Заңсыз берілген жер телімдері мен заңға қайшы салынған құрылыс нысандарының айналасында даулы мәселе аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп табылуға тиіс» деген пәрменінен кейін әр өңірде мұндай шикіліктердің шеті шығып, тиісті шаралар қабылдануда.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы өткен жылы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында да осы мәселені өткір көтерген еді. «Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды», деген Президент бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізетінін де айтқан еді.
Заңсыз жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару – соңғы уақытта жүйелі жүзеге аса бастаған шаруаның бірі. Күні кеше Алматыда әскери прокурорлар құны 6 млрд теңгеден асатын бұрынғы әскери госпитальдің жер учаскесі мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы құрылымның баспасөз қызметі хабарлады.
Мәлім болғандай, 2014 жылы Алматы қаласының Медеу ауданындағы жалпы ауданы 3,8484 га-ны құрайтын шұрайлы жер кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Достық строй» құрылыс компаниясы» ЖШС-нің меншігіне өткен. Жер телімінің 7 жылдан бері мақсатқа сай пайдаланылмағандығы ескеріліп, әскери прокуратура органдары оны мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арызбен сотқа жүгінген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен әскери прокуратураның талап-арызы қанағаттандырылып, заңды күшіне енді. Қазіргі уақытта сот актісін орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Құжатта «Сот «Достық Строй» құрылыс компаниясынан Алматы қаласы Медеу ауданы Назарбаев даңғылы, 222а мекенжайында орналасқан, 20-315-021-540 кадастр нөмірімен тіркелген жер учаскесін мемлекет пайдасына мәжбүрлі түрде алып қою туралы шешім шығарды» деп жазылған. Жерге ие болған компания 2012 жылы қорғаныс министрлігіне Алматының шетінен 3,6 миллиард теңгеге жаңа госпиталь салып беріп, орнына қала орталығындағы құйқалы жерді алған деген мәлімет бар. Әскери прокуратураның хабарлауынша, 2014 жылы бұл жердің нарықтағы құны 6 миллиард теңгені құраған. Жер жекеменшікке өткеннен кейін пайдалану мақсаты өзгертіліп, қонақүй, әкімшілік ғимарат салу көзделген. Дегенмен госпиталь ғимараты сүрілгенімен орнына әлі ешқандай нысан бой көтермеген.
Жуырда көптен бері қоғамда қызу талқыланып келген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағына тиесілі жер теліміне қатысты даулы мәселенің түйіні тарқаған болатын. Сот ұлттық университеттің бұрын иеліктен шығарылған жерлерін қайтарды. Бұл туралы қаланың Жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері мәлімдеді. Комитет Алматы әкімдігінің Ұлттық университет территориясының бір бөлігін заңсыз меншіктеуге жол бергенін нақтылады. Алматының ауданаралық-экономикалық соты қаланың жер ресурстарын басқару департаменті мен «Omirex» ЖШС, «Atlas Development» ЖШС, ҚазҰУ өтінішін толық қарастырды. Арнайы қабылданған қаулыда сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қойылған.
Заңгер Бақытжан Базарбектің түсірген шағымы негізінде департамент Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағының бір бөлігін иеліктен шығарудың заңдылығын тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласы әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, жалпы ауданы 0,7494 гектарды құрайтын университеттің жер телімінің бір бөлігін иеліктен шығару туралы заңсыз қаулылар қабылдағаны анықталған. Университеттің иелігінен заңсыз шығарылған жер телімдері жөніндегі талап-арызды қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шағымды қанағаттандырды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, соңғы уақытта жер телімдерін заңға қайшы меншіктеу фактілеріне қатысты жұмыс қарқын ала бастады. Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы құйқалы жерге құмартқандардың дені лауазымды шенеуніктердің туыстары екені жарияланып, заңсыз берілген жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Алматы қалалық соты 1997-2004 жылдар аралығында қала әкімі болған Виктор Храпунов пен кәсіпкер Тимур Құлыбаев арасында жасалған фельдшерлік-акушерлік пункттің учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды. Жуырда «Amanat» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылғаны мәлімделген еді. Бас прокуратура аталған тұлғаға тиесілі Астана, Алматы, Талғар қалалары, Қаскелең елді мекені, Түркістан облысының ең шұрайлы жерлерінде орналасқан 244 гектар болатын 59 жер телімін анықтаған.
«Заң – азаматтардың бәріне бірдей қызмет етуге тиіс. Әділеттен айныды ма, ешкімнің бет-жүзіне қарамай жауапқа тартқан жөн. Әділетті қоғам – мемлекет дамуының кепілі. Ата заңымызда айшықталғандай, жердің игілігі – халықтың байлығы. Президентіміздің бұл тұрғыдағы бастамасы көптеген игі шешімдерге жол ашып отыр. Қалай айтқанда да сең бұзылды. Жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарынан кейін халықтың да билікке сенімі арта бастады. Бір заңсыз шығарылған шешімнің салдарынан қаншама адам зардап шегеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды соңына дейін жеткізіп, заңсыздықтардың жолын мүлде кесу керек», дейді қоғам белсендісі Жандос Әлімғожа.
Өткен жылдың соңында осы мәселеге қатысты жиын өткізген «Жер аманаты» комиссиясы Алматы қаласында жер заңнамасын бұзудың 33 дерегі анықталғанын алға тартты. Ең қызығы жерге қатысты бұл шикіліктің 31 дерегі мемлекеттік органдарға тиесілі көрінеді. Комиссия атап өткендей, Алматы әкімдігі тарапынан – 11, қалалық Жер қатынастары басқармасы – 15, «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясынан 5 заң бұзушылық анықталған. Осыған қатысты үш тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған. Осылайша, жер телімдерін заңсыз беру мәселесіне жүргізілген тексерулер нәтижесінде, мегаполисте жалпы көлемі 17,3 гектарды құрайтын 23 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Алматы қаласында жаңа салынған тұрғын үйлердің құжатындағы шикіліктерге қатысты сот пен жеке компания арасында сабылып жүргендер жетерлік. Мамандар тұрғындарды мұндай мәселеде абай болуға шақырады. Күні кеше қала әкімдігі мүлікті заңсыз сататын құрылыс салушылар туралы ақпарат жариялап, қара тізімге енген тұрғын үйлерді атап көрсетті. Олардың қатарында «Auezov Apartaments» секілді қымбат тұрғын үй кешені де бар. Қадағалаушы мамандар, құрылыс иелері пәтерлерді сатуды бастағанымен, болашақта бұл үйлерді тіркеуде қиындықтар туындауы ықтималдығын атады. Ал «Tole bi Residence» тұрғын үй кешенінің сайтында пәтерлердің алғашқы кезегі 2023 жылы пайдалануға берілетіні көрсетілгенімен, бүгінге дейін үйдің іргетасы да қаланбаған. Құрылысты салу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін екеніне қарамастан, аталған компания ол туралы салымшыларына хабарламаған. Мұндай тұрғын үй кешендерін сатып алғандар үшін болашақта заңдық тұрғыдан қиындықтар орын алуы мүмкін екенін, тіпті заңсыз салынған тұрғын үйлерді кейін бұзып тастауы да ықтималдығын ескерткен әкімдік өкілдері жылжымайтын мүлікті сатып алушыларға құрылыс салушы мен нысандар туралы ақпаратты тікелей әкімшілікке хабарласып тексеруді ұсынып отыр.
Елдегі елеулі өзгерістер жеке тұлғалардың мүддесіне емес, халық игілігіне қызмет етсе игі. Бой көтерген әрбір нысан, салынып жатқан демалыс орындары заңға пысқырмағандардың қалтасын қампайтпауы қажеттігін Президент баса айтты. Мемлекет басшысы ел тізгінін қолға ұстаған тұста көптен бері қоғамда қызу пікірталас тудырып келген Көкжайлау тау шаңғысы курортын салу тақырыбына нүкте қойғаны да сондықтан. Оған дейін қаншама қоғам белсенділері мен табиғат жанашырлары дәл қазіргі жағдайда Көкжайлау тау шаңғы курортының Алматы үшін аса қажеттілігі жоғын айтып дабыл қаққан-ды. Экологтар жобада көрсетілген жасанды су бассейндері арқылы қар жаудыру еш қисынға келмейді десе, экономистер мұның қала бюджеті үшін қып-қызыл шығын екенін айтып шыр-пыр болды.
Қалай айтқанда да әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы баяндаулар жобаны қолдағандардан гөрі көңілі толмағандардың басым болғанын байқатты. Қоғамдық пікірді ескерген Президент Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған отырыста бұрын заңсыз берілген жерлерді Іле Алатауы ұлттық паркіне қайтару қажеттігін баса айтып, ағаштар мен алма бақтарын заңсыз отағандарға қатаң бақылау орнатуды міндеттеген еді.
АЛМАТЫ