Украинадағы жағдайға байланысты Ресей мен Беларусь спортшылары көптеген байрақты бәсекеден шеттетілгені белгілі. Тіптен олар келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарынан да тыс қалуы әбден мүмкін. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) аталған мемлекет өкілдерінен жарысқа бейтарап команда ретінде қатысып, ХОК-тың туы астында өнер көрсетуді талап етіп отыр.
Ресей мен Беларусь бұл талапқа көне ме, әлде жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Көнсе, осы екі мемлекеттің спортшылары жеңіске жеткен жағдайда олардың әнұраны шырқалып, байрақтары көкте желбіремейді. Ол кезде біз тек ХОК-тың туын ғана көреміз. Бірқатар мемлекет бұл талапты орынды деп есептеп, толықтай қолдап отыр. Кейбіреулері, тіптен, ресейлік және беларуссиялық спортшыларды төртжылдықтың басты додасынан мүлде шеттетуді талап етуде. Осы күрделі мәселенің қалай шешілетінін алдағы уақытта білетін боламыз.
Иә, «Спорт – саясаттан тыс» дегенімізбен, саясаттың бұл салаға тікелей ықпалы барына жоғарыдағы жағдай айқын дәлел. Ресей мен Беларусьтен бөлек, аталған ұйым Ауғанстан, Иран, Гватемала және Үндістанға да қатты шүйлігіп отыр. Оның да өзіндік себебі бар. Мәселен, ХОК ауған билігін әйелдер құқығын шектегені үшін айыптайды. 2021 жылға дейін олар спортпен еш алаңсыз айналысып келген еді. Бірақ «Талибан» қозғалысы қайта билікке келгеннен кейін қатаң шектеу қойылды. Егер бұл талап орындалмаса, нәзік жандылар ғана емес, олардың бапкерлері мен отбасы мүшелері де қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге тоғытылады.
Ирандағы жағдай да шамамен сондай. Иә, Парсы елінің қыздарына спортпен шұғылданып, түрлі жарысқа қатысуға рұқсат берілгені рас. Бірақ шектеу көп. Атап айтсақ, әйелдер бәсекеге тек хиджабпен шығулары керек. Жарыс кезінде де, одан кейін де оны шешуге болмайды. Футбол матчтарын көру үшін бұрымдылар стадионға келсе, таяққа жығылып, зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ол аз десеңіздер, балуандарға Израильдің өкілдерімен күш сынасуға әсте болмайды. Егер жарыс жолында қос мемлекет өкілдерінің жолдары қиысса, ирандықтар күреспей-ақ жеңісті қарсыласына бере салады. Әрине, бұл – нағыз абсурд! Сонымен қатар Ирандағы дүмпу кезінде бірнеше танымал спортшы нақақтан нақақ темір торға қамалса, кейбіреуі өлім жазасына кесілді. Осындай оқиғалардың салдарынан Парсы елінің азаматтары отанынан қашып, жат мемлекеттерден пана тапты. Қазіргі кезде кейбір спортшылар басқа елдердің туы астында табысты өнер көрсетіп жатыр.
ХОК Гватемаланы «Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) төрағасын сайлау барысында «бармақ басты, көз қысты» әрекет орын алды» деп айыптап отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын Херардо Рене Агирре Остманн аталған ұйымның басшысы болып сайланған еді. Алайда оның басты бәсекелесі, кезіндегі танымал футболшы Хорхе Александр Родас бұл шешіммен келіспей, құзырлы органдарға шағым айтты. Арбитраждық сот Родастың сайлауда жеңіске жеткенін жария етті. Бірақ Остманның жылы орнын босатқысы жоқ. Осы екі шенеуніктің текетіресінің кесірінен Гватемала спорты зардап шегіп отыр. Бұл күндері олар жарыстарға тусыз шығып жүр. Егер алдағы уақытта осы мәселе оң шешілмесе, онда жаза бұдан да қатаң болатыны анық.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, былтыр Үндістанда жаңа спорт кодексі қабылданды. Бұл құжат ХОК-тың хартиясына сай болмады. Сонымен қатар жергілікті спортшылар мен осы салаға демеушілік көрсетіп жүрген ірі компаниялардың да көңілінен шықпады. Содан дау-дамай туындады. Алғашында оған үнділер аса мән бермеді. Дереу іске кіріскен ХОК бірқатар санкция енгізді. Сол кезде ғана сең қозғала бастады. Қазір аздаған ілгерілеу бар. Оның үстіне, биыл ХОК-тың кезекті конгресі Мумбайда өтеді. Міне, сол кезде барлық мәселе оң шешіледі деген ойдамыз.