейін пайдалану мақсаты өзгертіліп, қонақүй, әкімшілік ғимарат салу көзделген. Дегенмен госпиталь ғимараты сүрілгенімен орнына әлі ешқандай нысан бой көтермеген.

Жуырда көптен бері қоғамда қызу талқыланып келген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағына тиесілі жер теліміне қатысты даулы мәселенің түйіні тарқаған болатын. Сот ұлттық университеттің бұрын иеліктен шығарылған жерлерін қайтарды. Бұл туралы қаланың Жер ресурстарын басқару департаментінің өкіл­дері мәлімдеді. Комитет Алматы әкімдігінің Ұлттық универ­ситет территориясының бір бөлігін заңсыз меншіктеуге жол бергенін нақтылады. Алматы­ның ауданаралық-экономикалық соты қаланың жер ресурстарын басқару департаменті мен «Omirex» ЖШС, «Atlas Development» ЖШС, ҚазҰУ өтінішін толық қарастырды. Арнайы қабылданған қаулыда сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қойылған.

Заңгер Бақытжан Базарбектің түсірген шағымы негізінде департамент Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағының бір бөлігін иеліктен шығарудың заңдылығын тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласы әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, жалпы ауданы 0,7494 гектарды құрайтын университеттің жер телімінің бір бөлігін иеліктен шығару туралы заңсыз қаулылар қабылдағаны анықталған. Университеттің иелігінен заңсыз шығарылған жер телімдері жөніндегі талап-арызды қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шағымды қанағаттандырды.

Жоғарыда айтып өткені­міздей, соңғы уақытта жер телім­дерін заңға қайшы мен­шіктеу факті­леріне қатысты жұмыс қарқын ала бастады. Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы құйқалы жерге құмартқандардың дені лауазымды шенеуніктердің туыстары екені жарияланып, заңсыз берілген жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Алматы қала­лық соты 1997-2004 жылдар аралығында қала әкімі болған Виктор Храпунов пен кәсіпкер Тимур Құлыбаев арасында жасалған фельдшерлік-акушерлік пункт­тің учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды. Жуырда «Amanat» партия­сы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылғаны мәлімделген еді. Бас прокуратура аталған тұлғаға тиесілі Астана, Алматы, Талғар қалалары, Қаске­лең елді мекені, Түркістан облы­сының ең шұрайлы жерлерінде орналасқан 244 гектар болатын 59 жер телімін анықтаған.

«Заң – азаматтардың бәріне бірдей қызмет етуге тиіс. Әді­леттен айныды ма, ешкімнің бет-жүзіне қарамай жауапқа тартқан жөн. Әділетті қоғам – мемлекет дамуының кепілі. Ата заңымызда айшықталған­дай, жердің игілігі – халықтың байлығы. Президентіміздің бұл тұрғыдағы бастамасы көпте­ген игі шешімдерге жол ашып отыр. Қалай айтқанда да сең бұзылды. Жер телімдерін мем­лекет меншігіне қайтару жұмыс­тарынан кейін халықтың да билікке сенімі арта бастады. Бір заңсыз шығарылған шешімнің салдарынан қаншама адам зардап шегеді. Бұл бағыттағы жұ­мыстарды соңына дейін жет­кізіп, заңсыздықтардың жолын мүлде кесу керек», дейді қоғам белсендісі Жандос Әлімғожа.

Өткен жылдың соңында осы мәселеге қатысты жиын өткіз­ген «Жер аманаты» комиссия­сы Алматы қаласында жер заңна­масын бұзудың 33 дерегі анық­талғанын алға тартты. Ең қызығы жерге қатысты бұл шикіліктің 31 дерегі мемлекеттік органдар­ға тиесілі көрінеді. Комиссия атап өткендей, Алматы әкімдігі тарапынан – 11, қалалық Жер қатынастары басқармасы – 15, «Азаматтарға арналған Үкімет» кор­порациясынан 5 заң бұзу­шы­лық анықталған. Осыған қатысты үш тұлға әкімшілік жауап­­кер­шілікке тартылып, айып­пұл арқа­лаған. Осылайша, жер те­лімдерін заңсыз беру мәсе­лесі­не жүргізілген тексерулер нәти­же­сінде, мегаполис­те жалпы көлемі 17,3 гектарды құрайтын 23 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған.

Алматы қаласында жаңа салынған тұрғын үйлердің құжа­тындағы шикіліктерге қатысты сот пен жеке компания арасында сабылып жүргендер жетерлік. Мамандар тұрғындарды мұндай мәселеде абай болуға шақырады. Күні кеше қала әкімдігі мүлікті заңсыз сататын құрылыс салушылар туралы ақпарат жариялап, қара тізімге енген тұрғын үйлерді атап көрсетті. Олардың қатарында «Auezov Apartaments» секілді қымбат тұрғын үй кешені де бар. Қадағалаушы мамандар, құрылыс иелері пәтерлерді сатуды бастағанымен, болашақта бұл үйлерді тіркеуде қиындықтар туындауы ықтималдығын атады. Ал «Tole bi Residence» тұрғын үй кешенінің сайтында пәтерлердің алғашқы кезегі 2023 жылы пайдалануға берілетіні көрсетілгенімен, бүгінге дейін үйдің іргетасы да қаланбаған. Құрылысты салу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін екеніне қара­мастан, аталған компания ол тур­алы салымшыларына хабар­ламаған. Мұндай тұрғын үй кешендерін сатып алғандар үшін болашақта заңдық тұрғыдан қиындықтар орын алуы мүмкін екенін, тіпті заңсыз салынған тұрғын үйлерді кейін бұзып тас­тауы да ықтималдығын ескерткен әкімдік өкілдері жылжымайтын мүлікті сатып алушыларға құрылыс салушы мен нысандар туралы ақпаратты тікелей әкім­шілікке хабарласып тексеруді ұсынып отыр.

Елдегі елеулі өзгерістер жеке тұлғалардың мүддесіне емес, халық игілігіне қызмет етсе игі. Бой көтерген әрбір нысан, салынып жатқан демалыс орындары заңға пысқырмаған­дар­дың қалтасын қампайтпауы қажеттігін Президент баса айтты. Мемлекет басшысы ел тізгінін қолға ұстаған тұста көптен бері қоғамда қызу пікірталас тудырып келген Көкжайлау тау шаңғысы курортын салу тақырыбына нүкте қойғаны да сондықтан. Оған дейін қанша­ма қоғам белсенділері мен таби­ғат жанашырлары дәл қазір­гі жағдайда Көкжайлау тау шаң­ғы курортының Алматы үшін аса қажеттілігі жоғын айтып да­был қаққан-ды. Экологтар жо­ба­да көрсетілген жасанды су бассейндері арқылы қар жаудыру еш қисынға келмейді десе, экономистер мұның қала бюджеті үшін қып-қызыл шығын екенін айтып шыр-пыр болды.

Қалай айтқанда да әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы баяндау­лар жобаны қолдағандардан гөрі көңілі толмағандардың басым болғанын байқатты. Қоғам­дық пікірді ескерген Президент Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арнал­ған отырыста бұрын заңсыз беріл­ген жерлерді Іле Алатауы ұлт­тық паркіне қайтару қажетті­гін баса айтып, ағаштар мен ал­ма бақтарын заңсыз отағандар­ға қатаң бақылау орнатуды міндеттеген еді.

 

АЛМАТЫ