Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламентаралық ассамблеясының 57-пленарлық отырысы өтті. Оған Достастыққа мүше мемлекеттердің Парламент палаталарының төрағалары қатысты. Қазақстан делегациясын Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев бастап барды.
Отырыс кезінде Достастық елдері Парламенттерінің депутаттары сайлау үдерісін халықаралық байқау институтының демократия мен сайлау мәдениетін дамытудағы рөлін талқылады. Бұл ретте Сенат төрағасы өңірдегі елдер ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі сайлау мен референдумдарды өткізуге мониторинг жүргізу болып қала беретінін атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде біздің елдеріміз үшін Достастықтың әлеуетін одан әрі нығайту мен оның беделді халықаралық ұйым ретіндегі рөлін арттыру сөзсіз басымдық екенін атап өтті», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ палата спикері халықаралық байқау институты Достастық кеңістігіндегі сайлау үдерістерінің маңызды және ажырамас бөлігіне айналып, олардың ашықтығын арттыруға ықпал еткенін алға тартты.
«Халықаралық байқау дегеніміз – сайлау рәсімдерінің сақталуын тексеру ғана емес, сонымен қатар заңның үстемдігін және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогті қолдаудың маңызды тетігі. Бұл тәсіл сайлау үдерістерінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге әрі оларға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Байқау үдерісі егемендік пен мемлекеттілікті құрметтеу қағидаттарына негізделетінін атап өткен жөн. Бұл ретте халықаралық байқау миссияларының қызметі объективті және ашық сипатта болады», деді Сенат спикері.
Сонымен қатар М.Әшімбаев парламенттік диалогтің мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызы туралы айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі реформаларға тоқталды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, демократия дегеніміз – нәтиже емес, өз елінің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың тұрақты қатысуын талап ететін үдеріс. Біз Қазақстандағы билік институттарының сайланбалылығын кеңейтіп жатырмыз. Ауылдық елді мекендердің әкімдерін сайлауды қалыптастырдық. Енді аудан әкімдерін сайлауды қолға алдық», деді М.Әшімбаев.
Бұған қоса Сенат спикері Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында қазіргі таңда елімізде аса маңызды мәселелер референдумға шығарылатынын айтты.
«Қазақстанда өткізілген АЭС салу мәселесі жөніндегі республикалық референдум барлық маңызды шешімді ел азаматтарының пікірін ескере отырып қабылдауға үндейтін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының жарқын көрінісіне айналды. Алғаш рет референдумға экономикалық сипаттағы мәселе шығарылды. Дауыс беру үдерісіне 40 мыңнан аса ұлттық және 30 елден келген 170 халықаралық байқаушы мониторинг жүргізді. Байқау қорытындысында ТМД миссиясы референдумның ел заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес еркін әрі ашық өткізілгенін жеткізді. Біз ТМД байқаушылар миссиясына осындай объективті және сындарлы бағалау үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді М.Әшімбаев.
Сенат спикері бірлескен жұмыстың алдағы кезеңдегі басым бағыттарын белгілеп, 2025 жылы ТМД-ға төрағалық ететін Тәжікстан Республикасын құттықтады.
Отырыс барысында қатысушылар ТМД Парламентаралық ассамблеясының аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкинаның кандидатурасын бекітті. Ал сенатор Геннадий Шиповскихті ТМД Жастар Парламентаралық ассамблеясының үйлестірушісі етіп тағайындау туралы шешім қабылдады.
Палата төрағасы ТМД ПАА алаңында парламенттік делегациялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер де өткізді.
Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен кездесуде М.Әшімбаев көпжақты алаңдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жөніндегі ауқымды мәселелерді талқылады.
Сенат спикері Тәжікстан Республикасының Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомалимен кездесу барысында Парламент депутаттарының өңірдің экономикалық дамуы жолындағы бірлескен күш-жігері жөнінде пікір алмасты. Мәулен Әшімбаев тәжік парламентшілерін «Орталық Азияның орнықты дамуы: Парламенттер мен жергілікті өкілді органдардың рөлі» тақырыбына арналған парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысына қатысуға шақырды. Аталған іс-шараны биылғы желтоқсан айында Астанада өткізу жоспарланып отыр.
Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесуде әріптесін 27 қазанда аталған елде демократия мен мемлекеттің саяси жүйесін дамытудың жаңа кезеңін белгілеп берген сайлаудың сәтті өтуімен құттықтады.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев парламенттік диалогтің мемлекетаралық ынтымақтастық және өзекті мәселелерге қатысты сындарлы шешімдер қабылдау кезіндегі маңызды рөліне назар аударды. Сонымен қатар ол Қазақстан Парламентінің Сенаты мен Ресейдің Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия қызметінің нәтижелеріне және алдағы уақытта Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған жол картасына қол қоюдың маңызына тоқталды.