• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Наурыз, 2023

Алматылық дәрігер ұшақ бортындағы әйелді аман алып қалды

542 рет
көрсетілді

Алматыдағы № 4 клиникалық аурухананың дәрігері ұшақ бортында жүрек талмасына шалдыққан әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, наурыздың 24-інен 25-іне қараған түні қазақстандық туристер Мысырдың Шарм-эль-Шейх курортынан Алматыға қайтып келе жатқан.

Егде жастағы әйелде жүрек талмасының барлық белгілері байқалды. Ұшақ Алматыға қонғанша 4 сағат бойы медицина қызметкерлері реанимациялық шараларды жүргізіп, шұғыл көмек көрсетті.

«Бір кезде алдында отырған әйел әбігерге түсті әрі оның қолында нәресте болды. Содан кейін стюардтар ұшақта дәрігерлер бар-жоғын сұрады. Медицина университетінің студенттері және мен жауап бердік. Бастапқы тексеру кезінде миокард инфарктісінің даму қаупі бар деп күдіктендім. Әйел ес-түссіз жатқан, оған дейін құсқан, суық тер шықты, тамыр соғысы әрең сезілді, қан қысымы төмен болды. Содан кейін Хаттама бойынша әрекет еттік: тамырлық кіру жасадым, құсудан асфиксияны болдырмау үшін ауыз-жұтқыншақты тазаладық, содан кейін жүрекке түсетін жүктемені азайту үшін науқастың аяғын 60°-қа көтердік. Науқасты оттегі беретін Бобров аппаратына қостық. Студенттер белсенді түрде көмектесті», деді Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.

Дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде қан қысымы 80/60-тан 130/80-ге, қанықтылық 87-ден 96-ға көтерілген. Әйел есін жия бастаған.

«Шағымы жалпы әлсіздік болды. Алдымызда келесі мәселе туындады: кері ұшып, жақын жердегі Иран еліне қонып, жолаушыны ауруханаға жеткізу немесе оттегі жағдайын сақтап, Қазақстанға ұшуды жалғастыру. Құдайға шүкір, бұл рейс барлық қажетті дәрі-дәрмекпен және құралмен жабдықталған болатын, бұл бізге әйелді тұрақты жағдайда ұстауға мүмкіндік берді - үйге ұшамыз деген шешім қабылданды. Біздің міндетіміз – рейс соңына дейін өмірлік маңызды көрсеткіштерді сақтау болды», дейді дәрігер Нұржан Әжібеков. Қуанышқа орай, дәрігер жыл сайынғы еңбек демалысына шығып, сол күні отбасымен демалыстан кейін үйіне қайтып бара жатқан.

Куәгерлердің айтуынша, ұшақта болған дәрігер мен студенттердің арқасында науқас аман қалған. Ұшақта көмек көрсеткен С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттерінің есімдері де белгілі: Қажыров Дәулет, Жарқын Рахат және Саида Бармағамбетова.

Жақындарының айтуынша, Күлжамал Рахметтуллақызы қазіргі таңда өзін жақсы сезінеді. Ұшақ Алматыға қонғаннан кейін науқасты бірден ауруханаға жеткізген.