Ұлттық ұланның 5514 әскери бөліміне барғанымызда аға сержант Біржан Нұрымғалиевтің жұмысымен жақынырақ таныстық. Сыртқы ұқыптылық пен ішкі жинақылық қатар байқалған жас командир сөзге сараңдау көрінгенімен, өзімен әңгімелесе келе сүйікті ісіне берілген маман екенін байқадық.
Біржан Талдықорған қаласының тумасы, әкесі құқық қорғау органдарында көп жыл жұмыс істеген азамат. Бүгінгі таңда құрметті еңбек демалысына шықты. Сондықтан «болашақта қандай мамандық иесі атанамын, кім боламын?» дейтін сұрақтар туындамайтын. Мектепті аяқтағаннан кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның әскери бөліміне барған. Сол жерде азаматтық парызын өтеген соң, туған жеріне оралып, әкесінің ақ батасымен құқықтық тәртіп әскерінің 5514 әскери бөліміне құжаттарын тапсырады.
«Осыдан сегіз жыл бұрын өз мамандығымды таңдағанда Отан алдындағы жауапкершілігімді сезіндім. Мұнда ешкім тегін киім, тегін тамақтану, оңай жалақы үшін келмеуі керек. Мұнда кез келген азамат ел алдындағы жауапкершілігін сезініп келгені жөн. Сонда тағдырдың талайына төзіп, қиыншылығына төселесің. Әскери қызметте оңай болмайтынын білдім. Өз тағдырымды таңдадым. Бүгінде таңдауыма өкінбеймін», дейді ол.
Біржан сарбаз кезіндегі старшинасы мен взвод сержантына айтар алғысы мол. Олар бір жыл бойы сарбаздар үшін жақындарын алмастырды. Олар үшін жауапкершілікті алып, қамқорлығын танытты. Сондай-ақ рота командирі болған бүгінде 5514 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрсұлтан Төлегенге де айтар алғысы зор.
«Әскери бөлім командирінің орынбасары болып подполковник Нұрсұлтан Төлеген келгенде іштей қуанғанымды жасырмаймын. Ол офицер менің рота командирім болды. Бір жыл бойы оның қоластында қызмет атқардым. Мені де бірден таныды. Бүгінде әскери бөлімдегі оң өзгерістер де бөлімнің бас тәрбиешісіне байланысты. Сонымен қатар өзімнің старшинам мен взвод сержанты, бөлімше командирлеріне айтар алғысым көп. Олар мені жауынгер етіп тәрбиеледі. Мен де алған білімім мен тәжірибемді қызметімде қолданып келемін. Жауынгерлік дайындықтың жоғары болуына үлесімді қосамын. Сарбаздардың ширақ болуына, шымыр болуына мен бір адамдай үлес қосып жатқаныма іштей ризамын», деп ағынан жарылды аға сержант Б.Нұрымғалиев.
Біржан Ерланұлы – ісіне мығым, сөзіне сақ азамат. Әр сөзі қорғасындай салмақты. Әкесінен бері жалғасып келе жатқан тәлімі мен өзінің туа біткен жауапкершілігі оны топтың ішінен алып шығып, үздіктердің қатарына қосты. Ол туралы жоғарыда сөзге қосқан 5514 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрсұлтан Төлеген: «Үздік сержант болу үшін алдымен тәрбиелі азамат болған жөн. Сонымен қоса, әскери қызмет атқару барысында да болашақ әскери маман білінеді. Біржан Ерланұлын сарбаз кезінен білемін. Сол кездің өзінде сертке берік сарбаз болатын. Бүгінде өмірін Ұлттық ұланмен байланыстырып, 5514 әскери бөліміне келгенін құп көрдім. Біздің ортамызда үздіктер көп болса, қызметіміздің барлық саласы алға басады», деді.
Еліміз қашан болсын ерлерге сенім артатыны белгілі. Тек әскери антына берік Біржан секілді азаматтар жеке құрамды ерлікке бастап, елге қорған бола білмек.
Дарын СЕЙІТОВ,
әскери журналист