АСТАНА. 2 шілде. Павлодар өңірінің әкімі Қанат Бозымбаевтың өкімімен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы болып бекітілген Айнұр Мақсұтқызы Сәрсенбаева 1998 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Ақсу қаласының орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Содан кейін, Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. Ал осы тағайындауға дейін Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Сонымен қатар, аймақ басшысының өкімімен Гүлнәр Байсейітқызы Байсейітова облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды. Гүлнәр Байсейітқызы осы тағайындауға дейін облыс әкімдігінде бас инспектор болды.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: porementu.ru.